Ақтөбеде әлі жоспарлы вакцинаны алмай жүрген 325 бала тіркеуде тұр. Ата-аналардың көпшілігі діни наным-сенімін алға тартады екен. Ал қалада қызылша ауру өршіп барады.

Жыл басынан бері облыстық жұқпалы аурулар емханасына 7 бала түскен. Оның екеуінің жұқпалы ауруға қарсы жоспарлы вакцинаны алмағаны белгілі болды.

«Біздің ауруханаға жеті бала түсті. Оның бесеуі стационарлық ем қабылдап жатыр, екеуін ем алып болған соң үйлеріне шығарды. Қазір сырқаттардың жағдайы тұрақты, қанағаттанарлық. Науқас Ақмола облысында болған, сол жақтан дертті жұқтырып келген. Кейін қалғандарына жұққан. Бәрі – жақын араласатын адамдардың балалары. Бесеуі әлі 1 жасқа толмаған, ал жоспарлы қызылшаға қарсы вакцина 1 және 6 жаста беріледі. Қалған екі балаға келсек, олар медциналық тұрғыдан екпеден бас тартқан. Жалпы, ата-аналар баласына тиісті екпені салмаса, соңы жақсы болмайды. Асқынша қызылшаның соңы ауыр менингоэнцефалит, отит секілді дертке ұласады. Сондықтан, ересектер осыны ескерсе екен», — дейді Ақтөбе облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Майра НҰРҒАЛИЕВА.

Қазір аймақта қызылшаның таралуына тосқауыл қою үшін арнайы штаб құрылып отыр. Құрамына дәрігерлерден бөлек санитар мамандар да енгізілген. Одан бөлек, қаладағы емханаларда екпеден бас тартқандармен жұмыс жасайтын мамандар бар. Мысалы, қаладағы №1 емханада жоспарлы түрде өткізілген әңгімелесудің арқасында 35 ата-ананы райынан қайтарып, екпенің пайдасын түсіндіргенін айтып отыр.

«Жеке ұстаным, көзқарасынан басқа, діни тұрғыдан екпеге қарсылық білдіргендер де кездеседі. Барлығы демеймін, бірақ, бар ата-аналардың арасында. Олар дәрі-дәрмектің құрамынан күдіктеніп жатады», -дейді №1 қалалық емхананың дәрігері Адина СҮЙІН. 

Фото: kostanaytv.kz

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.