Экономист, «Байтақ болашақ» экоальянсының төрағасы Азаматхан ӘМІРТАЙМЕН болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Азаматхан Әмірханұлы, сіз соңғы кездері еліміздегі статистикалық мәліметтерге көп сене беруге болмайтынын жиі айтып жүрсіз. Шынында, ел экономикасының дамуы туралы ай сайын беріліп жататын статистикалық мәліметтерде үнемі өсім, тұрақтылық бар. Сонда шынайы жағдай мүлдем бөлек болғаны ма?

– Қазақстан – мұнайлы мемлекет. Бірақ мұнай мен доллар экономикамыздың шынайы жағдайын көрсетпейді. Тек көбік қып көрсетеді. Көлемі көп сияқты болып көрінуі мүмкін, бірақ нақты экономика көрінбейді. Статистика ақпараттарының дұрыс емес екенін ауылға барсаңыз, бірден байқайсыз. Ауылдағы жастардың барлығы дерлік жұмыссыз. Көбісі тиіп-қашып жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығы саласы тіптен құлдырап жатыр. Ауылшаруашылық өнімдері негізінен шетелден келеді. Экспортқа қарағанда импорт көп. Әрине, мемлекеттік мекемелер, министрліктер сол статистиканың мәліметтерін алып, жоспарлар құрады. Бірақ статистика комитеті ақпаратты нақты экономикадан емес, жергілікті жерлердегі мемлекеттік ұйымдардан алады. Олар жоғары жаққа бағынышты болғандықтан, цифрларды асыра көрсетеді. Сөйтіп, бұл цифрлар қолдан-қолға өтіп, нақты көрсеткіштен екі-үш есеге асып кетеді. Баяғыда Ахметжан Есімов ауыл шаруашылығы министрі боп тұрған кезде елімізде жиналған бидай туралы ақпаратты көріп, «мәссаған, осыншама бидай жинаппыз ғой» деп аң-таң болған еді. Сөйтіп, «Біз бидайды жоспардағыдан екі-үш есе көп жинадық. Енді бидайды экспортқа шығаруға рұқсат беріңіз» деп, президентке баяндады. Экспорттың есігін ашып жіберген кезде өзіміздің қамбада бидай қалмай қалды. Тіпті ішкі сұранысты қамтамасыз ете алмай, біраз дағдарысқа түсті. 2012 жылы елімізде электрондық статистика деген бағдарлама жасалмақшы болып, бұл мақсатқа 3 миллиардтай теңге бөлінді. Бірақ сол күйі жасалмай қалды. Оның мақсаты ақпарат берудің басқа түрін табу еді. Яғни ақпаратты алғашқы көздерден алып, компьютердің өзі сараптама жасап, нақты мәлімет беріп отыруы тиіс еді. Бірақ бұл іс аяқсыз қалды. Бәлкім, мемлекеттің позициясын ойлап, өзіндік бір саясат ұстанып, жалған статистикалық ақпараттарды беру белгілі бір адамдар үшін пайдалы да шығар. Бірақ бұл салада нақты, таза саясат болмаса, мемлекет құрдымға кетеді. Өндіріс, банк, шағын және орта бизнес – қай саланы алсаңыз да, шынайы көрсеткіш жоқ. Өйткені статистика комитеті бұрынғы методикамен жұмыс істейді.

– Өткен жылы премьер-министр Бақытжан Сағынтаев еліміздегі асылтұқымды малдардың  саны да есеп бойынша өте көп екенін, бірақ экспортқа ет шығарар кезде асылтұқымды мал таппай қалғанын айтып қалып еді. Соған қарағанда жалған мәлімет барлық саланы жаулап алған ғой деймін…

