Тоғыз жолдың торабындағы аудан орталығы – Аягөз қаласында жылумен қамтудың дәл қыс түскенде үлкен проблема болып отырғаны туралы «Жас алаш» сайтында бұған дейін де жазылған. 

Өткен жылдың соңы демесеңіз, осыдан тура бір ай бұрын ғана аякөздік аналардың жанайқайын жеткізіп Аягөздің жылуы Ахметовке қарап тұр (14.12.2018 ж) атты мақала жарияланған. Мақалада қаладағы Момышұлы көшесіндегі қос қабатты үйді паналаған тұрғындардың «Болымсыз жылуға неліктен қымбат ақы төлеуге тиіспіз?» деген сұрағына жауап іздеуімен қатар қала әкімінің міндетін атқарушы Нұрлан ҚАНТАЕВТЫҢ мәселеге қатысты пікіріне де орын берген едік.

Алайда, мақалаға Аягөз ауданы әкімдігінің тарапынан көтерілген мәселеге қатысты қандай шешімдер қабылданып жатқаны туралы емес, журналист көтерген мәселенің шындыққа жанаспайтындығы жөнінде жауап жолданғаны таңқалдырып отыр. ҚР Азаматтық кодексінің 143 бабына сәйкес, «Мемлекеттік мекеменің іскерлік беделіне кір келтіретін мәліметтері бар мақаланы теріске шығаруды» сұрапты. Сөйте тұра әкімдіктің атына кір келтірген қандай мәліметтер барын көрсете алмағанына қарап, жергілікті атқарушы биліктің БАҚ тарапынан айтылған сынды қабылдауға қырсыз екенін айтқызбай түсіндік. Аудандық әкімдік атынан терістеуді сұраған Аягөз ауданы әкімінің орынбасары Б.СҮЛЕЙМЕНОВ мақалада айтылған тұтынушыларға қызмет көрсететін жылу қазандығы орталығының әлдеқашан жекеге сатылып кеткенін мойындай отырып, сондай-ақ бәрі де тиісті заң аясында реттелетіндігін баяндай келіп: «Аягөз ауданы әкімшілігінің табиғи монополия субьектісінің (жылу қазандығы иесінің –авт.) қызметіне араласу құқығы жоқ» деп бір қайырыпты. Дегенмен, Б.Сүлейменов қарап отырмағандығын, яғни, әкімдік тарапынан ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің ШҚО департаментіне хат жолданғанын, шара қолдану мәселесі (қазандық иесінің тұрғындарды жылусыз қалдыруға жеткізгені үшін болса керек) сол департаментпен шешілетінін жеткізіпті.

«Сонымен қатар, бүгінгі күні Аягөз ауданының әкімі жеке кәсіпкердің жұмысына араласа алмаса да демеушілер тарту арқылы орталық қазандықтың қажет етіп отырған инженерлік жабдықтарын сатып алып, кәсіпорындар арқылы (атауы көрсетілмеген-авт.) жөндеу жұмыстары жүргізіліп, орталық қазандық бірқалыпты жұмыс істеуде», деп тағы бір тоқтайды. Сондай-ақ, Аягөздің шілде айынан бері әкімсіз отырғандығына қатысты «Аягөз қаласының әкімін тағайындау 2019 жылға жоспарланып отыр», деп нүкте қойыпты. Ол биылғы жылдың басы ма, соңы ма, ортасы ма, өздеріне мәлім. Ал, мәселені жасырмай жайып салған тұрғындар – Е.Жазықбаева, А.Беделбаева, Р.Базарқызының мақаладағы сөздеріне қатысты «ләм-мим» ештеңе айтылмаған.

Хош, делік. Жылу қазандығының жұмысына араласа алмайтын әкімдік өздері айтқандай, «орталық қазандық бірқалыпты жұмыс істеуде» екені рас болса, Момышұлы, 48 үй тұрғындары «Жас алаш» тілшісіне мақаладан соң да қайта-қайта қоңырау шалып, тіс-тісіне тимей безек қағып отырған жағдайымен келіп танысуды неге сұрап жүр?!.

