Қарағандыда сейсенбіде «ұлттық және діни алауыздық қоздыру» ісі бойынша сот процесі бастала салып, кейінге қалдырылды деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Судья Арғын Құтышев қылмыстық істі қарау жалғасатынын жариялаған, бірақ хатшы сотқа негізгі тараптардың келмегенін хабарлаған соң, сот ертеңге қалдырылғанын айтты. Бүгінгі сотқа прокурорлар келмеді және сотталушылар Уәли Әлиасқаров пен Михаил Ткачев қалада «әлдебір ауқымды жаттығу» өткізіліп жатуына байланысты сотқа жеткізілмеді. Сотталушылардың адвокаты ертеңгі сотта қаралатын бірнеше мәлімдемесі барын айтты.

Бүгінгі сотқа куәгерлер мен сотталушылардың жақтастары жағынан жиырма шақты адам келді. Олардың кейбірі басқа қалалардан келген.

Қарағандының 28 жастағы тұрғыны Михаил Ткачев пен Петропавлдың 66 жастағы тұрғыны Уәли Әлиасқаровқа әлдебір «тыйым салынған» әдебиетті оқыды деген айып тағылған. Бірақ туыстары сегіз ай қамауда отырған олардың заңға қайшы не істегенін дұрыс түсінбейтінін айтады. Екі сотталушының да білімі жоғары. Әлиасқаров бұрын көп жыл прокуратурада қызмет істеген.

Михаил Ткачев пен Уәли Әлиасқаровқа «бейбітшілік пен қоғамдық тәртіпке қарсы ауыр қылмыс жасау» айыбы тағылып отыр. Тергеу оларды «топ болып, ақпараттық-коммуникациялық желілерді пайдалана отырып ұлттық және діни алауыздықты қоздыруға және олардың діни және ұлттық тегіне байланысты ерекшелігі мен басымдығын насихаттауға бағытталған қасқана іс-әрекет жасады» дейді.

Сараптама қорытындысы олар оқыған кітаптарды «діни-оккульттік мәні бар» деп таныған. 

Сотталушылар мен олардың туыстары тәркіленген кітаптардың ғылыми-танымдық кітаптар екенін айтады. Адвокат сараптама қорытындысын бұл істе қолдануға жарамайды деп тануды сұрайды.

Бұған дейін сотталушылар судья мен прокурорға қарсылық танытқан, бірақ ол қабылданбаған.

Дереккөз Aзаттық Радиосы

قالب وردپرس

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.