Көрнекі сурет

Сүлдер

«Орынсыз ойы» мен «Құдайға күмән» келтiрген Фредрих Ницше: «болмыстың нысаналы жемiсiн үзу дейтiнiмiз – жантәсiлiм өмiр сүру деген сөз» дептi. Сонда ол бiле тұра Адам ата мен Хауа ананың қателiгiн қайталағаны ма? Абай да:

Атаңды анаң азғырып,

Әкелдi сенi Кейiске, –

деп өкiнбеп пе едi.

Кейiсi – осы дүние емес пе? Ендеше, сол бейiштiң –  ақыл-ойдың кейiске бiткен Алмасын Ницше неге үздi? «Ақылың – ашыған у, ойың – кермек» (Абай) татитынын ол бiлмедi ме? Стефан Цвейгтiң жаныма сiңiруiнше:

Ол өз өмiрiнiң сақнасында өзi қаймана ләухи болыпты. Қазақша айтқанда: «құдай жалғыз – мен жалғыз» — дегендi ғана ұстанған.

Мысалы, … сияқты. Оның жанталаса аласұрған тағдырын көлеңкесi ғана жебеп, көлеңкесi ғана қоршап, көлеңкесi ғана соңынан сүмеңдеп ерiп жүрдi. Сөйте жүрiп өзi де көлеңкеден сулық жамылған сүлдерге,  рухсыз құр сүлдерге айналды. Әуелi – көлеңке жамылған сүлдерi, содан кейiн сүлдерiнiң көлеңкесi, сөйтiп ең соңында көлеңкесi ғана қалды. Ақыры ол да құр құрғақ ауаға сiңiп жоқ болды.

Ендi ол да жоқ, сүлдер де жоқ, көлеңке де жоқ.

Тек бос кеңiстiк пен сақна ғана қалды.

Кеңiстiк бос, сақна иен! Сүйiншi!

Сақна бос тұр, қайманаларым!

Сүлдер мен көлеңке керек! Сүлдер, жо…жоқ! Тек қана көлеңке керек!

Көлеңке!

Ал оның өзi сақнаның сыртында қалып едi.       

Өйткенi оған сақнадан орын берiлген жоқ.                                          

Себебi: оның сүлдерi мен көлеңкесi, дәлiрек айтсақ, тек көлеңкесi ғана керек болатын! 

Дат, тақсыр! Қателесесiз!

Көлеңкеге де көлеңке керек!

Тағдырды өз қолыңмен жасамайсың, керiсiнше сүлдермен емес, көлеңкеңмен емес, тағдырыңның ырқымен өмiр сүресiң.

Сақна – сенiң өмiрдегi орының.

Сүлдер – өлiмнiң белгiсi (сыпаты) емес.

Көлеңке – өмiрдiң белгiсi (сыпаты) емес.

Ендеше тағдырыңа ие бол. Әйтпесе, сақна иен және иесiз қалады.

Тағдырыңмен мағыналысың!

Тағдырды сұрап алмайсың, ол бақталайыңа жазылып берiледi. Ал жоқ тағдырды қайдан iздеп табарсың?!

Ендеше, көлеңкенi – Сүлдерiне, Сүлдерiн – Рухына, Рухын – иесiне қайтарып берiңiз, тағдыр тақсыр!

Сақнаға көлеңке емес, сүлдер емес, тағдыр керек!

Тұрпайы мен сыпайы

«Будьте осторожны с живописными людьми!», – деп  ескертiптi Ницше дегдар.

Мұнысы:

Тұрпайының – сырты тұрпайы, iшi тұрпайы емес, көбiне жылы келедi,

Сыпайының – сырты сыпайы, iшi сыпайы емес, көбiне зұлым келедi – дегенi ғой.

Ендеше: тұрпайының тұрысынан сақтанба, сыпайының жымиысынан сақтан!

Тұрпайы – жылап жүрiп жұбатады,

Сыпайы – күлiп жүрiп жылатады.

Сыпайының iшi тар болғандықтан да мiнезiн сыртқа шығара алмайды. Тұрпайының сырты – iшiне, іші сыртына қарай ақтарыла бередi.

Тек тұрпайының топасынан сақтасын де. Ондайлар екi есе қауiптi. Ал сыпайының сұмырайынан сақтасын де, ол үш есе қауiптi.

Тұрпайы топасқа қайрат пен байлық бiтсе, онда олардан күдерiңдi үз, бәрiбiр бет қаратпайды. Ондайдан аулақ жүргенiң тыныш. Арың мен ақылың өзiңе олжа!

Аулақ жүр!   

Аулақ!

