Ауғанстанда 10 қаңтар күні тәліптер шабуылдарынан қауіпсіздік күштерінің кем дегенде 32 қызметкері оққа ұшты. Шабуыл Ауғанстанның солтүстігіндегі Кундуз, Баглан және Тахар уәлаяттары және батысындағы Бадгис уәлаятында тексеру және өткізу бекеттеріне жасалған.

Кундуз уәлаятына қарасты Кала-е-Заль ауданының басшысы Ахмад Фахим Карлуктың хабарлауынша, тәліптер шабуылынан 10 әскери мен полиция қызметкері қаза тауып, 11-і жараланған. Карлуктың сөзінше, қақтығыстан 25 содырдың көзі жойылған.

Жергілікті биліктің хабарлауына қарағанда, Баглан мен Тахар уәлаяттарында тәліптер шабуылынан үкіметті қолдайтын жасақтың 16 мүшесі қаза тапқан. Тәліптердің өздері де ауыр шығынға ұшыраған. Бадгис уәлаяты губернаторының баспасөз хатшысы Бадгис Жамшид Шахаи тексеру және өткізу бекеттеріне жасалған шабуыл мен атыстан қауіпсіздік күштерінің алты қызметкері оққа ұшып, 10-ы жараланғанын хабарлады.

Бұл шабуылдарды «Талибан» қозғалысы мойнына алды. «талибан» өкілі Забиулла Муджахид мәлімдемесінде тәліптердің ондаған ауған әскери қызметкерін өлтіріп, қару-жарақ пен оқ-дәріні қолға түсіргені айтылады.

Соңғы айларда ауған қауіпсіздік күштері мен америкалық әскерилер тәліптердің дала командирлеріне қарсы операцияларын күшейген, ал тәліптердің Ауғанстандағы қауіпсіздік күштері мен үкімет нысандарына шабуылы жиілеген.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.