Жаңа келген доңыз жылының алғашқы алты күні, сөзсіз, қазақ тарихына кіретін болады. Мәселе тіпті ойламаған жерден қазақ азаматтарының бірігіп, халық болып көшеге шығып, діттеген мақсатына жетіп, билікті райынан қайтарғанында ғана емес. Осы бір мінездің барша жұртты елең еткізіп, бірнеше күн бойы интернет пен әлеуметтік желілерге телміртіп, «әй, қазағым, бар екенсің ғой!» дегенінде де емес. Тіпті бұл мәселенің өршіп, Қазақстан мен Армения мемлекеттерінің қарым-қатынастарына сызат түсіргенінде де емес. Ең бастысы, Қарағандыдағы жағдай қараңғыдағы елдің көзін ашты десе де болады.

Қарағандыда не болды?

Ресми дерек көздеріне сенер болсақ, әңгіме барысы былай: «Қаңтардың 1-і күні Қарағанды қаласындағы «Древний Рим» дейтін ресторанда жанжал болған. Оның арты жаппай төбелеске айналған. Төбелес кезінде бір адам қаза тапқан және үшеуі жарақат алған. Жарақат алғандардың дені пышақталған. Құзырлы орган ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы (кісі өлтіру) және 293-бабы (бұзақылық) бойынша қылмыстық іс қозғаған. Қазірге дейін жүргізілген тергеу жұмыстарының нәтижесінде жанжалға қатысы бар дегендердің үшеуі ұсталған және біреуіне іздеу салынған. Сондай-ақ қазір әлеуметтік желілерде тарап кеткен ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Онда екі адам қаза тапты делінген және жанжалға ұлтаралық сипат берген. Шындығында, жанжал екі компания арасында болған және ұлтаралық сипат алмаған. Өйткені әр топта қазақтар да, өзге ұлт өкілдері де болған».

Облыстық меморгандар таратқан осы бір ақпаратты өз сөзімізбен түсіндіруге тырысалық. Аталмыш мейрамханада қызып алған екі үлкен топ жаңа жылды атап отырады. Әңгімеден әңгіме шығып, тойдың шырқы бұзылып, екі топтың өкілдері (екеуінде де әртүрлі этнос өкілдері болуы ықтимал) алдымен дәлізге, соңынан көшеге шығып төбелес шығарады. Бұл төбелестің өзі, интернет желісіне тарап кеткен кадрларға сенсек, біраз уақытқа созылған көрінеді.

Осы арада өзінің қарындасын үйге алып кетем деп мейрамханаға келген, осы екі топқа да қатысы жоқ 23 жасар Жансейіт Рақымжан деген азаматымыз пышақтан ауыр жарақат алып, көз жұмады (марқұмның туған-туыстарына шын жүректен қайғырып көңіл айтамыз). Пышақ ала шапқандардың ішінде, түсінуімізше, негізінен, облыстық армян диаспорасының өкілдері мен елде гастарбайтер болып жүрген Армения азаматтары болған болуы керек (бұны тергеу нақты анықтар деп сенеміз). Алайда жағдай бұнымен бітпеген. Екі жақ та өз таныс-тумаларына хабарласып, қосымша күш жинай бастаған. Абырой болғанда, полиция қосындары келіп, екі жақты да таратып, ұстағанын ұстағандай болған, қашқанын қуғандай болған…

Адам өлімі демесек, мұндай жағдайлар еліміздің әрбір түкпірінде болып жатады. Артынан бірер адам сотталып, бірнеше адам айыппұл төлеп, тағы бірері бірнеше тәулікке қамалып, түк болмағандай тарап, артынан достармен лепіріп отырғандағы қызу, бөспе әңгіменің өзегіне айналар еді. Алайда Қарағандыда бұлай болмады.

