9 қаңтар күні Ақтөбе қалалық соты 1974 жылы туған Санат Ағадиевке қатысты қылмыстық істі қарай бастады. «Есірткі қолданды» делінген Санат Ағадиев 2018 жылғы 10 қыркүйек күні Toyota Land Cruiser көлігімен «Ақтөбенің орталық көшесінде бірнеше көлікті соғып, полицияға қарсылық көрсеткен».

Тергеу оған Қылмыстық кодекстің 293-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы (бірнеше рет бұзақылық жасау), 246-бабының 1-бөлігі (салық төлемеу), 378 бабының 1-бөлігі (билік өкілін қорлау) және 380-бабының 1-бөлігімен (билік өкіліне күш қолдану) айып тағып отыр. Айыпталушының өзі сот отырысына қатысқан жоқ. Санат Ағадиевтің заңды өкілі, зейнет жасындағы әкесі Әлмұхамбет Ағадиевтің сөзіне қарағанда, айыпталушыны мәжбүрлеп емдеуге жіберген.

Ал сот-медициналық сараптама қорытындысына сілтеме жасаған прокурор Ағадиевтің бірнеше жыл бұрынғы төбелес кезінде басы жараланып, емделмегенін, кейін есірткі шегіп, ішімдікке әуес бола бастағанын айтты.

— Тергеу Ағадиевтің бұған дейін де бірнеше рет әкімшілік, қылмыстық жауапқа тартылғанын анықтады. Ол сот шешіміне сай, 2022 жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айырылған. 2018 жылғы 10 қыркүйек күні ол есірткі шегіп, көлік жүргізген кезде ақыл-есі дұрыс болмаған, — деді прокурор.

2018 жылғы 10 қыркүйек күні кешке әкесінің Toyota Land Cruiser көлігін айдап әкеткен Санат Ағадиев көшеде Lada және Kia Picanto маркалы екі көлікті соғып, жалпы сомасы бір миллион теңгеден астам шығын келтірген. Жәбірленушілер соттан материалдық шығынды өндіріп беруді сұрады. Өзінің зейнеткер, ұлының науқас екенін айтқан Санат Ағадиевтің әкесі Әлмұхамбет Ағадиев бұл талаптарды орынсыз деп санайды. Көлік иелерінен бөлек сотқа жәбірленуші ретінде полицияның төрт инспекторы қатысты. Олардың айтуынша, көлігінен түсіп, полицияға қарсылық көрсеткен Санат Ағадиевтің қолында «пышақ болған».

— Ағадиев полиция қызметкерлерінің талабына бағынбады. Пышақ кезеніп, балағаттады. Осыдан соң ескерту ретінде аспанға оқ атуға мәжбүр болдым. Оның заңға сай жазаланғанын қалаймыз, — деді жол-патрульдік полициясының аға инспекторы Нариман Аманғалиев.

Судья Ербол Әбдіхалықов бұл қылмыстық іске қатысты жарыссөз 16 қаңтар күні өтетінін хабарлады.

Дереккөз: Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.