Беларусьтің қоғамдық-саяси қайраткері Владимир МАЦКЕВИЧТІҢ belaruspartisan.by сайтына манифесі жарық көрді. Манифесте танымал философ Ресейдің Беларусь Республткасын «жұтып қоюы» мүмкін болған жағдайда қандай әркетке баратынын көпке жария етеді. Оның айтуынша, Беларусь елі алты президенттік сайлауалды бағдарламасының үшеуі Тәуелсіздік атрибуттарын танудан бас тартқан 1994 жылдан бері осы қауіпті басынан өткеріп келеді. Ал былтырдан бері Ресейге қосылуға үндейтін әлдебір саясаттанушы, сарапшылардың пікіріне, жалған жаңалықтарға толы ақпараттық кампанияның күшейе түскені аңғарылған.

-Мен Беларусь пен Ресейдің инкорпорациясы жайлы мәселе соңғы ондаған жылдар бойы Кремльдің күн тәртібінен түспегенін білемін…  Мен ресейлік үгітшілердің Беларусь жайлы бір-біріне қарама-қарсы екі мифті таратып отырғанынан да хабардармын. Негізгі миф беларустар мен орыстар бір халық, бір-бірінен айырмашылығы жоқ, барлық беларустар дәл қазір айтсаң да Ресейге қосылып кетуге дайын тұр, тек Лукашенко мен оның айналасы бұған кедергі жасап отыр дегенге саяды. Екінші миф, керісінше, Беларусті Украина жағына қарай «жығып», «батысшылдар», ұлтшылдар, «бендершілер» барын айтып, енді болмаса беларусь майданы орын алайын деп тұрғанын, Ресейдің қалай болғанда да соның алдын алуы керектігін айтады» дейді Мацкевич.

«Мен ешқашан Ресей азаматы болмаймын! Ал сіз ше?»

Саясаткер Беларусьтің  Ресеймен  Одақ мемлекет құру жөніндегі келісімге келуінен қатты ұтылғанын айтады. Өкінішке қарай, беларустар бір кездері өздеріне берілген үлкен мүмкіндікті жіберіп алды, дамуы ондаған жылдарға кері шегініп, экономикасынан бастап, білім, кино, туризм салаларына дейін артта қалды, тілі де жойылудың аз алдында тұр. Осындай олқылықтарды тізе келген Мацкевич сөз болып отырған инкорпарация екі ел үшін де тиімді болмайтынын, тіпті, Ресейдің өзінде оны түсініп, шарасыз халде отырғандар барын айтады.

«Мен Лукашенконың тәуелсіздік пен егемендік жайлы сөздері – бос риторика екенін білемін. Ол үшін құнды дүние де, мақсат та – тек билік. Әзірге Беларусь тәуелсіздігі мен егемендігі оның билігінің шарты болып отыр. Ол, егер бағасына келісетін болса, басқа шарттарды да қабылдауға әзір. Тәуелсіздік саудасы жиырма жылға жуық уақыттан бері жалғасып келеді, оның қомақты бір бөлігі әлден сатылып та кеткен. Бірақ, мен Ресей мен Беларусь президенттерінің бұл жолы не жайлы саудаласып отырғанын, саудаға қандай бағамен, нені қойғанын білмеймін» деген ел жанашыры жалғыз-жарым қарсылық танытып, ештеңеге қол жеткізе алмайтынын, сондықтан, қоғам болып нақты позиция ұстану керектігін алға тартады. Өкінішке қарай, ол беларустардың өз арасында Ресеймен қосылуды расымен де жақтайтын, батыстың ықпалынан негізсіз қорқып, кеңестік кезеңді аңсайтын, сондай-ақ, «маған қарап тұрған не бар дейсің» дегендей пассивтік көзқарас ұстанып отырған топтардың барын жоққа шығармайды. Сонымен қатар, 21 ғасырда бұрынғыдай партизанщинаның күні өткенін, халықтың санасына ықпал ету үшін басқа тетіктерді қарастыру керектігін де еске салады.

Сонымен не істемек керек? 1998 жылдың қазан айында Мацкевич сол кездегі елдегі демократиялық кәсіподақтар ұйымының басшысы Геннадий БЫКОВ және басқа да ықпалды тұлғалардың қолдауымен билікке Үндеу жолдап, оған Беларусьтің 120 мыңнан астам азаматы қол қояды. Бұл рекордты одан бері ешкім жаңғыртқан жоқ, бірақ, автордың ойы тағы да осынша «қол» жинау емес, ол үшін маңыздысы – елдің тәуелсіздігін сақтап қалу және тұрғындардың сол жолдағы азаматтық жеке позицияларын жеткізе білуі.

«Мен апаттың алдын алғым келеді, жеңіске жеткенді қалаймын.  Көп адамның да осыны қалайтынын білемін. Бірақ, біздің санымыз қанша? Оны білмеймін…

Мен қандай жағдайда да ресейлік немесе қандай да бір одақтың азаматтығын қабылдамаймын. Басқалар түгелдей қабылдаса да солай жасаймын.

Мен оқиға қалай өрбісе де елден көшіп кетпеймін, қашып кетпеймін. Тіпті, оккупация болған жағдайда да тәуелсіз Беларусьжайлы арман өлмеуі тиіс! Бұл арманды тек елде тұратын адамдар ғана сақтап, келесі ұрпаққа жеткізе алады. Арман мен мақсат. Мақсат бар кезде оған қол жеткіземіз деген үміт те бар.

… Тәуекел неғұрлым үлкен, мақсат соғұрлым маңызды  болған сайын, қателік те тым қымбат. «Бүгін ерте, ертең кеш». Асығу зиян болса, кешігу — қауіпті.

Мен – тәуелсіз Беларусь Республикасының азаматымын, тәуелсіздіктің сатқындары қанша болса да, қандай қадамға барса да, мен өмірбақи осы қалпымда қаламын».

Осылайша, елінің азаттығы қыл үстінде тұрған сәтте азаматтық ұстанымын ашық айтудан жасқанбаған Вламидир Мацкевич соңғы шешімді түптің түбінде көпшілік қоғам қабылдайтынын айтып, атышулы манифесін «Мен Ресейге қосылғым келмейді! Сіз ше? Мен ешқашан ресейлік, Ресей азаматы болмаймын» Ал сіз ше?» деген ащы сауалдармен аяқтайды.

Фото: babruysk.by

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.