Таңғы алтыға таман тәмамдалған «Древний Рим» мейрамханасындағы эпопея жалғасын тапқан. «Қандастарымызды жаппай бауыздапты!», «Кавказдықтар қазақтарды басынып жатыр!» деген ақпараттар барша әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы тарап, айналадағы көзі ашық, епті деген азаматтарды соның маңына жинай бастапты. Дүрліккен жұрт «осы бізді кім көрінген неге басына береді, осы?» деп, облыс, қала басшылығын, полиция басқармасын жайлай бастайды. Бұрын-соңды халықтың мұндай ашу-ызасын көрмеген билік органдары абдырап, не істерін білмей де қалғандай әсер болды. Ресми ақпараттардың жоқтығы, ешбір газет немесе телеарналардың ақпарат таратпауы мәселеге қалалық емес, халықтық сипат бере бастады. Соның нәтижесі болар, билік есін жиып, сенбіге дейін мұрсат сұрап, жағдайды барынша анықтап, жұртқа нақты жауабын береміз дегендей уәде берді.

Аталған сенбіде облыстық полиция басқармасының қасына кемі 1-1,5 мың адамдай азамат жиналып, биліктен есеп сұрады. Оларды алғашқы кезекте арнайы полиция жасақтары, шатырдағы мылтық кезенген снайперлер, көшедегі ауыр техника мен автобустар күтіп тұрды. Құдайға шүкір, бұл жолы Жаңаөзен оқиғасы қайталанған жоқ. Жұрт алдына шыққан облыс әкімі Ерлан Қошанов қолына мегафон алып, барша болған жай туралы есеп берді. Артынан прокуратура, полиция өкілдері, ел азаматтары сөз алып, ойларын ашық ортаға салды. Жұрт қылмысқа қатысы бар деген сегіз адамның анықталғанын, олардың біреуінің сыртқа қашуға тырысқанын естіді. Ешбір жендет пен қылмысты жауапкершіліктен құтылып кетпейді, тергеу әділ һәм ашық жүргізіледі, сот ашық және заңға сай болады деген облыс басшылығының сөзіне сеніп, үйлеріне тарағандай болды. Осыған бола биліктің төрт-бес күн бойы тайм-аут алуына жөн болсын дегеннен басқа айтарымыз жоқ, шынын айтқанда. Бұның барлығы да дүйім жұрт жақсы білетін, көзге көрінген, айдан анық ақпараттар. Бұған көп тоқтай бергеннің қажеті жоқ шығар.

Тергеу мен сот жауап беруге тиісті тосын сұрақтар

Жаңажылдық кешті атап өтетінін білетін, онда көп адам жиналып, қызу отыратынын білген «Древний Рим» деп аталатын атқорадай тойхананың басшылығы алдын ала неге қамданбаған? Күзетшілерінің санын арттырып, полициямен неге қарым-қатынасқа шықпаған? Төбелестің басталғанын көріп отырған, арасында жүрген мейрамхана басшылары мен күзетшілері неге бірден полицияға хабарласпаған? Хабарласса, полиция қызметкерлері неге күшейтілген қосын жібермеген?

Әңгіме барысында анықталған бір жайт бар: осы күндері Қарағандыда ел ішінде көші-қон, жұмысқа тұру заңдарын өрескел бұзған 23 Армения азаматының елден күшпен депортацияланғаны туралы хабар естідік. Осыларға неге дер кезінде шара қолданылмаған? Олардың жүріс-тұрысы мен жұмысын бақылайтын миграция полициясы облыста не бітірген? Шейіт болған азаматымыз төбелес тарап кеткеннен кейін екі сағаттан кейін табылды деген деректер бар. Бұған не деуге болады? Оқиға болысымен интернетте қылмысты жасағандар Нурулу деген ағайынды әзірбайжандар деген дақпыртты таратуға не себеп болды? Осының кесірінен Қарағанды емес, Семей қаласындағы армянға еш қатысы жоқ «Баку» деген мейрамхананы талқандай жаздаған жоқ па?

Бірнеше адам пышақталып, жарақатталды деген ақпарат тараған. Осыны біліп, көріп отырып мейрамхана басшылығы неге полиция, жедел жәрдем қызметтерін бірден шақырмаған? Жұрттың бәрі көрген бейнебақылау камераларының жазбаларында олар неге көрінбейді? Қызметтік ақпарат болып саналатын, қылмыстық істің бөлігі болып табылатын бейнебақылау камераларынан жасалған кадрлар интернетке, әлеуметтік желілерге қалай тарап кетті?

