9 қаңтар Шымкент қалалық соты билік шешімімен жабылған Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының бұрынғы жетекшісі Лариса Харькованың апелляциялық шағымын қарай бастады.

Харькова қаладағы жедел жәрдем станциясы кәсіподақ комитетінің төрайымы Сәуле Әбдібаеваның Харьковадан 2,5 миллион теңге өндіріп беру туралы арызын қайтарып алған. Кейін Еңбекші аудандық соты ісиі тоқтатқан. Ал Харькова азаматтық істі тоқтатуына қарсылық білдіріп, апелляциялық шағым түсірген.

Лариса Харькованың айтуынша, «Сәуле Әбдібаеваға 2,5 миллион теңге бергенін растайтын құжаттары бар екенін айтқанымен, оны сотқа әкелмеген. Іс тоқталылғанымен Әбдібаева қалаған уақытында бұл арызын тағы жазуы мүмкін».

— Маған істің тоқтағаны тиімсіз. Сот істі қараудан бас тартуы керек еді. Сонда ғана Әбдібаева қайта арыздануға құқығы болмайды. Әбдібаева сотқа ешбір дәлел келтіре алмады. Дәлелі болмай тұрып арыз жазғаны үшін де жауап беруі керек — дейді ол.

Сот отырысына Харькованың өзі мен сенімді өкілдері, белсенділер мен адам құқұғын қорғайтын ұйымдар, Әбдібаеваның қорғаушысы Дәулет Байсейітов қатысты. 

Әбдібаеваның адвокаты Дәулет Байсейітовке сотта өз дәлелдерін айтып жатқанда Харькова «мынадай өтірікті тыңдай алмаймын» деп сот залынан шығып кетті. Судья тараптарды тыңдап болған соң жұмыс уақытының біткенін айтып, істі 10 қаңтарға қалдырды.

12 қарашада Шымкенттегі Еңбекші аудандық соты Харьковаға қарсы азаматтық шағымды қарауды тоқтатқан.

Қаладағы жедел жәрдем станциясы кәсіподақ комитетінің төрайымы Сәуле Әбдібаева Харьковадан 2,5 миллион теңге талап етіп, сотқа шағымданған. Әбдібаеваның айтуынша, жедел жәрдем станциясының кәсіподағы бұрын Харькова басқарған тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясына 2,5 миллион теңге аударған. 

Ал Шымкент қалалық әділет департаменті Сәуле Әбдібаева басқарып отырған қазіргі кәсіподақ бұрынғы жедел жәрдем станциясы кәсіподағының заңды мұрагері бола алмайтынын мәлімдеген. Департаменттің осы құжатына сүйенген судья істі тоқтатқан.

Бұған дейін Шымкенттегі Еңбекші аудандық соты Лариса Харькованы «бөтеннің сеніп тапсырған мүлкін алаяқтықпен әрі аса ірі көлемде жымқырған» деп айыптап, бас бостандығын төрт жылға шектеп, мүлкін тәркілеген. Қазақстанда сотталған бұрынғы кәсіподақ басшылары Лариса Харькова, Нұрбек Кұшақбаев және Әмин Елеусіновке халықаралық Артур Свенссон атындағы сыйлық берілген.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.