Соңғы екі-үш күнде әлеуметтік желі арқылы тарап кеткен Аякөздегі Бозтаев атындағы мектептің орыс тілі пәні мұғалімі Индира МҰХАМАДИЕВАНЫҢ  жылуға зар болған видеомәлімдемесі қоғамдық резонанс туғызды. Бұл жергілікті атқарушы биліктің де назарын аударып, өткір күйде тұрған Аягөз қаласының жылуға қатысты «жырын» одан сайын жаңғыртып жіберген күшке айналды. Бүгін ШҚО-ның бірқатар бөлім басшылары Аягөзге арнайы барып қайтып, жиын өткізген екен. Алайда, ұстаздың жанайқайы қаншалықты орынды болып тұрса да оның ашу үстінде шарасыздықтан айтқан сөздеріне орай қысым көрсетілгені туралы тұрғындардың бірі хабарлаған болатын. Алдымен Индира Қалимолдақызының өзіне хабарластық.

«Мені кеше мектеп директорым Қамытбаев жасаған мәлімдемеме орай, аудан басшылығынан сөз естігенін, әрекетіме байланысты түсініктеме жазуымды талап етті. Мен мұндай қадамға шарасыздықтан барғанымды айтып түсіндіргеніммен, оныма құлақ асқан жоқ. «Сен Аякөзді бүкіл Қазақстанға масқара еттің. 90 жылдық тарихы бар, аңыздар елі атанған мекеннің беделін түсірдің. Маған ата-аналар тарапынан да шағымдар түсті. «Анандай ұстаз солай айтса, балаларымыз қалай білім алып жүр? Ішіп алып сөйлеген бе?» деп те жатыр» деп қатты шүйлікті. Расымды айтайын, мен шай қоюға келмейтін, жылуы 10-11 градустан аспайтын үйде отырып әбден мезі болғанымды айтқан мәлімдемем осыншалықты резонанс туғызады деп ойлаған жоқ едім. Директор Қамытбаев мені алдағы оқу жылында жұмыстан шығаруға дейін баратынын айтты. Ол бір жағынан аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрғали ӘЗІМБАЕВТАН да сөз естігенге ұқсайды. Алайда, міне, тура бүгін осы жылуға қатысты аудан әкімдігінде үлкен жиын өтті. Оған облыстық энергетика саласының басшысы, ішкі саясаты, білім бөлімі басшылары Өскеменнен арнайы келді. Мен жылап тұрып зәбір көріп отырғанымды айтуыма тура келді. Тұрғындар шулап, егер де маған жергілікті билік тарапынан қысым болатын болса, бас көтеруге баратындықтарын білдіргенде келіп отырғандардың өзі тіксініп қалды. Аудандық білім бөлімінің басшысы Әзімбаев директорды ешқашан шақырмағандығын айтқанымен қатар, мені жұрт алдында жазғырып шыға келді. Халық шулап Әзімбаевтың сөзі орынсыз екендігін айтып, қайта егер осы мәлімдеме болмаса, мұндай жиын өткізілмейтіндігін айтып, қайта мұғалімнен кешірім сұрауы тиістігін талап етті. Ақыры, мәселеге аудан әкімі Байахметовтің өзі араласып, кешірім сұрайтынын айтып, басын иді. Ал жаңа тағы да шағын жиын өтіп директорым ұжым алдында менен кешірім сұрады», -дейді И. Мұхамадиева.  

Ал аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрғали Әзімбаевтың айтуынша, И. Мұхамадиеваға ешқандай қысым көрсетілмеген. 

«Бүгінгі жиында Индира Қалимолдақызының өзінен сұрадым. «Мен сізге осы мәлімдемеңіз үшін жеке қоңырау шалып, я болмаса, өзіме шақыртқан кезім болды ма?» дедім. Ол «жоқ» деді. Бірақ, директордың Әзімбаев шақырып, сол түсініктеме жазуымды сұрады деп естідім дегендей айтты. Мен расы керек, соңы осылай болуы мүмкін екендігін біліп, директорды да шақырған жоқ болатынмын. Өз басым ұстаздың ашынып жасаған мәлімдемесі жайдан-жай шықпағанын түсініп отырмын. Тоңып отырғанына күйінген адамды не деп шақыруым керек? Директормен енді ғана сөйлестім. Ол Мұхамадиеваның мәлімдемесіндегі педагогикалық этикаға жатпайтын сөздер айтылғаны үшін, әдеп сақтауы тиістігі жөнінде өзіне шақырғанын айтты. Тағы да айтайын, Мұхамадиеваға ешқандай да қысым көрсетілмейді, ал аудан әкімі егер қарамағындағылардың тарапынан қысым көрген жағдай болса, кешірім сұрайтындығын айтты, — дейді Н. Әзімбаев.

Фото автордікі.

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.