Оқиға барысында кейбір қазаққа жау топтар әлеуметтік желілерде арнайы арандату жұмыстарын жүргізіп, жұртты әдейі қоздырып, намысқа тиетін дүниелерді көтеріп, фейк (яғни жалған, жала) ақпараттар таратумен болды. Осыларға неге дер кезінде жауаптары берілмей, олар неге жазаға тартылмады?

Тіпті бір үлкен сұрақ бар: осыны біреулер пайдаланып, өз есебін түгендеп алуға ыңғайлап жіберген жоқ па деген күдігіміз де жоқ емес, шынын айтқанда… Айналып келгенде, бәрін білеміз, қырамыз-жоямыз деп ышқырынатын шенді-шекпенділер неге есінен танып, ішіндегі желі мен буы шығып, неге белсіздік пен шарасыздық танытты? Кімнен аян немесе хабар күтіп отырды? Міне, осыған ұқсас көптеген сұрақтар қоғам ішінде, әлеуметтік желілерде ашықтан-ашық тарап жатыр.

Ал, шындығында, не болды?

Шынын айтатын болсақ, Қарағандыдағы жағдай қазақ-армян арасындағы этносаралық кикілжің емес. Армянның орнында басқа этнос өкілі отырса да, осы жағдайдың айна-қатесіз қайталанатыны айдан анық еді.  Ең алдымен мұны трагедия деп бағалау қажет шығар. Бір отбасыға түскен ауыр салмақ, қиылған өмір, үзілген арман… Жаңа жыл кезінде, жұрт бір жылды қорытындылап, жаңа жылға жоспар құрып жатқан мәз-мейрам шақта ойда-жоқта жас жігіттің мерт болуы үлкен бір драма. Қарағандыдағы қаймана қазақтың өре түрегеліп, бір мезетте ұйымдасып, көшеге шығуына кемі төрт себеп бар сияқты: полицияға, сотқа деген сенімсіздік.

Полиция демекші, жаңа жыл қарсаңында дәл осы Қарағандыдағы полиция академиясындағы жағдайды ешкім ұмыта қоймаған болуы тиіс. Академия басшыларының бірі курсанттарды қаз-қатар тұрғызып қойып: «Біз бандымыз! Біз братвамыз!» – деп ұрандағаны барша елдің төбе шашын тік тұрғызған болатын. Ол полициялар келесі күні жұмыстан кеткенін жақсы білеміз. Артынан мынадай оқиға орын алып жатыр. Жұрт «банды мен братваға» қалай сенсін?

Осы күндері біраз ел азаматтарымен ашық сөйлестік. Бәрінің айтып жүргені бір әңгіме. Елге келген гастарбайтерлер болсын, тендерлерді біздің басшылармен бірігіп жеңіп алған азаматтар болсын – барлығы да бір топ деп ұғынатын көрінеді. Осы себепті оларға «ай дейтін ажа, қой дейтін қожа» болмаған деп жатыр. Мұндай майшелпекке қол жеткізген соң кім тайраңдамайды? Кім басынбайды? Жұрттың бірінші ойы: қылмыс жасағандар тағы да пара беріп, басқа да тірлік жасап, босап кетеді деп ойлаған. Бұны алғашқы күні ешкім де жасырған жоқ, ойындағыларын еш бүкпесіз биліктің көзіне басып салды.

Елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлай бастауы

Егер жағдай шын керемет болса, екінің бірі соғымын жеп, қымызын ішіп, екі аяғын жылы суға салып, демалып отырса көшеге кім шығар еді? Аталмыш армян гастарбайтерлері біздің елде қара жұмыс істеген деген ақпарат бар. Жол салу сияқты ірі жобаларға қол жеткізген топтар еңбек күшін Армениядан неге алдырады? Олар бір ғұлама инженер-маман болса бір сәрі, ондай жұмысшыны Қарағандының өзінен, айналасында күнелтіп жүргендер арасынан табуға болмайды дегенді кім айтты? Кеше ғана халық саны миллионға жетіп қалған, Арқаның бас қаласы атанған Қарағандының бүгінгі жағдайы аса мәз емес. Жез, темір, көмір кеніштері сарқылып жатыр. Ауылдың жағдайы айтпаса да түсінікті. Егер осы өтірік десеңіздер, қарағандылықтардың дүйім көпшілігі үйін тастап, неге Астанаға ағылып жатыр?

