Алматының Әуезов аудандық сотында белсенді Дильнар Инсеноваға қарсы іс бойынша сотта үкім оқылды. Азаттық радиосы тілшісінің хабарлауынша, судья Ерхан Тотыбай Дильнар Инсенованы Қылмыстық кодекстің 189-бабымен («Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу») айыпты деп танып, бас бостандығын екі жылға шектеу жазасын кесті.

Дильнар Инсенованың үстінен сот процесі желтоқсанның соңында басталған. Оның үстінен Алматы қалалық жұмыспен қамту орталығы азаматтық шағым түсіріп, «жымқырған бюджет қаржысын қайтаруды» талап еткен. Прокуратура Инсенованы 189-бап бойынша қылмыстық жауапқа тартуды талап еткен.

Сот тергеуі бойынша, Инсенова өзінің тұрғындарды дәрігерлік-әлеуметтік қорғау қоры арқылы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа тартқан. Алматы қалалық жұмыспен қамту орталығы қоғамдық ұйымға жұмыс істеген мүгедектерге төлейтін жалақы аударып отырған. Жұмыспен қамту орталығы Инсенова ол ақшаны мүгедектерге толық төлемей, 2 миллион теңгеден астам қаржыны өзі жұмсағанын айтады.

Сот барысында Инсенова жымқырды деген қаржыны өтегені туралы түбіртегін көрсеткендіктен, судья азаматтық шағым бойынша істі тоқтатты.

Соттың жарыссөз кезеңінде Инсенова өзіне тағылған айыпты мойындайтынын, бірақ ісіне өкінбейтінін мәлімдеді.

Судья үкім шығарарда оның кәмелет жасына толмаған екі баласы барын және қылмысын мойындағанын ескеріп, бас бостандығынан айыру емес, шектеу жазасын кескенін айтты.

Инсенова сот үкіміне апелляциялық шағым түсіретінін жеткізді.

Тұрғындарды дәрігерлік-әлеуметтік қорғау қорының жетекшісі әрі Құқық қорғаушыларды қорғау және қауіпсіздік мәселелері бойынша коалицияның мүшесі Дильнар Инсенова ипотекаға үй алып, қарызын төлей алмай жүрген азаматтардың акцияларына қатысып белгілі болған. 2015 жылы қазанда оған Ұлттық банк алдында рұқсат берілмеген наразылық акциясын ұйымдастырды деген айыппен айыппұл салынған.

2018 жылы қаңтарда Инсенова өзін пәтерінен күштеп көшірмек болғанда наразылық танытқан.

Дереккөз: Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.