12 қаңтарда жергілікті БАҚ және әлеуметтік желі қолданушылары Алматының түрлі базарларында заңсыз мигранттарды ұстау шаралары өткенін жазды.

Сондай рейдтердің бірі қаладағы «Көк базарда» өткен. Полиция базар маңын қоршап, ондағы саудагерлерді тексерген. «Алматыдағы Көк базардағы гастарбайтердің ұсталуы» атты Youtube желісіне шыққан мына видеоны да жергілікті БАҚ «оқиға орнынан түсірілген» деп жазды.

12 қаңтар күні түсте Азаттық тілшісіне куәгерлердің бірі «Көк базардағы» «тәжік саудагерлерін орнынан таба алмадық. Бәрін полиция ұстап әкеткен» деп айтты. Ол сатушысы жоқ сауда қатарларының да суретін жіберді. 

Дәл осы күні әлеуметтік желі қолданушылары да «заңсыз мигранттарды ұстау операциясы» жайлы көрген-білгендерін жазды. Мысалы, Бағдат Ағыбетов есіммен тіркелген аккаунт иесі Facebook-та: «Барахолка базарында рейд жүріп жатыр.[…] Заңсыз жұмыс жасағандарды басып алып кетіп жатыр. Осындайлар Қарағандыда ылаң салмады ма? Алдын ала сақтық шаралары деп ойлаймын» деп жазды. 

Азаттық тілшісі Алматы қалалық көші-қон басқармасына хабарласқан кезде есімін Денис деп таныстырған қызметкер «кеңседе ешкімнің жоқ екенін, рейдке қатысты ешқандай ақпараты жоғын» айтты. Қалалық көші-қон басқармасының тағы бір өкілі «қалалық полицияға хабарласыңыз» деді. 

Алматы қалалық ішкі істер департаменті жауап берген жоқ. Медеу аудандық көші-қон басқармасына хабарласқан кезде басқарма өкілдерінің бірі «қалада рейд жүріп жатқанын» растағанмен толық ақпаратты қалалық көші-қон басқармасынан білу керектігін айтты. 

Ал Алматы қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбекке сілтеме жасаған жергілікті ақпарат агенттіктері «жоспарлы түрде тексеру шаралары өтіп жатқанын» хабарлады.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.