Елдегі ұлттық байлықты игерудегі әділдік мәселесі

Басқа – басқа, Қарағанды жұрты әділдік дегенді жақсы білетін жұрт. Және де ұлттық байлықтың не екенін, оның кімге тиесілі екенін бір адамдай білетін жұрт. Облыстағы ірі кәсіпорындардың иесі кім, олар қанша табыс түсіреді, оның қанша пайызын сыртқа шығарып жатыр деген сұрақтарға облыстағы балаға дейін нақты жауап бере алады. Оның сыртында сол ірі инвесторлар иеленген кәсіпорындардағы әлеуметтік жағдай да мәз емес-ау. Еңбек жағдайлары да аса мардымды емес, тіпті адам өміріне қауіпті дәрежеде. Оның бір көрінісі – жыл сайын облыстық ірі кәсіпорындардағы жарақат алу мен өлім саны. Шыңғырып, айлап тұрған әділетсіздікті көріп тұрған халық ашынбағанда не істейді? Басқа барар жерұйық жері мен мейірімді мекені жоқ қазақ жұрты не істемек?

Ұлттық мәселе

Қарағанды аймағы – біршама қазақыланған, қазақтың сан қаймағы шыққан, қасиетті мекендеріміздің бірі. Сөйте тұра, шынын айту керек, облыстағы қазақ ісінің екі аяғынан ақсап жатқанын бәріміз көріп жүрдік. Біресе мектеп мәселесі шықты, біресе көшеге қазақ есімдерін бергізбеді, біресе сұранып тұрған Әлихан атамыздың атын ауданға бергізбеді. Мұның бәріне шын қазақ қаншалықты шыдасын? Кеудеде намыс, жүректе рух бар емес пе? Әлде билік қазақтың мінезін көріп, шыдамы қашан таусылады деп қарап жатты ма екен?

Қарағандыдағы жағдай нені аңғартты?

Біріншіден, биліктің шарасыздығын аңғартты. Біздің билік тек шат-шадыман заманда, жұртқа ақыл айтып, халықпен шынайы жұмыс істеу қажеттігін ұмытып қалған сияқты болып көрінеді. Дер кезінде, болған мезетте шешілетін қала деңгейіндегі мәселені жалпыұлттық, тіпті халықаралық жағдайға шығарып жіберді. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген дана халқымыз. Қалада орын алып жатқан жағдайға қарап, биліктің белсіздігін көріп, Алматыдағы біз қорқа бастадық. Құдай бетін аулақ етсін, бірақ, егер сол күндері Қарағандыда Украинадағыдай жағдай орын алса, елден айырылатын едік. Ессіз билік те жақсылық емес. Ал белсіз билік одан да қауіпті сияқты.

Екіншіден, біздегі этносаралық қатынастармен айналысуға мүдделі деген, міндетті деген органдардың абсолютті қауқарсыздығы. Мысалы, осындай ел басына күн туған кезде қалалық, облыстық мәслихат депутаттары не бітіріп жүрді? Қарағандыдан сайланған мәжіліс және сенат депутаттары ай қарады ма? Астанадан Қарағандыға дейін екі сағаттық жол емес пе еді? Әншейінде домбыра-дутарын тартып, сырнай-дудугін аңылдататын Қазақстан халқы ассамблеясы мен оның жергілікті бөлімшесі не бітірді? Дәл осындай кезде жұрт арасына кіріп, жұртқа басу айтуға міндетті ұйым осы емес пе еді?

Жарайды делік, билік жағындағы қоғамдық ұйымдар анадай екен. Ал қазақтың ұлттық ұйымдарына неге ерік пен ырық бермейді осы билік? Кімнен, неден қорқады? Әлемде қазақтан асқан өз мемлекетін жақсы көретін, заңын құрметтейтін, тәуелсіздігін дін де, діңгек те етіп құрметтейтін ұлт жоқ. Олай болса, осы ұлт өкілдерінің өз еркімен, ырқымен бірігіп, қоғамдық ұйым, партия құруына неге кедергі жасалады? Егер, шынын айту керек, биліктің алдына келген топ ішінде жергілікті Айтқожа, Жексен, Ахмет сияқты елге танымал азаматтар болмаса, жағдай мүлдем ушығып та кетуі ықтимал еді. Ал, құдай сақтасын, топ ішінен тентектер шығып, тас атып, төбелес шығарғанда не болар еді? Әкімге қарсы шауып, полициямен төбелесіп кетсе не болар еді? Төбеде отыр делінген снайперлерге жұмыс табылар ма еді?

