Алматы облысына қарасты Көксу ауданының мектептерін жылыту маусымына (2018-2019) 124 млн. 454 мың теңге бөлінген. Алайда жылынбайтын мектептер де бар екен. Жылы кабинетте отырған аудандық білім бөлімінің басшысы Тілеумұрат СЕЙІТНИЯЗ ата-аналардың бұл сөзін жоққа шығарады.

Балаларымыз білім аламыз деп ауруға шалдығып жатыр!

Мектепте оқитын балаларының тағдырына алаңдаған Алматы облысындағы ата-аналар осылай деп Жас Алаш тілшісіне шағымданды. Айтуларынша, Алматы облысы, Көксу ауданы, Теректі ауылындағы Темірғали ИСАБАЕВ атындағы мектеп дұрыс жылымайды. Жылы күннің өзінде сыныптағы температура 8-10 градустан аспайды. Ал, қатты аяз болғанда оқушылар сырт киіммен отыруға мәжбүр дейді ата-аналар.

Алматы облысы: Мектеп суық, бала ауру

«Балаларымның бәріне антибиотик салдырамын.  Дәрінің күшімен ғана суықтан аман жүр. Бұлай болмайды, шара қолдану керек қой. Мәселені талай рет көтердік. Бар болғаны, бәрін реттейміз, алаңдамаңыздар деп шығарып салады», — дейді Теректі ауылының тұрғыны Сабина ХОДЖИЕВА.

Жауаптылардан көмек күтіп шаршадық деген ата-аналар проблеманы шешу үшін арнайы қамқоршылық кеңес құрған. Мәселені жіті тексерген соң, қосымша 14 тонна сұйық отын қажет екенін анықтап, аудандық білім бөліміне өтініш жазғандарын айтады. Алайда, әкімдіктегі жауапты мамандар бұл өтінішті тағы да жауапсыз қалдырған көрінеді.

Алматы облысы: Мектеп суық, бала ауру

«Наурыз айында мектепте сұйық отын таусылуы мүмкін. Бұл қиындықтан қалай шығамыз? Мәселе осыда. Әзірге екі жолды ғана көріп тұрмыз, соның бірін таңдау керек. Қолда бар 33 тонна отынды үнемдеп жақсақ, мектепті қажетті жылумен қамтый алмаймыз. Керісінше, балалар тоңбасын десек жоспардан үнемдеу мәселесін алып тастауымыз керек», — дейді тағы бір ата-ана Евгения РЕМИЗОВА

Балаларының тағдырына алаңдап, мектептегі жылу мәселесін көтергендер қазір директор тарапынан қысым артқанын айтып шағымданады. Сол себепті, бұрынғыдай  мектепке кіріп, сыныптағы жағдайды өз көзімізбен көре алмай отырмыз дейді. 

Мектеп о баста 640 оқушыға есептеп салынған екен. Көлемі — 3100 шаршы метр. Мектепке дейінгі шағын орталығын қосқанда қазір мұнда небәрі 136 оқушы білім алып жатыр. Директордің сөзінше, білім ошағының жылыту жүйесінде ешқандай проблема  жоқ. 14 жыл бойы бөлініп келе жатқан сұйық отын көлемі 33 тоннаны құрайды. Бұл ғимаратты қажетті жылумен қамтуға жеткілікті екен.

Алматы облысы: Мектеп суық, бала ауру   

«Солярка уақытында бөлініп тұрады. Біз ешқандай қиыншылық көріп тұрған жоқпыз. Алып бара жатқан суық жоқ. Балалар сырт киіммен отырған жағдай біздің мектепте болған емес. Баланың денсаулығын сақтау үшін мектепті жылы ұстау біздің міндетіміз», — дейді мектеп басшысы Айгүл АЙТҚҰЛОВА.

Директор проблема жоқ деп сендіргенмен, сыныптарда қосымша жылыту құрылғылары тұр. Мектепке дейінгі шағын орталықта да сондай жағдай.  Ата-аналардың сөзінше, күн қатты суытқанда оқытушылар калорифер қосып, мектепті осылай жылытуға мәжбүр. Бұл мәселе шешілмесе балаларымызды жақын маңдағы мектептердің біріне ауыстырудан басқа амалымыз жоқ дейді.

Алматы облысы: Мектеп суық, бала ауру

Фотолар автордікі. 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.