Аягөз аяз: жылуын кімдер шешеді?!
Берілмеген жылуға ақша төлеп отырған үй

Осы жағдайдан кейін «Жас алаш» газетінің тілшісі Аягөз қаласына арнайы барып, аталған үйдің жағдайын өз көзімен көріп қайтқан болатын. Енді тұрғындар сөзіне кезек берейік.

— Мен – Чуенко Галина Александровна, Момышұлы, 48, 1/2 пәтерде тұрамын. Міне, қалай жылу маусымы басталды, әлі күнге дейін жылу жоқ. Кәдімгідей пеш жағып отырмыз. Қайта кезінде бұзып тастамай пешті қалдырғанымызға қазір қуанып отырмын. Ал, қалған пәтер тұрғындары тоқпен істейтін жылыту құралдарын пайдаланып отыр. Бәрі бір ғана бөлмеге тығылады да, қалғандарын жауып тастайды. Аяғы ауыр аналар бар тоңып отырған. Кішкентай балалар да бар. Түгелдей қатып отыр. Өзім астма дертімен ауырамын. Үздіксіз укол алып отырамын. Сыртқа шықсам да, жұмысқа барсам да, үйге келсем де суық. Астмадан емделуім мүмкін болмай барады. Жылудың жайын айтып қақпаған есігіміз, жазбаған жеріміз қалмады. Жауап жоқ. Ешкім, ештеңені түсіндіріп айтқысы келмей бірін-біріне сілтейді. Көмірді сатып алып отырмын. Жарыққа да төлеймін. Жоқ болса да жылу ақысын талап етіп отыр, — деп ашынады Г. Чуенко.

Дәл осы Момышұлы, 48-үйдің астыңғы қабатынан дүкен ашқан жеке кәсіпкер Саян Машебаева жіберілмейтін жылуға неліктен ақша төлеуге тиістігін түсіне алмай дал.

— Қазан айынан бері жылу болған жоқ. Қараша айында кейде береді, кейде болған жоқ. Өз күштеріңмен насос қойыңдар деді. Оған қаншама ақшамыз кетті. Жылу мәселесі туралы әкімшілікке арыз жазып кеткенбіз. Қалалық әкімдік тарапынан шағымды аудан әкіміне жазу жөнінде хат келді. Енді аудан әкіміне шағымдануымызға тура келіп тұр. Төлейік десек, 13 градус шамасында ғана. 18 градустан аспағаннан кейін қалай төлеуге болады. Жалғыз біз емес, қаншама адамдар бар. Міне, қазір мына жерде обогреватель пайдаланып отырмын. Температура сиқы жаңағы. Енді осындай күйде отырып, жылуға ақша төлеудің өзі қисынға келмейді. Өйткені, жеке кәсіпкер ретінде менің төлейтін тарифім мүлдем бөлек. 10-12 мың теңге төлеймін айына.

— Төлемеген жағдайда қазандық басшылығы не дейді?

— Бұл осымен үшінші жыл қайталанып келеді. Былтыр төлемейін дегенбіз, сотқа беретіндіктерін айтқан соң, еріксіз төледік. Семейден кісілер келіп жылу трассасын ауыстырған болды. Бәрібір өзгеріс шамалы болды. Шағымданғанымызбен, әкімдік қазандық басшылығына ештеңе істей алмайды. Бәрі қашып жүреді, — дейді кәсіпкер ана.

Кәсіпкер С.Машебаеваның айтуынша, қазандық басшылығы жылу жіберіп жатқандықтарын, ал бұл жерге жетпеуіне жауапты еместіктерін айтып, кінәні әкімдікке сілтейтінге ұқсайды. Одан қалса, осы төңіректегі бірнеше үйлердің жылуға дайын еместігі жөнінде күздің өзінде әкімдікке хабар берген көрінеді.

