Әлқисса, Астананың төрінде, желтоқсанның желінде айтыс өтті. Жай айтыс емес, алтын үшін айқас, алдына атасы келсе аямас шайқас өтті.

Баяғыда «Айтыс, қайда барасың?» атты мақала жазып, қазіргі айтысқа қал-қадерімізше талдау жасаған едік. Айтыстың қайда барып тірелгенін, қандай биікке шығып, қай мәреге жеткенін осы жолы көзімізбен көріп, көңіліміз тынды немесе сынды. Қай кезде өтсе де, айтыстың мызғымас үш қазығы болады: олар – көрермен, қазы, ақын. Айтыс ширек ғасырда биікке жеткені рас болса, көрермен мен қазылар да сондай дәрежеге жетіп, сол биіктен көрінсе болар еді.

Бүгінгі көрерменнің толық сипаты мынандай болды:

1. Демографиялық сипаты. Көрермен қартайыпты. Үзілісте өзім таңғалдым. Бірін-бірі жетектеп, «тәй-тәйлаған» кемпір-шал. Таяқты кейуана, балдақты қарт, тіпті қол арбада отырған мүгедек отағасы. Осындай күйде болса да, келіп отырған халықтан айналайық та.

2. Әлеуметтік сипаты. Көрермен негізінен жүзін күн, маңдайын жел қақтаған

қарапайым шаруа адамдары. Айтыс Астанада емес, ауылда өтіп жатқандай әсер береді. Айтыстың көрермендері сонау бір жылдары қандай еді, шіркін. Залдың орта тұсына дейін мүйізі қарағайдай ғалым, академиктер, тарихшы, шежіреші-этнографтар, ақын-жазушылар, өнер адамдары, әнші-әртістер, мұғалім, студенттер, мемлекеттік қызметкерлер отырар еді. Мен чиновниктерді жоқтап тұрғам жоқ, зиялы қауымды, интеллигенцияны іздедім. Неге олар айтыстан безініп кетті?

3. Рухани-моральдық сипаты. Көрерменнің құлақ тұндырған айқайынан, ысқырып жер тепкілегенінен, жұдырық түйіп қазылар алдына жетіп келгенінен, орындарынан тұрып кетіп, ешкімді не тыңдамағанынан, не сыйламағанынан нені ұқтық? Ширек ғасырда көрермен мәдениеті неге осынша құлдыраған? Көрерменді жабайылыққа дейін жеткізген ненің ашу-ызасы? Он шақты фанаттың ісі болса жарайды ғой. Жоқ, бүкіл зал – еңкейген кәрісінен, еңбектеген жасына дейін күркіреп, дүркіреп тұр. Сенбегендер интернеттен қарасын. Қысқасы, жүзінен жарқын шаттық пен қуаныш лебі есіп, бекзат өнердің рухани ләззатымен сусындап, сұлу да өткір сөз өнерімен эстетикалық талғам-тәрбиесін қалыптастырып, қанаттанып қайтатын көрермен қайда? Айтыстың ширек ғасырда неге жеткенін қайдам, әйтеуір, айтыс көрерменін жоғалтыпты. Ал көрермен айтысқа деген сенімі мен құрметін жоғалтыпты.

Енді қазылар сипатына келейік.

