39 жастағы Баймұрат ЖҰМҒАЙ Қытайдың Шыңжаң өлкесі, Санжы облысы, Шонжы ауданындағы саяси үйрену орталығында сақшы болып жұмыс істеген. Тізімге ілінген адамдарды ұстап, саяси үйрену орталығына апарып жүрген Б.Жұмғай саяси лагерьлердің түрмеден еш айырмасы жоқ дейді. Бізге берген сұхбатында ол саяси үйрену орталығындағы жағдайды егжей-тегжейлі баяндап берді.

— Баймұрат, Қытайдың саяси үйрену орталығындағы сақшы қызметіне қалай қабылдандыңыз? Не себепті сондай жұмысқа орналастыңыз?

— 2009 жылы әйелім, бір баламмен бірге Қазақстанға көшіп келіп, Қарағандыға қоныстандық. 2010 жылы Қазақстан азаматтығын алдым. Екінші балам осында дүниеге келді. Сол балам ауырып қалып, Қытайға апарып емдететін болдық. Сөйтіп, 2013 жылдың наурызында Қытайға жол тарттық. Жете салысымен көші-қон қызметіне барып, «баламды екі жыл осында емдеу керек, бірақ өзім шетел азаматымын» дедім. Ондағылар «осында тұрақты тіркеуің шығып тұр, Қытай азаматы екенсің» деп Қытай төлқұжатын шығарып берді де, Қазақстан төлқұжатын алып қойды. Сөйтсем, Қытайдағы тұрақты тіркеуім жойылмаған екен. Ол уақытта төлқұжатпен бас ауыратын шама жоқ, баламды емдету керек болды. Берген төлқұжатын алдым да, жүре бердім.

Шыңжаң өлкесі, Санжы облысы, Шонжы ауданында тұрдым. Баламды екі жыл емдетемін деп қарызданып-қауғаланып қалдым. Жұмыс істеуге тура келді. Сөйтіп, 2016 жылдың аяғында сақшы қызметіне қабылдандым. Ол уақытта Шыңжаңда қысым қатты күшейген кез еді. Сондықтан сақшы қызметіне жаппай жұмысқа ала бастады. Ең алдымен жоғары білімі барларды алды. Әкімшілік басқару мамандығы бойынша жоғары білімім бар болатын, сондықтан сақшы көмекшісі қызметіне бірден қабылдады. Ең алдымен сақшылардың барлау пунктінде істедім.

— Ол неғылған пункт?

— Көшеде әрбір 300 метр сайын адамдарды бақылайтын бейнекамералар қойылды. Шыңжаң өлкесіндегі облыс, аудан, ауыл, қыстақ деңгейіндегі бүкіл мемлекеттік органдар – денсаулық сақтау, су істері, қазына, жергілікті басқару, тіпті түрмеге дейін бақылау аппараттары мен бейнекамералар қойылды. Барлау пунктіндегі экраннан сол бейнекамераларды бақылайсың. Шетелмен хабарласқан, мешіттегі намазға қатысқан, шетелге шыққан адамдар анықталса, бірден саяси үйрену орталықтарына әкетіледі.

Қысқасы, бүкіл адам бақылауда. Телефоны арқылы діни материалдар оқыған, басына жаулық жапқан, мәшине немесе үйінен діни кітаптар мен ұйғыр көтерілісіне қатысты материалдар шыққан адамдардың бәрі ұсталады.

Кейін адам ұстау отрядында жұмыс істедім. Небір ауыр оқиғалардың куәсі болдым. Адам ұстау отряды саяси үйрену орталықтарына адамдарды ұстап апарумен айналысады. Ұсталатын адамдардың тізімі Шыңжаң Ұйғыр автономиялы ауданының тыныштандыру комитетінен келіп түседі. Сол бұйрықты мүлтіксіз орындауың керек.

— Сіз тұрған ауданда қанша саяси үйрену орталығы болды? Оған қанша адамды күштеп апардыңыз?

— Жоғарыда айтып өткен орта мектеп ең үлкен саяси үйрену орталығына айналды. Одан бөлек молдаларды тәрбиелеу орталығы, үлкен түрме мен ақыл-есінен адасқандарды айықтыратын орын бар.

Сол саяси үйрену орталықтарына бір жылда 600-дей адам апардым. Жасы 13-тен 80-ге дейінгі қазақ, ұйғыр, дүнген ұлтының өкілдері ұсталды.

— Қамалудың негізгі себебі дінге келіп тіреле ме?

— Негізгі себебі – дін. Шетелмен телефон арқылы сөйлескендер де ұсталады. Бұдан бөлек үкімет қаржысын қымқырғандар да қамалады. Осындай себеппен ұсталған қытайлар бар.

— Бұл адамдарды саяси үйрену орталығына апарғанда қандай психологиялық күй кештіңіз?

