М.Сейсенбай

Белгілі кәсіпкер, қоғам белсендісі Марғұлан СЕЙСЕМБАЙ Faсebook-тағы парақшасында мәлімдеме жасады. Альянс банк директорлар кеңесінің төрағасы болған бизнесмен бұл мәлімдемесінде қазір атқарып жүрген бірнеше (түгел десе де болады) әлеуметтік белсенділігін «күрт қысқартатынын» айтты.

Оның мұндай қадамға баруына Альянс банкіне қатысты ескі істерді қайта жандандырып жатқан ҚР Бас прокуратурасының жанындағы мекемеаралық тергеу тобының әрекеттері себеп болыпты. Ал, Бас прокуратура бұл істі Сейсенбайдың «Стратегиялық бастамалар форумынан кейін бастаған. Кәсіпкер бұл жағдайға өзінің әлеуметтік белсенділігінің де себеп болғанын айтады.

«Менiң әлеуметтiк белсендiлiгiм үшiн Альянс Банкiге қатысты ескi қылмыстық iстердi қайта жандандырды. Бұл iстердiң бiрнеше рет тергелгенiне, олардың көптеген баптарының ескіргенiне қарамастан тергеу тобы ескi материалдардан жаңа iс құрамақшы. Мен еш бiр iстен күнәм бар деп қорықпаймын. Бiрақ егер керек болса менi кiнәлi етiп қоя алатыны баршамызға белгiлi жағдай.

Альянс банкi және одан несие алған компаниялардың жұмыскерлерiн қайта -қайта шақырып, тергеп мазалауда.

Осыған орай, мен өзiмнiң әлеуметтiк белсендiлiгiмдi күрт қысқартамын», — дейді Марғұлан мырза.

Бұлар қандай әлеуметтік белсенділіктер? Мәлімдеме авторы нақты тізім бойынша тізіп шығыпты. Бірден онға дейін созылған тізімнің ішінде: бизнес мәселелердi талқылап кеңес беретiн таңғы серуен, Nomad Explorer ұйымдастыру тобынан шығу, «Оңтүстiк аңыздары» экспедициясының ұйымдастыру жұмыстарын ұйымдастыру комитетiне тапсыру, «2-шi жастық» тобынан шығу, «Қоңыр унитаз» флешмобын тоқтату, “Alma museum” мұражайымен «Алмалы жұмақ» қоғамдық қорын, мемлекеттiк мұғалiмдердi қолдауға арналған «Qalam» қорын жеке балансқа шығару сияқты нақты құжаттық мәселелер бар.

Сондай-ақ, елiмiздегі әжетхана мәселесiн көтеруді, жастарға бизнес жөнiнде дәрiс оқуды, белсендiлiк көрсетiп жаңа бастамаларды ұсынуды да тоқтатпақ. Дегенмен, осының бәріне қарамастан, Сейсенбай елінің дамуы үшін қабілетін аямай, адал істермен айналысуға тырысатынын айтады.

Бұдан аз ғана бұрын президент Нұрсұлтан Назарбаев несие алып, оны қайтармайтын, оның үстіне субсидия алатын банкрот компаниялар проблемасын көтеріп, Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевқа ескерту жасаған болатын. Кешегі үкіметтің кеңейтілген отырысында да осы мәселені тағы бір сөз қылып, өзі «қорқақсыңдар» деп кінә таққан үкімет пен министрлерден барлық банктерді тазалап беруді талап етті.

«Сендер – Үкімет, министрлер емес, қорқақсыңдар. Шешім қабылдау үшін қолдарың мен тізелерің дірілдейді. Онда не үшін жұмыс істеп жүрсіңдер? Маған барлық банктерді тазалап беріңдер, сонда осы Үкімет міндеттерін адал орындады деп санаймын, сосын отставкаға кетіңдер», – деген президент.

«Альянс» банкіне қатысты тергеу ісі бұған дейін басталса Марғұлан Сейсембай бұл мәлімдемесін неге ертерек емес, дәл осы үкімет отырысынан кейін жасады деген сұрақ туады. Бәлкім, банкротқа қатысты қатаң тапсырма беріп, «қорқақсыңдар» деген ескерту алған министрлердің енді батыл қимылдай бастайтынын түсініп, өзіне төнген қауіпті енді ғана шын сезінген шығар. «Керек болса менi кiнәлi етiп қоя алады», деген сөзі де осыны аңғартатын секілді…

Айтпақшы, Марғұлан Сейсембай мырзадан бұл мәселеге қатысты нақты пікірін білу қиын болады. Өйткені, ол БАҚ-тарға сұхбат беруді де тоқтатты.

Фото М.Сейсембайдың Facebook парақшасынан алынды.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.