Осы мекенжайдағы тағы бір тұрғын Талғат жергілікті атқарушы билікке наразылығын былайша білдірді:

— 17 градус шамасындағы жылумен отырмыз. Оның өзі жылытқыш құралдың күшімен. Жылу батареяларын ауыстыр деді, ауыстырдық. Қайтадан өз қаражатыма түгел бөлменікін жаңарттым. Сенесіз бе, үш жыл сайын жүйені ауыстырып келе жатырмын. Бір батарея 15 мың теңгеден. 7 батарея ауыстырдым. Одан бөлек метрі 900 теңгеден үйдің бөлмелеріне түгел баратын 32-лік трубалар алдым. Қаншама шығын екенін енді ойлай беріңіз. Қорытындысы осы: жылу атымен жоқ. Күні бойы плита қосып қоямыз. Түнде бәріміз бір бөлмеге тығылып онда жылытқыш құралды қосып қоямыз таң атқанша. Осыдан біра күн бұрынғы қатты аязда айтуға сөз жетпейтін сұмдықта отырдық. Осындай жағдайда отырып, жылу ақысын қалай, не үшін төлейміз? Жауап бере алатын не әкімдік, не қазандық басшылығы жоқ!

Айта берсек, тұрғындар шағымы еселей түседі. Қалалық әкімдік жылап барған жұртқа жылу қазандығының басшысы А.ТӘУІРБАЕВПЕН арадағы келісім шартқа сәйкес, оны заңға тартуға  құқылары бар екенін айтып құтылады екен. Алайда, ол келісім шарттың өзі осыдан 5-6 жыл берілгені былай тұрсын, кейбір үйлерде атымен жоқ. Тағы бір мәселе – келісім-шарттың тым ескілігінде. Мәселен, Бауыржан Нұртөлеуовтің атына жолданған мына келісім шартқа (суретте) зер салсақ, оның қандай негіздегі заңға сүйеніп жазылғандығын түсіну қиын. Біріншіден, жылуға қатысты құжаттың алдымен қазақ тіліндегі нұсқасы да болуы тиістігі белгілі. Екіншіден, келісім шарт осыдан 22 жыл бұрынғы атауы да, өзі де әлдеқашан жойылып кеткен ҚР Тұрғын үй құрылысы және құрылыс министрлігінің 1996 жылдың 1 шілдесінде шыққан Ережесінің орысша нұсқасын басшылыққа алып жасалыпты. Сонда тарап кеткен министрліктің Ережесі әлі күнге дейін күшінде ме, қаншалықты заңды? Өкінішке қарай, оған тұрғындар тарапынан ешкім назар аудармағанын білдік. Ол өз алдына, келісім шарттың мерзімі қай уақытқа дейін жарамды екендгі де көрсетілмеген.

Аягөз аяз: жылуын кімдер шешеді?!

Аягөздің жылу мәселесіне қатысты «жыр» мұнымен бітпейді. Шарасы таусылып, аудандық прокуратураға арыз жолдаған Момышұлы, 48 үйдің тағы бір тұрғыны Эльмира АМРЕНОВАҒА Аягөз ауданы прокурорының міндетін атқарушы, кіші әділет кеңесшісі Н.ҚАДЫРБЕКОВТЕН келген жауаптан үзінді келтірелік:

«Екінші мекен-жайға мәлімет үшін, Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 30 маусымдағы №81-ҮІ Заңының 21 бабының 1 тармағына сәйкес, прокуратура органдармен физикалық, психикалық, және де өзге де мән-жайларға байланысты өз құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғауды өзі дербес жүзеге асыра алмайтын адамдардың, шектелмеген адамдар қатарының, егер бұл адамдардың өмірі, денсаулығы не Қазақстан Республикасының қауіпсіздігі үшін орыны толмас зардаптардың қауіпі бар мазмұндағы арыздар қаралады».

Тағаты таусылған тұрғынға осындай түсініксіз жауап жолдаған Н.Қадырбеков сонымен қатар «уәкілетті органның жауабымен келіспеген жағдайда оның көшірмесін тіркей отырып, жоғары тұрған лауазымды тұлғаға немесе сотқа шағымдануға құқылы» екендігін ескертіпті.

