Шығыс Қазақстан облысында кен орынға бай Риддер деген қала бар. Өңірдегі сол бір шаһарда бес қабатты тұрғын үйде бір отбасы ғана тұрады. Әрине, байлығы тасқаннан емес. Сондықтан, амалсыз тоз-тозы шығып, қаңырап қалған үйді паналауға мәжбүр. Ал дәл осы қалада тағы да бір көп қабатты үйдің бір жағы құлап жатыр. Ол жерді мекен еткен 150-дей жанұя қорқынышпен өмір сүруде. Бұл жайдан қала әкімі Жомарт МҰРАТОВ хабарсыз деуге келмес.

Құлағалы тұрған үйдің тұрғындары

Құрыған үй бағдарламасы 

Риддер қаласы Шығыстағы ірі қалалардың бірі. Бірақ соған қарамастан қала ішіне кіріп барсаңыз кетеуі кеткен үйлер көзіңізге бірден түседі. Мәселен, Островский көшесіндегі 91 үй. Тұрғын үйдің жартысы құлап жатыр. Қазір қирап тұрған бөлігі өткен ғасырдың 90-шы жылдары құрылысы бітпей тоқтап қалған. Сол уақыттан бері қабырғалары құлап, осындағы елге қауіп төндіруде. Себебі балалар еріксіз ішіне еніп, төбесіне дейін шығып ойнайды екен. Ал ата-аналары қанша аңдыса да бәріне бірдей ие бола алмай отыр.

Құлағалы тұрған үйдің тұрғындары
Қыдырбек Әміренов

— Әкім қараларға осы жағдайымызды айтып әбден шаршадық. Беретіндері құр уәде. Сөздерінде пәтуа жоқ. Әне реттейміз, міне реттейміз дейді. Андреев деген жеке кәсіпкерге сатылып кеткен екен. Ол жөндеуі керек болған. Бірақ әлі сол қалпы. Осындағы бесінші ықшамауданда осы секілді бітпей қалған үй бар. Былтыр сол үйде ойнап жүрген 11 жастағы бір бала құлап кетіп, мерт болды.  Бұл жерде біздің де балаларымыз, немерелеріміз ойнайды. Біз осыдан қорқамыз. Балаларымыз сол оқиғадағыдай құлап қала ма. Бір жерін сындырып ала ма, өліп қала ма деп – дейді, Островский көшесі 91 үйдің тұрғыны Қыдырбек ӘМІРЕНОВ. 

Құлағалы тұрған үйдің тұрғындары

Егеуқұйрықтар және есірткі шегетін жастар 

Осылайша отыз жылдай іске аспай тұрған ғимараттың іші қоқыс алаңына да айналған. Қоқыстан басқа мұндағы жұртты қинаған тағы бір мәселе егеуқұйырықтың қаптап кеткені. Тіпті олардың көбейгені соншалық, үйлеріне кіріп естерін шығаруда. Есірткі шегу үшін жиналатын жастар да жетерлік. 

Жергілікті билік өкілдері бұл нысан жекенің игілігіне 2016 жылы өткенін растады. Иесі ғимаратты жөндеп, бітіруі керек болған. Бірақ әлі күнге дейін нәтиже шығармапты. Біз қарап отырған жоқпыз. Кәсіпкермен сөйлесіп, әрекет етіп жатырмыз дегенді алға тартты. Алайда «ҚАРАП» отырған жоқпыз дегендерінен, алба-жұлбасы шыққан үйге онша «ҚАРАП» отырмағандарын да аңғарғандайсыз ба?! Қалай?

Құлағалы тұрған үйдің тұрғындары
Елена Маслокова

— Кәсіпкер Андреев сол үйді жөндеп, тұруға жарамды пәтер жасақтаймын деп алған. Жобалау сметалық құжатын дайындап, айналасын қоршап, жұмысты бастау керек еді. Бес жыл мерзіммен берілді. Бірақ әлі өзгеріс жоқ. Сот арқылы жауапкершілікке де тарттық. Желтоқсанның 25-інде тағы да ескерту жасап, құрылысты аяқтап немесе бұзуын талап еттік. Алдағы ақпан айына дейін нақты шешім қабылдаймыз – деді, Риддер қаласының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Елена МАСЛОКОВА. 

«Көршісіз өмірге үйрендік»

Татьяна ИВАНОВА отбасымен бірге қаңырап бос қалған бес қабатты үйде тұрып жатқан жалғыз әулет. Қорқынышты ғимаратты жолдасымен бірге паналағандарына 17 жыл болыпты. Қазір тіпті көршілермен бірге қалай тұру керек екенін білмейтінін айтып, ағынан жарылған Татьяна ИВАНОВА: – алғашында қорқынышты болды. Қазір үйреніп кеттік. Тіпті көршілермен қалай тұру керек екенін елестете алмаймын. Бос тұрған үй болған соң, түнде тереземіз арқылы ішке кірмекші болған талай адамдар болды. Қорғанып бақтық. Қазір бәрі біледі. Қорқыныш жоқ деді.

Құлағалы тұрған үйдің тұрғындары
Татьяна Иванова

 Бұл үйде барлығы 42 пәтер бар. Оның 32-сін мемлекет меншігіне қайтарып алған. Жергілікті жердегі шенділер қалғандарының иелері келіспей отыр деген, Риддер қаласы ТҮКШ бөлімінің басшысы Қуат МҰХАМЕДЧИНОВ: Бұл мәселе көктемде қайта қаралып, үйді сүріп тастау жайы қарастырылмақ. Апатты деп танылған соң, егер де басқа пәтерлері жоқ болған жағдайда үй иелері барлық құжаттарын жинап, үй кезегіне тұрулары керек. Заң бойынша солай. Ал басқа пәтерлері болса, біз онда ешқандай көмек көрсете алмаймыз – деді.

Құлағалы тұрған үйдің тұрғындары
Қуат Мұхамедчинов

Осылайша билік басындағылар бұл екі үйдің жағдайын биыл шешуге тырысып жатқандарын айтып жеткізді. Бірақ талай жылдан бері тоң болып қатып қалған мәселе уәде еткендеріндей жаз шыға жібіп, бір жақты бола ма, жоқ па ол жағы белгісіз. Айтпақшы, осы қалада аса қауіп төндіріп тұрған осы тектес жекенің меншігінде тағы да үш үй бар. 

Құлағалы тұрған үйдің тұрғындары

Фотолар автордікі.

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.