1. Қақпақылға түскен қазылар. «Қазы» сөзі қазақ үшін қасиетті ұғым еді. Қазақ тарихындағы қазылар өзінің қара қылды қақ жарған әділетімен, білім-біліктілігімен, топқа салса – көсем, дауға салса – шешендігімен ел құрметіне, сеніміне ие болған адамдар болушы еді. Сөзінің нәрі, жүзінің мөрі бар қазының үстіне хан да батып кіре алмайды деуші еді. «Тәуелсіз қазы» ретінде шақырылғандықтан, өзім еріксіз куәсі болған жайларды айтайын. Маған Жүрсіннің көмекшілерінің бірі Серік Қалиев хабарласты. «Сіз тәуелсіз қазы боласыз» деді. («Тәуелсіз» қазы болса, онда «тәуелді» қазылар да болғаны ғой). «Өзің ше?» деп едім, «мен кәдімгі қазы болатын болдым» деді. Келесі күні «мен қазы болмайтын болдым» деді. Енді тура айтыс басталарда «мен тәуелді қазы болатын болдым, ойбай» деп жүгіріп, көйлек пен галстук іздеп жүрді. Ертеңінде «мен бүгін қазы болмайтын болдым» деп тағы айтты. Сөйтіп, Жүрсіннің оң қолы – Серік Қалиевтің өзі айтыс бойында қазылыққа үш кіріп, үш шықты. Маған да бірінші күні «тәуелсіз қазы боласың» деді, екінші күні «болмайсың» деп лақтыра салды. Менің қасымдағы екі «тәуелсіз» айтыстың «ішкі саясатын» әбден меңгерген, жер танып қалған жырынды балалар еді, оп-оңай «тәуелді қазылар» құрамына өтіп кетіпті. Әрине, оларды кіргізу үшін біреулерді шығара салды. Баяғыда «қақпақыл» деген ойын болушы еді. Жүрсін қазыларды халықтың көз алдында осылай қақпақылдап ойнады. Шын мәнісінде қазылардың беделі мен намысымен ойнады. Халықтың жүзіне тура қарап тұрып, «бұл айтыстың жаңалығы – тәуелсіз қазы бар» деп жариялады. Бірақ тәуелсіз қазы не үшін керек, оның рөлі қандай, сөзінің қаншалықты құны, салмағы бар, – оны айтпады. Менің түсінігімде, тәуелсіз қазы – халық пен қазы, не қазы мен қазы арасында келіспеушілік туып жатса, араағайынның сөзін айтатын адам. Ол сол үшін де «тәуелсіз» деп аталады. Бірақ осы айтыстан тәуелсіз еш нәрсе көре алмадық. Тәуелді қазы, тәуелді баға, тәуелді сөз, тәуелді ақын… Көзге көрінбес бір құпия құдірет ерік-жігерлерін жаулап алып, сырттарынан пультпен басқарып отырғандай.

2. Қалғыған қазы, қадірі қашқан сөз. Енді «тәуелді» қазылар сипатына келейік. Ең әуелі қазылар қай қасиетіне қарап алынады дегенге келсек, Жүрсін олардың атағы мен беделіне, ауыз толтырып айтар марапаттарына қарайды екен. Егер топқа түсер көсемдігі, ағылып тұрған шешендігі, сөзінің нәрі, жүзінің мөрі, анау шулаған көрерменді нандыра алатындай, тоқтата алатындай уыттылығы жоқ болса, баяғыда алған атақтан, баяғыда жазған кітаптан не пайда? Қазы болу үшін жазушылық, ақындық не әртістік сипат жеткіліксіз. Қазы – қазақы тілдің байлығы мен көркемдігін, поэтикалық әрі мен нәрін, өлең сөздегі образдылық пен техниканы, әдеби тілдік қолданыстағы заңдылықтар мен үрдістерді білетін тіл маманы, сыншы-ғалым не әдебиетші, журналист болуы шарт. Бұл жерде Әлтаев, Кәпұлы, Айтұлын нашар қазы деуге болмас. Қаны сорғалаған қазақы сөздің қадірін бір білсе, солар білер. Бірақ бұлар «тәуелді», «тәуелді» болып қала да бермек. «Енді керегің жоқ» дегесін, «тәуелді қазыларға» көлденеңнен көз салдым. Жүздерінен айтылып жатқан әрбір сөзді жұтып қоярдай ынта да, керемет сөздер тұсында кемерінен асқан эмоция да, өресіз ойлар тұсында өре түрегелген кейіс те көрмедім. Енжарлық, керенаулық, баға көтерерде әлденеге, әлдекімге жалтақтау, бір-бірінің аңысын аңдау… Бірі қарттықтан, бірі тағы бір себептен қалғып та алады арасында. Енді бір пысықтау жас қазы «ананыкі неше боп кетті, ей, анау неше көтерді, ей» деп апырақтап, алақтап, балл есептеумен болды. Ерекше бір назар аударарлық сөздер айтылған тұста шыдай алмай, әлгі қазыға «ана ақын солай деп жатыр» деп ескертіп едім, «оттай берсін» деді де, балл санап кетті. Қайран қадірі қашқан сөз-ай.

