Шымкент қалалық соты билік шешімімен жабылған Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының (ҚТКФ) бұрынғы жетекшісі Лариса Харькованың апелляциялық шағымын қанағаттандырудан бас тартты. Бұл туралы 11 қаңтар күні Азаттыққа Харькованың сенімді өкілі Жаңабек Әбішев хабарлады.

Шымкенттің Еңбекші аудандық соты былтыр 12 қарашада қаладағы жедел жәрдем станциясы кәсіподақ комитетінің жетекшісі Сәуле Әбдібаеваның кезінде тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясына аударған 2,5 миллион теңгені Лариса Харьковадан өндіріп алуды талап еткен шағымын қанағаттандырмай, істі тоқтатқан. Қалалық соттың аудандық сот қаулысын өзгертпей, Харькованың апелляциялық шағымын қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім шығарғанын қалалық соттың баспасөз хатшысы Қабыл Дүйсенбі растады.

Оқи отырыңыз: Сот Лариса Харькованың ісін тоқтатты

2018 жылдың қараша айында Еңбекші аудандық соты Сәуле Әбдібаеваның шағымына байланысты Шымкент қалалық әділет департаментіне хат жолдаған. Департамент сот сауалына берген жауабында Әбдібаева басқарып отырған қазіргі кәсіподақ ұйымы бұрынғы жедел жәрдем станциясы кәсіподағының заңды мұрагері бола алмайтынын мәлімдеген. Осыған сүйенген Еңбекші аудандық соты істі тоқтатқан.

Бірақ Лариса Харькова соттың азаматтық істі тоқтатуына қарсылық білдіріп, апелляциялық шағым түсірген. Оның пікірінше, «2,5 миллион теңге бергенін сотта дәлелдей алмаған» Сәуле Әбдібаева алдағы уақытта оның үстінен қайта арыздануы мүмкін. Харькова соттың істі тоқтатуы дұрыс емес, сот арызды қанағаттандырудан бас тартуы керек деп санайды.

2017 жылы жазда Шымкенттегі Еңбекші аудандық соты Лариса Харькованы «бөтеннің сеніп тапсырған мүлкін алаяқтықпен әрі аса ірі көлемде жымқырған» деп айыптап, бас бостандығын төрт жылға шектеп, мүлкін тәркілеуге үкім еткен. Қазақстанда сотталған бұрынғы кәсіподақ басшылары Лариса Харькова, Нұрбек Кұшақбаев және Әмин Елеусіновке өткен жылы Артур Свенссон атындағы халықаралық сыйлық берілген.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.