Үшіншіден, еліміздегі ақпараттық саясаттың қауіпті, елге қауіп төндіретін жағдайға жеткен салғырттығы. Қарағанды емес, қалған республика жұртшылығын көшеге шығудан алып қалған республикалық немесе аймақтық баспасөз емес, жергілікті журналистер, блогерлер болды. Солардың таратқан ақпаратына сеніп, соны көргендіктен, қалған жұрт «хош, негізі, мәселе дұрыс шешіліп жатқан сияқты екен» деп райынан қайтты. Есесіне билік жағы бес күн бойы халықты Қарағандыдағы жағдай бойынша қараңғыда ұстауға тырысты. Осының кесірінен неше түрлі лақап, қауесет тарап, жұрт арандап та қала жаздады.

Тағы да көптеген уәж айтуға болар еді. Бірақ осы үш фактордың өзі-ақ бір нәрсені аңғартып тұр: елдегі билік жүйесі жаңа заманға, экономикалық жағдай нашарлаған тұстағы жағдайға еш дайын еместігін айқын аңғартқан  жоқ па? Бұдан артық ел тыныштығы мен тәуелсіздігіне қандай қауіп керек?

Қарағанды хартиясы

Мен білсем, Қарағандыдағы жағдай барлығымызды да терең ойға шомдыруы керек сияқты. Бәріміздің көп ойланып, көп толғануымыз шарт. Қайтсек, қайткенде осы болған оқиғадан сабақ аламыз деп өзімізді-өзіміз қайрауымыз шарт. Осы терең ойланыс пен толғаныс қоғам мен билік арасындағы «Қарағанды хартиясының» негізін қалағаны қажет бізге.

Хартияның шарттары төмендегідей болса: билік өзінің қателіктерін мойындап, болған оқиғаны минуттап таразылап, әрбір болуы ықтимал деген қауіп-қатердің алдын алатын алғышарттарды жасап, қажет болса, бірінші басшыдан ең кейінгі қосшыға дейінгі нөкерлерін жұртпен қарым-қатынас құруға, дұрыс сөйлесуге, коммуникация құруға ежіктеп, дұрыстап үйретсе деп тілейміз. Қазір, шынын айту керек, қызылкөздердің емес, қызылтілділердің заманы келе жатыр. Халыққа басу айта алатын, алдына қорықпай шығып, қос тілде сайрай алатын, жұртты танитын, білетін азаматтарға арқа сүйеу керек. Іздесе кешегі әкімдік алдына келген азаматтардың арасында ондайлардың бар екені анық.

Билік қазақ ұйымдарына ерік пен жігер беруі керек. Әсіресе жергілікті жердегі азаматтардың басын қосып, олардың институттануына, бірігуіне барынша қол созуы қажет. Ойда-жоқта тосын жағдай бола қалса билікті қорғай алатын бір күш болса, осы қазақ ұйымдары болады. Оларды мойындамау, бос шушыл, қырт деп санап жағадан алып, кеудеден итеру деген саясатты қою керек. Декарт айтқан екен, «тек қарсыласа алатын дүниеге ғана шын арқа сүйеуге болады» деп.  Рас, қазақ ұлтшылдары мазасыз адамдар, олардың мінезі де бар, айтатын нәрсені айтып та тастайтын болар. Бірақ олар дәл осынысымен қымбат,  осынысымен көркем.

Әкімдіктің айтағы мен тепкісінен кейін оянатын мың депутат пен он мың үндеместен гөрі осы азаматтардың болғанына шүкір дейтін кезді көзімізбен көрдік емес пе? Олай болса, оларды қатарға тартып, маргиналдануына, радикалдануына жол бермей, мәслихаттарға, қоғамдық кеңестерге неге тартпасқа? Олардың ел, ұлт мәселесі үшін көшеде емес, ғимарат ішінде, мәдениетті түрде айтысқаны, бір жағынан, жақсы мүмкіндік, екінші жағынан, жаңа саяси мәдениет. Ал қазақ ұлтшылдарының интеллектуалдық тұрғыдан кімді болса да, білім күшімен жеңе алатынын соңғы жылдары талай көріп те, сезіп те келеміз.