Мен Асекеңді жақсы көрем. Ол кісі туралы баспа бетіне талай мақалам, сын-сараптамам шықты. Асекең – тұлға, мықты актер. Бірақ мықты қазы емес. Себебі ол кісінің табиғатында қулық-сұмдық, құбылғыштық жоқ. Ағылып тұрған шешен де емес, тілінде қазақы сөздің мол қоры да жоқ. Өлең сөздің шебері де емес. Бұл жерде Асекең бір ғана рөл атқарып тұр: ол – Жүрсінді халық қаһарынан қорғап қалу. Ушығып бара жатса араға делдал болып, беделін салып, халықтан араша сұрау. Жүрсіннің жанын сақтап жүрген жалғыз беделі. Халық қаһарына мінгенде Жүрсін жалт етіп Асекеңе қарайды. Бірақ ендігі жерде Асекеңді де тыңдайын деп тұрған көрермен жоқ. Асекең қорқақ балаша екі қолын көтеріп: «Ойбай, жарайды, жарайды, екі балл қосам», – дейді. Бұл әдіс те ескірген сияқты. Қарт адамды абыройсыз іске қашанғы қалқан жасауға болады? Асеке, сіздің осы айтысқа не моральдық, не материалдық тәуелділігіңіз бар ма? Өз биігіңізде қалсаңызшы…

Ақындар сипаты.

Жиырма ақын. Оттан алып, суға салсаң жүзі майырылмайтын алдаспандай, тасқа салсаң қайтпайтын наркескендей 20 ақын. Осылардың ішінен мен 7-8 балл көтеретін ақын көрмедім. Ең жас деген Сырым, Серік, Хазіреттердің өзі бір елдің бас ақыны болуға жарайды. Осы ақындар айтысқа алғаш келген күннен бастап үнемі көрерменнің көз алдында, халықтың назарында болды. Бұлар ақындықты ешбір мектептен оқып үйренген жоқ. Оқып айтыс ақыны болу мүмкін де емес. Ақындық қасиет Алланың қалауымен дарып, беріліп, ананың ақ сүтімен сүйегіне сіңеді. «Мектеп ашып, ақын шығарып жатырмын» деген бос сөз. Айтыстағы әдіс-тәсілге, қулық-сұмдыққа, «ішкі-сыртқы» саясатқа, жоспармен, есеппен, келісіммен айтысуға үйретіп жатырмын десе бір жөн. Бұл ақындар о баста шыққанда мықты болатын. Басында жаман боп, жүре-жүре мықты боп кеткен жоқ. Тек ширек ғасырлық жолда бұлар нені игерді? Әдіс-тәсілдер, айла-шарғылар (ол да керек), өз стильдері мен даралығын айқындап алу, қарсылас психологиясын дөп басу, әр ақынның мықты не осал жағын зерттеу, көрермен психологиясын зерттеу, жаулау әдісі, сахна мәдениеті т.б.

Айтпай кете алмайтын, аттап өте алмайтын бір ақын болса, ол – Айбек Қалиев. Аптықпасы жоқ, ойланбай сөйлемейтін, басы артық сөзге, қарадүрсінге ұрынбайтын, көркемдік талғамы да жоғары, нағыз суырыпсалманың ақыны. Дәл осындай сырбаз, сабаз, текті ақындар деп Нұрмат пен Төлегенді де (жылқышы) айтса болар. Сонан соң, сонау бозбала шақтарынан-ақ ерекше дүбірімен көзге түсіп, құмда жортқан ақбөкендей жосылып, басқалардан оқ бойы озып, құйрық тістесіп келе жатқан үш дарабоз – Еркебұлан, Мейірбек, Болатбек. Бұл үшеуіндегі тапқырлық, ұшқырлық, сарт-сұрт жауаптасу, қолма-қол тойтару, ақындық мінез, поэтикалық көркемдік, бір мінсіз техника, ішкі энергия мен екпін, төгіліп бір кеткен дыбыстық, буындық, сөздік, тіркестік ұйқастар, әдемі әзіл. Бұлар бекзат ақындар: Еркебұланда тапқырлық, Мейірбекте тектілік, Болатбекте ірілік мінез басым.