Қаңтардың ортасы ауса да қалтырап отырған тұрғындардың жағдайын қаперіне алар жауапты адамды іздеп бұдан кейін орталық қазандық пен қалалық, аудандық әкімдікке бет түзедік. Қазандықты жеке иелігіне алған А.Тәуірбаевты орнынан таба алмадық. Өзін бухгалтер екенін айтқан әйел оның Алматыда екендігін, қазандық жұмыстарына қатысты сұрақтардың бәріне аға мастер Володя СИЛИН жауап бере алатындығын айтты. Силиннен білгеніміз – орталық қазандықтың жағдайын облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ өткен жылдың жазында келген сапарында өз құлағымен естіп қайтқан екен. Бюджеттен жөндеу жұмыстарына қажетті 60 млн. теңгеден астам қаражат бөлуге уәде де берген. Алайда, әлі күнге дейін бір тиын да түспепті. Ескірген қазандықтың әбден тозығы жеткендігі туралы бұған дейін де облыс басшылығының назарына сан рет ұсынылғанымен, мәселенің қашан шешілері белгісіз күйде қалып келеді…

Сонымен Аягөздің жылуын жөнге келтіру жұмыстары қыс ортасы ауса да неге кешігіп жатыр? Облыс әкімі Даниал Ахметов жағдайды жақсы біліп отырғанымен, қандай тапсырма беріп жатқаны неге жұмбақ? Тұрғындардың сапасыз жылуға қалтасы көтермейтін қаражат төлеуден бас тарту талабына әкімдік не дейді? Аягөз аудандық әкімдігінен көкейдегі көп сұраққа жауап алу одан бетер қиынға соқты. Аягөз қаласы әкімінің міндетін атқарушы Нұрлан ҚАНТАЕВ алдындағы мақалада айтқан сөзі үшін «жоғары жақтан» қысым көрді ме, мәселені түсіндіруден ат-тонын ала қашты. «Менің қызметім аудан әкімінің осы салаға жауапты орынбасарынан төмен болғандықтан, дәл қазір айта алмаймын», деп құтылды қалалық шенеунік.

Бір жауап болар деп, аудан әкімінің тұрғын үй шаруашылығы мәселелері бойынша орынбасары Бауыржан НҮКІБАЕВТЫҢ кабинетіне кіргенімізде қызу талқының үстінен түстік. ШҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Асхат БУКАТОВ пен тағы бір сала маманы облыс орталығынан арнайы келіп, жылудың жағдайын талқылап отыр екен. Алайда, аудан әкімінің орынбасары Б.Нүкібаев та, А.Букатов та мәселеге қатысты түсінік беруге құлық танытпады. Аудан әкімінің орынбасары осы жайды заңдық тұрғыдан қалай шешуге болатындығын ақылдасып жатқандықтарын жасырмағанымен, дәл осы арада нақты жауап бере алмай, сұхбат беруді бірер сағат кейінге сырғытты. Оған да келістік. Бірақ, Нүкібаевқа қайта хабарласқанымызда шенеунік бейнекамераға қарап сұхбат бере алмайтындығын мәлімдеді. Аягөздің жылуына қатысты мақалаға терістеме сұрап хат жолдайтын аудандық әкімдікте мәселені түсіндіріп берер бір маманнның болмайтынын кім білген?!

Айтпақшы, терістеме сұрап хат жолдаған аудан әкімі Б.Байахметовтің тағы бір орынбасары Б. Сүлейменовпен де тілдеспек болғанбыз. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы М.МЫРЗЕКЕШЕВ оның еңбек демалысына шығып кеткенін айтты.

Сонымен, Аягөздің жылу қазандығына қатысты мәселе әлі де өткір күйінде тұр. Білуімізше, аудан әкімі Б.Байахметов мәселені қалай шешерін білмей басы қатып, облыс орталығы Өскемен мен екі ортада шапқылап жүр. Арасында оны да шаршатпау үшін Өскеменнен де жылу саласы мамандары келіп-кететінін де көрдік. Бірақ, сан сауалды біріктірген бір ғана сұрақтың жауабы белгісіз: Аягөзде жылу беру мәселесі шешіле ме, жоқ па?..

Фотолар автордікі  

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.