БҰҰ Сауд Арабиясының 18 жастағы азаматшасы Рахаф Мохаммед әл-Кунунға босқын мәртебесін берді. Бұл туралы Австралия ішкі істер министрлігі хабарлады. Әл-Кунун босқын мәртебесін беруді осы ел билігінен сұраған.

БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі агенттігі Австралия билігінен Рахаф Мохаммед әл-Кунунға көмектесуді сұрады. Австралия үкіметі қыздың өтінішін ел заңдарына сай тәртіпте қарауға уәде берді. 

Рахаф Мохаммед әл-Кунунның мәлімдеуінше, оның австралиялық визасы болған, ол өз отбасынан осы елге қашқысы келген.

Таиландта әл-Кунунның әкесі мен бауыры жүр, бірақ ол туыстарымен кездесуден бас тартты.

Әл-Кунун 6 қаңтар күні Кувейтте отбасымен бірге демалып жүргенде Таиландқа қашып кеткен. Бірақ ол Бангкокте ұшақтан түскен уақытта төлқұжатын Сауд Арабиясы елшілігінің өкілі алдап алып қойған. Одан кейін қыз Бангкок әуежайындағы қонақ үй бөлмесінен шықпай қойды. Бір тәуліктен соң Таиланд билігі Рахафты еліне немесе Кувейтке қайтармайтынын мәлімдеді. Оны қонақ үйден БҰҰ өкілдері алып кетті.

BBC телеарнасына сұхбат берген қыз исламнан бас тартқанын, бұл ісі өзін Сауд Арабиясында өлім жазасына кесетінін мәлімдеген.

Сауд Арабиясының билігі соңғы жылдары әйелдерге қатысты кейбір шектеулерді жоя бастағанымен, бұл елде әйелдер құқығы әлі де қатаң шектеледі.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.