Атырауда қоқысты сұрыптап жинауға көше бастады

Мұнай астанасындағы экологиялық жағдайды ушықтырып отырған Атыраудан 5-шақырым жердегі қоқыс полигоны да бар. Дәл соны шешу қолдан келмейтіні қайран қалдырады.

Осыдан қырық жыл бұрын ашылған бұл полигонға күніне 236 тонна, айына 7 мыңнан аса, ал жылына 85 мың тонна қалдықтар түседі. Бұдан қала әкімі Әлимұхаммед ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ хабардар. Облыс басшысы Нұрлан НОҒАЕВТЫҢ да экологиялық және санитарлық талаптарға сай еместігі жағдайды білмеуі мүмкін емес.

Бұл қоқыс полигонының мәселесін реттеу үшін бюджеттен миллиардттар  бөлінсе де шешілер емес.

Дегенмен, Атырауда қоқыс-қалдықтардың мәселесін шешу жұмыстары кезекті рет қолға алынғандай. Бір жағынан, оған биылдан бастап  Энергетика министрлігі пластмассаны, қоқыс пен қоқыс қалдықтарының барлық түрлерін көмуге тиым салуы да себеп болып отыр. Қазіргі күні қалада пластикалық қалдықтарды жинауға арналған үш жүз контейнер орнатылған. Жыл соңына дейін олардың санын бес жүзге жеткізу жоспарда тұр.

— Алдағы наурыз айынан бастап пластик, қағаз және шыны қабылдау үшін он нүкте ашамыз. Қоқыс жинауға арналған контейнерлердің қасына барлық жерге  шыны тастайтын контейнерлерді қатар орнатамыз, — деп уәде етеді «Арнаулыавтобаза» ЖШС директоры деді Алмас ІЗТІЛЕУОВ.

Тағы бір жаңалық — Атырау қоқыс полигонында қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптауға арналған цеx орнатылмақ. Ол үшін қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға қаражат бөлінген. Цеx  іске қосылған жағдайда тәулігіне жүз тонна қоқыс шығарып, жетпіске жуық адамды жұмыспен қамтымақ.

Бүгінде қоқыс полигонына қаладан әр тәулік сайын үш жүз тоннаға дейін қоқыс шығарылады. Одан жиналған пластиктің бір бөлігі қайта өңдеу үшін Ресейге жіберіліп, тағы бір бөлігі құрылыс материалдарын жасау үшін қолданылады.

Фото автордікі.

 

 

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.