Шалқарбай болса – қазақтың ерсерісі (рыцарь). Тілегеннің бір өзін бір күн тыңдасаң жалықпайсың. Өлеңіндегі риторикалық иірім, үдемелі градациясы қандай? Оны бір қазы «ауыз әдебиетінен ұрлаған» деп отыр. Жоқ, бұл ұрлағанға жатпайды. Қайта ерекше стильге жатады. Көненің көзіндей небір құйқалы сөзді тірілтіп отырған ақыннан айналдық. Орысша, шетелше терминдерді айтқанға да қол соғып отырмыз ғой. Ринат болса айтыстағы өз стилі мен бағыт-бағдарламасын қалыптастырып алған ақын. Тіпті «Ринат мектебі» десе де болар, өйткені қазір көптеген жас ақындарда Ринат лебі, Ринат сарыны, Ринат ұстанымы, Ринат имиджі анық байқалады. Ринат көрермен мінез-құлқын да қалыптастырып үлгерді. Көп жаттандылыққа бармайды. Еш уақытта қара басының «қайғысын» сөз еткен емес. Айтатыны – ел мұңы ғана және бәрі шындық. Ел мұңын айтпаса несі ақын?.. «Е, бәрі айтады» дейміз ғой. Бірақ айтудың да айтуы бар. Атүсті, жанама, сырғытпа, сүйей салды, немкетті, қосақ арасы айту бар. Айлакер ақындар тарих, шежіре, ертегі-аңыз айтумен құтылып жүр. Өз басым Ринатқа осы бетіңнен танба дей алмас едім. Алтыны құрысын, азамат басың аман болса екен, айналайын.

Ал осы айтыстың кемшілігі неде?

1. Жаттандылық. Жаттандылық бұрын да бар еді. Бірақ дәл осындай еркіндік алмаған. Ақындар ара-арасында білдірмей қосуға тырысушы еді. Айтысатын ақындар бір-бірінің жүзіне, көзіне тура қарап отырып (боксерлер секілді) қарсыластың бет-жүз құбылысын бағып отырушы еді. Бірін-бірі өз «психологиялық бұғауында» ұстауға тырысатын. Ал қазіргі жүгенсіздікті қараңыз. Шыға салып жүзден аса шумақты төгіп тастайды (ұмытпай тұрғанда айтып қалайын дегені). Қарсыласқа қарамайды да. Көзді жұмып алады, қолды оңды-солды сермейді. Осында айтыстық сипат бар ма? Қырғыздың манасшысы не қазақтың жырауы секілді. Содан не керек, көрерменнің көзі қарайды-ау дегенде дастанын түгесіп, (жартысын аяғында ырлайды) қарсыласына «е, амансың ба?» дейді. «Енді айтысымды бастайын» дейтінін қайтерсің. Сөйтіп, бағанадан зарыға тосқан суырыпсалмаға әрең жетеді. Бірақ ол онша ұзаққа бармайды. Дастанның екінші бөлігіне кетеді. Бұл не деген бассыздық? Көрерменді басыну ғой бұл. Қазы қайда қарап отыр? Ал осы жаттандылыққа себеп – күнібұрын келісіп алу, «сен мынаны айт, мен мынаны айтам» деу. Оны да ақындардың өздері айтып жүр. Осындай айтыста не қасиет бар? Бұл кәдімгі театр-шоу. Бұлар ақындар емес, әртістер, әнші-домбырашылар. Ақындарда кінә жоқ. Бұл тікелей ұйымдастырушының кінәсі. Сонда Жүрсін мырза айтысты, өзі айтқандай, биікке шығарып отыр ма, әлде құрдымға кетіріп, баланың ойыны, бақсының жынына айналдырып отыр ма? Кей қазылар «Айтыс – синкретті өнер» дегенді қайталай береді. Рас, айтыс ақынында ақындық та, дауыс та, аспап та болуы керек. Бірақ бұл айтысты қоя сап, сахнада күй тартып, ән шырқап кет дегенді білдірмейді. Оған кеткен уақытты нағыз шиеленіскен, ұстасқан сөз жекпе-жегіне арнау керек. Қазылардың тағы бір дәлелі, сылтауы Әуезов «Айтыс – театр» деген дейді. Әуезов айтса сол заманға қарап айтты. Ол кезде көркемөнер жанр жағынан сараланып, дараланып жетілген жоқ. Ал қазір театр басқа, цирк басқа, опера басқа, күлкі-шоу басқа. Әрқайсысының өз ордасы, өз сипаты, өз мақсат-міндеті бар. Тіпті жыршы-жырау, термешілер, дастаншылар сайысы бір басқа. Дәл қазіргі айтысты көрсе Әуезовтің не дейтінін кім білсін?!