Үнсіздік

Ол (Ницше, мейлi Абай-ақ болсын) – шындықты, әр адамның құпиясын жалаңаштап, ұятын бетiне шығарды. Олар (кез-келген сауатты топас) тоғышарлардың жалған, жасанды түйсiгiнiң қатпар-қатпарына бұғып қалған, бүгiп қойған ойы мен iстеп жүрген қастаншықпағыр пиғылын бет терiсiмен қаптап, қан-жыны iшiне толған қарын құсаған жан дүниесiн сыртына шығарып, ақтарып тастаған дананың әшкерелеушi Ақылын кешпедi. Дананың қиял құсын жантәсiлiм жатқанда да жалғыз қалдыру арқылы жазаға тартты. Жанын пида етер сәтiнде де ешкiм есiгiнен бас сұқпады. Ешкiм ауызына су тамызбады. Ешкiм басынан сүйемедi. Ешкiм дертiне дауа iздемедi. Тiршiлiгiнде арымен арпалсып, Ақылы азап шектi. Дертi меңдеген шағында тәнi мен жаны жанталасты. Ол дыбысын шығармай үнсiз өлдi.

Өлген кезде оның жансыз денесiнiң басына құзғынша қаптады.

Өйткенi ендi ол әлгi мизаяларға қауiпсiз болатын.

Дананы – Мизая, мизаяны – пенде етiп көрсеткен, о, жалған неткен қатыгез, неткен әдiлетсiз, неткен арсыз едiң!

Еркіндік

Даналар – ажалы арқылы ғана ойына еркiндiк бередi. Сонда ғана тәнi – тыныштық, жаны  жай табады.

Шыдам

Оның (Абайдың, мейлi бұл жолы Ницше-ақ бола қойсын): ақылы – арын қинады, ары – жанын қинады, жаны тәнiн қинады. Меңдеген дерт пен асқынған ауру, жұқарған жүйке оның иттiршiлiкпен айналысып, етекбасты боп өмiр сүруге мүмкiндiк бермедi. Ақылымен, дертiмен, жалғыздықпен бетпе-бет қалды. Бәрiне шыдаған жүйке – жалғыздыққа көне алмады. Үздiгiп барып үзiлген жоқ, бiрден жанартаудай атылып,  жарылып кеттi. Ақылы, тәнi, жүйкесi шыдаған қысымға рухы шыдамады.

Мәніс

Мәселенiң мәнiсi: мәңгiлiк өмiрде емес, өмiрдiң мәңгiлiк мәнiнде.

Тас

Даналар өмiрдiң әр құбылысына сондай қатыгездiкпен қарап, қатулы пiкiр бiлдiрiп, алғаусыз анықтама бередi.

Ең ұлы және ең соңғы таным – өлiм. Тек тұжырым жасап үлгермейсiң. Өйткенi – тәжiрибеден өзге емес, өзiң өтесiң. Дана мен топастың теңелетiн тұсы осы ара.

Себебi: Өлiмде – өлшем жоқ. Өлiмде мөлшер де жоқ, тек ақиқат қана бар.

Ал ақиқат – теңдiктiң сипаттамасы.

Қабiрiңе үйiлген топырақтың, орнатқан құлпытастың, азалы сөздiң саған түк қатысы жоқ. Ол артыңда қалған тiрiлердiң саған деген көзқарасы.

Байқа! Саған бұйырған бiр уыс топырақтың iшiнде тас боп жүрмесiн!

Аманат

Тоқта!

Жанартаудың  көмейiне жаныңды аманат қойып барып сөйлешi!

Сонда өтiрiк айтпайсың. Сонда…

Өмiр өлсе де шындық тiрi қалады. Тек соны тауып, танып, бағалай бiлген адам ғана Даналыққа жетедi. Өлмеске бет бұрады.

Ізет

Даналар ғана дұшпанын сыйлай бiледi.  

Олжа

О, Тәубә! «Құдайға күмәнданған» Ницше де мұсылман болуға ұмтылыпты! Менiң алдымда ондай мәселенiң Мәселе ретiнде қойылмағаны қандай олжа десеңшi!

Сәйкессіздік

Даналардың соры – Болмыстан тыс ойлап, болмыстың iшiнде өмiр сүргендiгiнде.

Маусым-шiлде 1999 ж.

Жалпы бұл ой иiрiмiнiң тақырыбын «Стефан арқылы Фридрихпен жалғасу» немесе «Цвеигтiң сүрлеуiмен Ницшенi түсiнiп, Абайға қайтып оралу» деп атаса да болады.

«Жас алаш» газеті,

Тұрсын ЖҰРТБАЙДЫҢ күнделігінен.

Жалғасы бар.

Фото: mix.tn.kz

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ!

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.