Нью-Йорктің федералдық прокуратурасы ресейлік заңгер Наталия Весельницкаяны Prevezon Holding компаниясының 230 миллион долларын заңдастырмақ болған істі зерттеуге кедергі келтірді деп айыптады. Бұл жөнінде АҚШ әділет министрлігінің ресми сайтында жарияланды.

Бұл іске ресейлік танымал бизнесменнің тікелей қатысы болған. Бірақ әзірге оның аты-жөні аталмайды. Ал Весельницкая — Prevezon Holding компаниясының адвокаты.

Весельницкая 2016 жылы маусымда Нью-Йорктегі Трамп-Тауэр кеңсесінде президент Дональд Трамптың ұлы кіші Дональд Трамппен  кездескен. Кездесуге Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер мен сол кездегі президенттің сайлауалды штабының жетекшісі Пол Манафорт қатысқан.

Хабарламада АҚШ әділет министрлігі Ресей билігінен тергеуге көмектесуін сұрағаны айтылады. Бірақ Мәскеу жауап ретінде жауапкерлерді ақтайтын жалған ақпарат жіберген. Ресей өз есебінде ақшаны заңдастыруға Hermitage Capital қорының негізін қалаушы Уильям Браудердің қатысы бар деген.

Айыптау құжатында Весельницкаяны АҚШ тергеу органдарына жауап дайындау үшін, ресейлік жоғары лауазымды прокурорлармен құпия байланыс орнатқан делінген. Әділет министрлігі ол осылайша сотты жаңылыстырып отыр дейді.

2017 жылдың мамыр айында Кипрде тіркелген Prevezon Holdings компаниясы Ресей қаржысын заңдастыру ісіне қатысты АҚШ-пен келісімге келген. Компанияның қожайыны ол кезде «Ресей теміржолы» компаниясы вице-президентінің ұлы Денис Кацыв болған. Компания істі ақтау үшін АҚШ-қа алты миллион доллар айыппұл төлеуге келіскен. АҚШ билігі бұған жауап ретінде Prevezon Holdings Ресейде ақша заңдастырмады деп мәлімдеген.

Весельницкаяның өзі инвестор Уильям Браудерді жиі айыптап сұқбат беріп келді. Бұл істі тергеу барысында заңгер Сергей Магнитский қаза болды. Бұдан бөлек, Весельницкая Браудердің «қылмысын ашатын» бірнеше фильм көрсеткен.

БАҚ-тың жазуынша, Весельницкая 2016 жылы Нью-Йорктегі кездесуінде Трамптың кеңесшілеріне өзінде Хиллари Клинтонды «әшкерелейтін материал» барын айтқан. Ал Кушнер бұл кездесуді «уақытты бос өткізу болды» деп атаған.

Трамптың ұлы болса, кездесу жайында әкесі білмейтінін әрі Клинтонды әшкерелейтін ешқандай материалдар алмағанын мәлімдеген.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.