2. Жалпақшешейлік, жағымпаздық. Айтыстың өз мәдениеті, этикасы бар. О заманда бұ заман қазыны мақтап, өлеңдеткен ақынды кім көрген?! Қажығалидың Рүстемге 8 балл көтеруі мұң екен, қалған ақындар «Тар кезеңді» талқылай жөнелсін. Әлем әдебиетінің жауһары, үлкен классикалық дүние, көне шығыс елінің, көне юнан елінің даналығы мен философиясына толы «Мың бір түнді» ешкім оқымайды, жұрттың бәрі «Тар кезеңді» оқиды деді-ау Мұхтар ақын. Жарықтық, «Тар кезең» бір аунап жатқан шығар. Бұл Мұхтар ақынның «Мың бір түнді» жете білмегені деп бағалар едім, қазы болсам.

3. Жанкештілік. Негізі, айтысқа кесек-кесек ақшаның төгілуі ақындардың мінез-құлқын бұзған. Айтыс ақындары – заманның сал-серілері. Олар ірі, мәрт, жомарт болуы керек. «Маған алтын керек емес» деп айтқанымен, «ортаға лақтырған сүйекке таласатын ит емеспіз» дегенімен, бұл тілдерінде ғана боп тұр. Ал, негізінде, бірін-бірі күйі келсе, аяйын деп тұрған жоқ. Бірінің-бірі ел білмейтін «күнәларын», кімге қашан пара беріп, кімге қалай жағымсу арқылы орын алғанын, үй алғанын да айтты-ау. Бұл да сыйластық па? «Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр» демей ме?!

4. Бәдіктік, ұсақшылдық. Ертеректе айтыс о баста басталғанда түрлері сақталған. Сүре айтыс, түре айтыс, қайым айтыс, қыз-жігіт айтысы, тіпті жұмбақ айтыс болған. Бірақ бәдік айтыс кірмеген. Себебі ол кезде сахна мәдениеті, жеке бас намысы, жеке өмірге сұғынбау, дәлелсіз өсек айтуға тыйым салынатын. Қазір айтыстың қай түрі деп жатқан ешкім жоқ. Тек қыз-жігіт айтысының жалғыз үлгісі – Жансая мен Мақсат болып тұр. Көрерменді көп мұңнан серпілтіп, жеті жоғын ұмыттыратын осы екеуі. Жеңіл, көңілді. Бірақ бұларда да «қыз-жігіттік» сипаттан гөрі бәдіктік сипат басым. Онда неге тынышынан «бәдік айтыс» дей салмайды?! Сонан соң, жарайды, Жансаяның бәдігіне де халық үйренді. Оның мөлшері сол екен дейік. Ал қалған ақындар неге бәдік болып бара жатыр? Мысалы, Еркебұлан «үйім екі-ақ бөлме, содан «түнгі шаруам» тұралап тұр, «батырыма» қой, тыныш жат деймін» дегені қай сасқаны? Мұның бір себебі – әкім кең үй берсе, екінші себебі – бәдік сөзге ел күледі. «Есер, есірік болмасаң, тіршіліктен пайда жоқ» деген осы да. Баяғыда Абаш ақын шығыста жер сілкініп, үйі құлап жатқанда да, сахнада сыр бермей, жарқылдап айтысып шығып еді. Қазіргі еркек, азамат ақынның үлкен мұңы «түнгі шаруасы» екен ғой, тегі. Еркебұлан, сен айтатын сөз бе, бұл?

