Парламент мәжілісінің сәрсенбі күнгі жалпы отырысында депутат Нұртай САБИЛЬЯНОВ Қарағанды қаласында болған оқиғаға байланысты депутаттық сауал жолдады. Бір топ депутаттардың атынан сөз алған Н. Сабильянов сауалын ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен АБАЕВТЫҢ атына арнады.

– Менің депутаттық сауалым, 1 қаңтар күні Қарағанды қаласында адам қазасымен аяқталған оқиғаға байланысты болып отыр, – деп бастады сөзін мәжіліс депутаты Н. Сабильянов.

 – Алдымен өзімнің және депутат әріптестерімнің атынан марқұм Жансейіт Рахымжанның барлық жақындары мен туған-туысқандарының ауыр қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз. Қазіргі таңда құқық қорғау органдары осы жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғап, жан-жақты тергеу жұмыстарын жүргізіп, кінәліларды анықтау үшін тиісті шаралар қолдануда. Осы қылмыстық іске қатысы бар адамдар әділ жазасын алады деп сенеміз. Заң алдында жұрттың бәрі тең. Дегенмен, бұл оқиғаға байланысты кейбір ақпарат құралдарында түрлі мәліметтер айтылуда. Біздің басты мақсатымыз бұл — саяси тұрақтылық пен қоғамдық татулықты сақтай отырып, экономикалық дамуды жалғастырып, біртұтас мемлекетіміз – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін тұғырлы, баянды ету. Осыған байланысты, құрметті Дәурен Әскербекұлы, Сізден бұқаралық ақпарат құралдарындағы аталған оқиғаға қатысты материалдардың объективті, тексерілген және нақты болуын қамтамасыз етуіңізді сұраймыз.

Әріптесінің бұл сауалына мәжіліс депутаты Наринэ МИКАЕЛЯН да қолдау білдірді.

– Бүгінде біздің Қазақстанымызда 100-ден астам ұлт өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр, – деді депутат Н. Микаэлян. – Бұл – біздің басты құндылығымыз. Бұл – біздің басты байлығымыз. Сондықтан, еліміздің татулығын, ынтымақтастығын, бейбітшілігін көздің қарашығындай сақтауымыз қажет. Осы орайда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі мен жауапкершілігі ерекше екені сөзсіз. Сол себептен, ақпарат және коммуникациялар министрлігі осы мәселені жүйелі түрде және басты назарда ұстауын сұраймын.

Фото: informburo.kz

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.