Бүгін Ақтөбеде былтыр бүкіл полицейлерді аяғынан тік тұрғызған Санат АҒАДИЕВКЕ қатысты сот отырысы басталды. Алайда, күдікті сот процессіне қатысқан жоқ. Сотталушының  заңды өкілі — әкесі Әлмұхамед АҒАДИЕВ ұлының жүйке жүйесі ауруларынан емдейтін орталықта емделіп жатқанын айтты.

«Болған жағдайды шешесі екеуміз жақынымыздың қонағасында отырғанда естідік. Ұлым гаражда тұрған көлікті мініп кеткен. Мен байқамадым. Мына жерде көлігін бүлдіргендер шығын келтірді деп жатыр ғой. Оны қалай алады, кімнен өндіреді- үкімет өзі алып береді ғой, заң бар реттелген. Мен зейнеткермін, менен өндірсін дегеніне енді келісе алмаймын, заңда қалай көрстілген солай болады деп ойлаймын»,- дейді Әлмұхамед Ағадиев. 

Оқиға 2018 жылдың  қыркүйек айының оны күні болған. Сәнкібай батыр даңғылында мемлекеттік нөмірі 497LDA04 Toyota Land Cruser 200 авария жасап, жүргізуші қашып кетеді. Полиция қашқын жүргізушіні Сәнкібай батыр мен Ғ. Жұмабнова көшелерінің қиылысында ұстайды. Санат Ағадиев  полицияға пышақ ала жүгіріп қарсылық көрсеткен. Тәртіп сақшылары аспанға екі рет оқ атып ескерткесін күдікті берілген. 

Артынша сот-медициналық сараптамасы кезінде ер адамның есірткі шегіп алғаны анықталды.  Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы Азамат БАЙБОЛАТОВ сотталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің « Бұзақылық», «Билік өкiлiн қорлау», «Билік өкiлiне қатысты күш қолдану» секілді бірнеше баптары бойынша айыпталып отырғанын жеткізді.  Жәбірленушілердің арасында көлігі бүлінген тұрғындардан бөлек полицейлер де бар. Олар да сотта жауап беріп жатыр. Сотталушының істі болып отырғаны бірінші рет емес. Мемлекеттік айыптаушы оның бұған дейін де бірнеше рет жауапқа тартылғандығын баяндады.

Фото автордікі.

 

 

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.