5. Айтыстағы көркемдік. «Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел» дегендей, айтысқа жаңаша талап-талғаммен қарайтын кез жетті. Бұрын ақындардың шыққанына тәубе дедік. Әсіресе  ақын қыздардың шыққанына тәубе деп, бір балды артық бердік. Ұзақ көсілгенді мықты ақын дедік. Енді мұның бәрі ескірген өлшем. Енді шумақтың санына, ақынның жынысына қарап баға көтеру – топастық. Ендігі өлшем көркемдік болуы керек. Өйткені айтыс шешендік өнері не рэп емес. Ол – поэзия. Ал поэзия дегеніміз – сұлу сөздердің, көркем тіркестер мен образды ойлардың ғажап үйлесімі. Оның техникалық заңдылығы бар. Олай болса, ендігі қазылар өлеңнің поэтикалық көркемдігіне, өлең техникасының сақталуына, өлеңде тұрмыстық (бытовой) сөздер мен жаргон, диалект, бұралқы және кірме сөздердің өріп жүрмеуіне қарау керек. Қазір ақындардың бәрі мықты. Бірақ айтыс заңы сол – олардың бірі жеңілуі керек. Сонда осы көркемдігіне қарап жеңдіру-жеңілдіру керек. Болмаса басқа жағынан мін табу қиындау. Мысалы, нағыз тіл маманы үшін орынсыз айтылған бір сөз көзге шыққан сүйелдей. Өткенде Әсем Шалқарбайды «атқа отырады» деді. Ат – орындық не кресло емес. Атам қазақ атқа мінбеуші ме еді?.. Ежелден тілімізде «алтын құрсақ ана, құрсақ көтеріп қалыпты, неше құрсақ көтердің» деген сөздер бар. «Саба құрсақ билердің» деген де бар. Менің саған айтайын дегенім, сен ә дегеннен Шалқарбайды ер тұлғалы, атпал азамат деп суреттедің. Бірақ іле-шала айтқан «құрсағын жайып» деген теңеуің алдыңғы айтқан образыңды жоққа шығарды. Енді көзімізге ер тұлғалы жігіт емес, боққарын тоғышар елестеді. Сонан соң, айтыстағы екі қыз, екеуі де арзан күлкі стилін таңдауы шарт па? Саған өжеттікпен қатар, сезімтал, ерке, нәзіктік те жарасар еді. Сонан соң, «бізге де оңай дейсің бе, көрінгеннің күйеуімен алысамыз» деген – бұрын айтылған біреудің сөзі. Және жаттау – сенің стилің емес, сен жауаптасудың ақынысың. Жауаптасу кезінде жарқ-жұрқ етіп ашылып кететінің бар еді.

Бір сәт ойланыңыздар, ақындар. Осыдан ғасырға жуық бұрын айтылған:

— Кең қолтық арғымақпын алқымы іспес,

Қыранмын аспандағы жерге түспес.

— Қанды көз, май жеп алғыш ақ иықпын.

— Қылпыған екіжүзді наркескенмін.

— Тал бойым жолбарыстың жүрегіндей,

Иығым тік сандалдың тірегіндей.

— Мойыным сұңғағындай жүзген қудың,

Лебізім шырынындай шәрбат судың, – деген теңеулер қайда, шіркін!..

5. Жүрсіннің жүйріктері. Япыр-ай, осы сөз эфирде наразылық тудырған соң, қалған шығар десем, осы жолы тағы айтылды. «Жүрсіннің аттары», «Жүрсіннің иттері» деген сияқты біртүрлі ерсі естіледі екен. Сонда Жүкең осы ақындарды меншігіне жатқызып алған ба? Бәсе, сол екен ғой, ақындардың ақын емес, концерттік бригадаға ұқсап кеткені.

Әмина ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫ,

сыншы, «Алтын домбыраның» тәуелсіз қазысы

Фото: azh.kz

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.