Павлодарда әріптесін жұдырықтың астына алған облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары ақыры жұмысынан қуылды.

Қызметтік тергеудің нәтижесіне қарағанда, басшылық қызметтегі шенеунік мемлекеттік қызметшілердің әдеп қағисын бұзған. Оған бұған дейін тәртіптік комиссияның шешімімен сөгіс жарияланған еді. Осыған байланысты бүгінгі таңда атқамінер облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының бұйрығымен жұмыстан қуылыпты.

— Бұған дейін Шахмардановқа тәртіптік комиссия сөгіс жариялаған еді. Бүгінгі таңда ол ресми түрде жұмыстан шығарылған, — дейді Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Тәртіптік іс Павлодар облысының этика бойынша уәкілетті өкілі Юрий Фельдманның шақыртылуымен қаралғанын айта кетейік.

— Қызметтік тергеу анықтағандай, облыстық денсаулық сақтау басқармасының қызметкері мен бас дәрігер өзара сөзге келіп қалған. Кейін мемлекеттік қызметкер оппонентке дене жарақатын келтірген. Мұндай тәртіп мемлекеттік қызметкерге тән емес. Қазіргі таңда Шахмарданов денсаулық сақтау басқармасында жұмыс істемейді, мемлекеттік қызметкер емес, — дейді Юрий ФЕЛЬДМАН.

Естеріңіге сала кетейік, қос ақхалатты былтыр қараша айында сөзге келіп, кейін тіпті жаға жыртысқан еді. Оқиға тура денсаулық сақтау басқармасы ғимаратының ішінде орын алған болатын. Салдарынан Павлодар қаласы №3 аурухананың бас дәрігері – Мәрлен АХМЕТОВТЫҢ көзілдірігі сынып, оның шынысы қабағын тіліп кеткен еді. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының қызметкері – Нариман ШАХМАРДАНОВТЫҢ миы шайқалыпты-мыс. Бұл жайтқа қатысты желтоқсан айында Павлодар әкімшілік соты Шахмардановқа он айлық есептік көрсеткіште, яғни 24 050 теңге айыппұл салғанын айта кетейік. Десе де, адуынды атқамінер дәрігерді ұрып-соққанын ақыры мойындаған жоқ.

Фотоны автор ұсынды.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.