— «Ұсталған адамдарды үйрену орталықтарына апарасыңдар» деген бұйрық түсті, бітті, соны орындауың керек. Өйткені бізді де бақылайтын камера бар. Ұсталғандардың арасында танитын адамдарым шығып қалады. Оларды көргенде жүрегім езілді. Қызбалалардың қол-аяғына кісен салдық. Салғаннан кейін көрпелерін өздеріне көтертіп қойдық. Бір кезде 80 жастағы ұлты ұйғыр апаның аяғы сынғанын көрдім. Сол аяғына кісен салынып, мәшинеге тастады. Қария жылайын десе, дыбысы шықпайды. Соны көріп, жүрегім қатты ауырды.

Саяси үйрену орталығына түскен келбеті әп-әдемі, бір-бір үйдің серкелері көп ұзамай азып-тозып, көзінен нұры кетеді.

— Саяси үйрену орталығында адамдар азаптала ма?

— Адамдарды апарумен ғана айналысқандықтан, менің бар көргенім, адамдарға партия жырларын қытайша жаттатады. Жаттап бітпейінше, сол орыннан тұрмайсың. Бір сағатта жаттамасаң, екі сағатта жаттауың керек. Екі сағатта жаттамасаң, тағы уақыт береді. Жаттап бітпейінше, тамақ бермейді, ұйықтауға да рұқсат жоқ. Онсыз да күніне үш уақыт беретін тамағы жоқ. Берсе, бір шын су берер. Оның өзін сұрап алуың керек. Партия жырларың жаттай алмаған қариялар бір күн бойы суық жерде, ас-сусыз отырса, ауырмағанда қайтеді?! Сөйтіп отырып шегі түсіп кеткен адамдар болды. Ондай адамдарды дәрігерге апарғанда да, қолына кісен салып апарады.

Сонда бұл Қытай айтқандай тәрбиелеу орталығы болса, адам еркін жүріп-тұрмай ма, неге қолына кісен салады? Бұл шын мәніндегі түрменің нақ өзі.

Бір кезде саяси үйрену орталығының ішінен өзіммен бірге сақшы болып жұмыс істеген жігітті көрдім. Сақал-мұрты өсіп кеткен, танымай қалдым. Оның не себепті қамалғанын кейін өзге сақшылардан сұрап-білдім. Ол түрменің ішін бақылап жүргенде, еденде жатқан тілдей қағазды көтеріп алып, қалтасына салған екен. Ал ол қағазда «мына жер өте ауыр, мені амалдап шығарып алыңдаршы, қиналып кеттім» деп жазылыпты. Қағазды қалтасына салған жері бейнекамераға түсіп қалған. Сол мезетте сақшылар әкетіпті.

Қысқасы, бүкіл әрекетіңді аңдып тұратындар бар. Бізге де қысым көрсетіледі. Берген тамағың сондағы қытайлармен бірге ішуің керек. Ішпесең, арты дауға айналуы мүмкін. Бір-бірімізбен тек қытай тілінде сөйлесетінбіз. Артық әңгіме айтсаң, бұйрығың орындамасаң, өзің де саяси түрмеге қамаласың.

— Сақшы жұмысынан қалай шықтыңыз? Қазақстанға қалай оралдыңыз?

— 2018 жылдың мамырында тұрақты тіркеуімді жойып жібергенін білдім. Сөйтіп, өзіме қауіп төнді. Саяси үйрену орталығына қамаласың деді. Содан жергілікті сақшыханаға барып, үйрену орталығына не себепті қамалатынымды сұрадым. Төлқұжатымды қайтарып беруді сұрадым. Олар «тұрақты тіркеуіңді қалпына келтірейік» деді. Тұрақты тіркеуімді қалпына келтірсем, түрмеге қамалатынымды білдім. Сонымен, 2018 жылдың 3 маусымда шешем ауырып жатқанын сылтау етіп, бастығымнан шешемді емдетуге рұқсат сұрап, жұмыстан шығып кеттім. Шыққаннан кейін төлқұжатымды қайтара алмай, біраз әбігерге түстім. Қолымда не Қазақстан, не Қытай төлқұжаты болмады. Сөйтіп, Үрімшідегі Қазақстан консулдығынан көмек сұрадым. Ондағылар «Қазақстанда берілген ЖСН нөміріңді тап, көмектесеміз» деді. Ішкі Қытайда аспирантурада оқитын балдызым бар еді. Соған хабарласып көмек сұрадым. Ол Қазақстандағы туыстармен хабарласып жатып, үйге тіркеу кітапшасынан ЖСН нөмірімді тауып, консулдық қызметкерлеріне жіберді. Бала туу туралы куәлікті қоса жіберді. Сөйтіп, анық-қанығына көз жеткізген соң, құжатымды қалпына келтіріп берді. Бірақ Қытай виза ашпай қойды. Жеті күн жүріп, әрең дегенде төрт күнге виза ашып берді. Осылайша былтырғы жылдың 4 қыркүйегінде Қытайдан шығып кеттік. Қазір Павлодар облысының Ақсу қаласында тұрып жатырмын. Солтүстікке көшкендерге көмек көрсетіліп, жұмыс беріледі деген соң, сонда көшкен едік. Бірақ әзірге анау айтқандай көмек жоқ.

— Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Елнұр Бақытқызы.

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ. 

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.