Көрнекі сурет

Қазақстандағы жолдардың 30 пайызы өте нашар. Қалған 30-ы – қанағаттанарлық, 40 пайызы – жақсы сапаға ие. Дәл осы ақпараттың өзгермей келе жатқанына 5 жыл!  

Соңғы 5 жылда еліміздегі жолдардың сапасына назар аударсақ, әупірімдеп болса да өсу бар екені байқалады. Дегенмен, бұл өсу көрсеткіші жол салуға кеткен шығынға сәйкес емес. Дүниежүзілік экономикалық форум рейтингінде Қазақстан жолдары 2013 жылы 117 орында (138 елдің ішінде) болса, 2017-18 жылдары 115 орынға табан тіреген.

Ал, жол салуға кететін шығын Еуропа елдеріне қарағанда екі есе көп екен. Шығынның көп болуын – Еуропа елдерімен салыстырудың реті де жоқ. Өйткені, біздегі жолдардың көбі аса күрделі жөндеуді, тіпті, қайта салып шығуды талап етеді. Ал, Еуропа елдерінде біздегідей жол мәселесі жоқ деуге болады. Мәселен, 2013 жылғы мәлімет бойынша Қазақстанда бір километр жол салуға 3,7 миллион АҚШ доллары кетеді. Ал АҚШ-та — 2,4 миллион доллар, Испанияда — 1,64 миллион доллар, Финляндияда — 1,35 миллион доллар, Қытайда — 1,16 миллион доллар жұмсалған.

Жалпы алғанда, соңғы жылдары Қазақстандағы жолдарды жөндеуге 1 триллион теңге кетіпті. Биыл 30 пайыз жол нашар болса, осыдан 5 жыл бұрынғы көрсеткіш – 33 пайызды көрсеткен (тағы бір дереккөздері биыл да 33 пайыз жол нашар дейді). Демек, осынша жыл ішінде соншама шығынға, мақтаулы бағдарламаларға қарамастан, бар болғаны 3 пайызға ғана өскен. Қалған 30 пайызды игеру үшін енді қанша жыл керек екенін болжаудың өзі қиын…

Әр көктем сайын жүретін жол жөндеу жұмыстарын жөндеу дегеннен гөрі – жамау дегенге көбірек келеді. Және, әр жыл сайын қайталанып отыратын әдепкі жұмыс. Мәселен, Алматыны мысалға алсақ, жыл сайын ойық-ойық болып, жыл сайын қайта жамалып жататын жолдарды жұрт жаттап алған деуге болады. Және солардың қай-қайсысы да жолдың өте сапасыздығын айтып шағымданады.

«ҚазжолҒЗИ» АҚ-ның президенті Бағдат Телтаевтың 2018 жылдың қарашасында берген мәліметіне сүйенсек, бізде 73 мың шақырымға жуық жол күрделі жөндеуді талап етеді. Телтаевтың айтуынша, 2018-19 жылдары шалғай ауылдардағы автомобиль жодларын жөндеуге ерекше көңіл бөлінбек. Бұл бағытқа 2018-де 147 миллиард теңге бөлінсе, биылға 140 миллиард теңге қаржы бөлуді жоспарлап отыр. Ол еліміздегі жолдар сапасының нашарлығын жол салудың автомобиль санының өсу қарқынынан әлдеқайда төмен екендігімен түсіндіреді.

2015-2018 жылдар арасында 2400 шақырым автокөлік жолдары күрделі жөндеуден өткен.

БАҚ беттеріндегі мәліметтерге сүйенсек, еліміздегі республикалық маңызы бар автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы – шамамен 25 000 шақырымдай. Солардың 33 пайызы ғана бірінші және екінші санаттағы жолдар, қалған 67 пайызы үшінші, төртінші және бесінші, яғни төменгі сапада. Ұзындығы бойынша қарастырсақ, ең жақсы сапалы жолдың ұзындығы – 2700 шақырым, екінші санатты – 5300 шақырым. Демек, мемлекеттік маңызы бар жолдардың 8 мың шақырымы ғана көңіл толарлықтай. Ал, елімізде түгел алғанда шамамен 100 мың шақырым жол бар. Оның барлығын жақсы сапаға көтеру біраз жылдарға созылатын бас ауруы болатыны анық. Өйткені, жол құрылысы сыбайлас жемқорлық мәселесі асқынып тұрған салаға жатады. Мысалы, 2015 жылдан бері жол жөндеу мәселесіне қатысты жемқорлыққа байланысты 100-ге тарта қылмыс тіркелген.

Айта кету керек, 2022 жылға дейін Қазақстандағы республикалық маңызы бар жолдардың 70 пайызы ақылы болатыны айтылып жүр. Бұл республикалық маңызы бар жолдарға ғана қатысты. Ал, ҚазжолҒЗИ ұсынған мәлімет бойынша, Қазақстандағы жолдардың халықаралық рейтингте төмен болуына жергілікті маңызы бар жолдардың сапасы әсер еткен.

Фото: abw.by

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.