Құқық қорғау, сот органдарына шынайы, нағыз реформа керек. Реформа дегеніміз форманы ауыстырып, фуражканың орнына төбетай кие салу емес. Ол – тазару, жаңару, жаңғыру, бұрынғы банды-братва қалпына жиіркенішпен қарау деген дүние. Олай болмайынша, полиция, армия, сот дегендеріміз ел қорғаны емес, елдің жауы, елді басынушы, тонаушы, талаушы күш болып қала бермек. Бұндайлардың өз халқына күш-пәрмені бірер айға жете ме, жетпей ме, білмеймін, бірақ шынайы жау келсе жетпейтінін анық айта аламын. Бұндай полиция жеме-жемге келгенде халық түгіл, билікті де қорғай алмайтыны бесенеден белгілі.

Біздің ақпараттық нарыққа да реформа керек. Кешегі жағдай осыған дейінгі қалыптасқан ақпараттық нарықтың өлгенін айқын көрсетті. Оны қайта тірілту керек. Өз халқы сенбеген, сенбейтін бұқаралық ақпарат көздерінен кімге пайда бар? Өзінің емес, өзгенің теледидарын көретін, соған имандай сенетін қоғамнан не күтуге болады? Баспасөзді бұғаттауды біздің билік жақсы үйренгенін көріп қалдық. Енді өзгені емес, өзінің қамын шын ойласа, билік органдары шылбырды босатып, баспасөзге еркіндік беріп, өзара бәсекеге түсуге жағдай жасауы тиіс. Онсыз елді жинай алмаймыз, онсыз екі бөлек әлемге бөлінген бір үйдің ішіндегі екі үйді біріктіре алмаймыз. Қоғам өз ішіндегі шынайы жағдаяттарды естімесе, білмесе, олар туралы шынайы талқыларды көрмесе, одан бетер түңіле береді, сағы сына береді. Көшеге шыққан мың адамнан абсолютті апатияға кеткен бір миллион адам әлдеқайда қауіпті. Бұл саяси аксиома. Түңілген халықтан ашынған халық артық. Түңілген халық еліне қорған емес, елдің экономикасын көркейтпейді, рухани жаңғырмайды.

Елдегі қоғамдық ұйымдардың жұмысына да дұрыс назар аудару қажет. Ассамблея жұмысына көп сын айтылды. Бәлкім, оны азаматтық форуммен біріктіріп, елдікке, жалпыұлттық дискурсқа қанықтырып, этностарды бөле бермей, алаламай, ішке тартатын кез келген шығар?! Мейлі, жаңарған ассамблея болсын, 9-10 депутатын сайлайтын конституциялық ұйым болып қала берсін. Бірақ ол ұйым да демократиялануы керек, ол ұйым да ұлттың ісінен ажырап қалмауы керек. Жергілікті мәслихаттардың құрамы алдағы уақытта жаңа жүйемен жасақталады, яғни партиялық тізім бойынша. Ол үшін қазірден бастап дайындала бастау керек, жұртқа осыны айтып, түсіндіру керек. Жергілікті саяси партияларды ғасырлық ұйқысынан оятап, қатарға қосу керек. Өйтпесек алдағы уақыттарда болатын кемі бір мәслихат сайлауын құр босқа өткізіп аламыз.

Осы сияқты көптеген, кезек күттірмейтін, қордаланған мәселелерді шешетін, ашық, бүкпесіз айтатын кез келді, ағайын! «Қарағанды хартиясы» деп отырғанымыз – осы. Ойланайық, ертең кеш болып кетуі де ықтимал. Алдағы он жылымыз арттағы отыз жылдан қиын болуы мүмкін. Қапы қалып, ертең бармақ тістеп, налып жүрмелік. Құдай тағала қазаққа екінші мүмкіндік бере ме, жоқ па, кім білсін… Қарағанды оқиғасы тек дағдарыс қана емес, мүмкіндік те. Осыны естен шығармайық. Бар мүмкіндікті қолдан жіберіп алмайық.

Коллаж: zhasalash.kz

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.