– Біздің елде сыбайлас жемқорлық деген дерт биліктің бойына соншалықты сіңіп кеткен. Агросекторда нақты ақша жоқ. Субсидиялар «откатпен» берілетінін бәріміз білеміз. Қостанай облысында бидай егумен айналысатын, миллион гектарға дейін жері бар «Иволга» деген үлкен холдинг болды. Кезінде бұл шаруашылыққа мемлекеттен көп қаржы бөлінді. Бірақ ақырында банкротқа ұшырады. Мойнында миллиардтаған қарызы бар. Ал қожайыны «Форбс» тізімінде жүр. Сонда мұны қалай түсінуге болады? Осындай, «Форбс» тізімінде жүрген талай олигархтың мойындарында миллиардтаған қарыздары бар. Яғни оларда қаржы, мүмкіндік болды, бірақ бизнес білімдері болмады. «Көз қысты, бармақ бастымен» байыды. Мұны «колхоздық бизнес» деп айтуға болады. Гигант компания құру оңай. Бірақ оның жұмысын жүргізіп, шайқалтпай ұстап тұру тек мықты топ-менеджерлердің ғана қолынан келеді. Бізде компания құра салып, жұмысқа тек жақындарын тартады. Олардың қаржылық жағынан білімдері аз. Компания белгілі бір активтер алғаннан кейін оны банкке кепілдікке қояды да, үлкен сомада несие алады. Ал бизнес деген ауытқып тұрады емес пе? Бірде жақсы жүреді, бірде тоқтап қалады дегендей. Сөйтіп жүріп қарызға кіріп кетеді. Өйткені банктік пайыздар өте үлкен. Мемлекеттік қолдау тиын-тебен ғана. Содан мемлекеттік қызметке ауысып алып, қолына билік тисе, бірінші кезекте қарыздарын жабуға тырысады. Яғни мемлекеттік тапсырыстардың барлығын дерлік өзінің компанияларына тартады. Міне, біздің елдегі бизнестің сиқы осындай.

 Мысалы, еліміздің мықты бизнесмені саналып жүрген Нұрлан Смағұловтың өзі «Мега» орталықтар салу үшін мемлекеттен қаншама рет қаржы алды. Ал қаншама жеке кәсіпкерлер өз қаржыларына осындай сауда орталықтарын салып отыр ғой. Сондықтан бізге сауатты кәсіпкерлік керек. Әлем бұл кезеңнен өтіп қойды. Америкада жақсы кәсіпкер мен жалған кәсіпкерді ажырата біледі. Жаман олигархтар қаржыларын банктің депозиттерінде ұстайды. Жақсы олигархтар ноу-хоуға, венчурлік инвестицияға салады. Мысалы, Стив Джобс, Билл Гейтс – бұлар венчурлік инвесторлар, яғни тәуекелге барып қаржыларын өте қиын бизнестерге салып, биікке көтерілгендер. Біздің елде де сондай олигархтар шығады-ау деп ойлап едім. Бірақ әзірге жоқ. Мысалы, миллиардер Болат Өтемұратовтың баласы Әлидар, одан кейін Кеңес Рақышев сияқты ірі кәсіпкерлер біраз қаржысын ІТ саласына салды. Бірақ біраз қателіктер жіберіп алды ма, әйтеуір, кейіннен қарқындары басылып қалды. Меніңше, олар өз төңірегіне мықты, іскер адамдарды жинай алмады ғой деймін. Тегінде ақшаны тек еңбек ететін адамға ғана беру қажет. Олар осындай адамдарды таңдай білуі керек. Мен бір әкімді жақсы білемін. Туған бауырына кәсіп ашып беріп қойған. Әрине, әкімдіктен кетсем, сол кәсіпті жалғастырып кетемін ғой деген де ойы болғаны анық. Ал інісі берген ақшаның бәрін ішіп-жеп, жоқ қылып жатыр. Әкім ағасы оны біліп отырған жоқ. Сондай үлкен қолдауы барда інісі жұмыс істейді дейсіз бе? Алысты болжайтын әкім бизнесін қолынан іс келетін адамға беруі керек еді. Өзіңе жақын, сенімді адамдардың барлығы бірдей іскер емес қой. Негізі, кадрды іріктеу туралы арнайы ғылым бар. Адамның ресурсын пайдалану туралы менеджмент бар. Мұның бәрі үлкен ғылым. Адамды дұрыс таңдап, дұрыс пайдалана білу қажет. Біздің елде сондай жүйе жасалмайынша, еш уақытта көтеріле алмаймыз.

– Билік өкілдерінің әдемі әңгімесін тыңдап отырсаңыз, біздің елде бизнес жасау өте оңай сияқты. Несие алу да, фирма ашу да оңай. Қаласаң, мал бордақылаумен айналыс. Болмаса ет, сүт өндір. Бұған қолдау көрсететін арнайы бағдарламалар бар. Әйтеуір, бәрі керемет. Бірақ жұрттың бәрі кәсіп игеріп жатқан жоқ қой. Биліктің сөзі мен нақты өмірдегі жағдайдың осынау сәйкессіздігі неден деп ойлайсыз?

– Кәсіп ашу үшін ең алдымен ақша керек. Банк несиені 21 пайызбен береді. Ол талабымен келіссеңіз, «кепіл қойыңыз» дейді. Амал жоқ, үйіңізді кепілге қоясыз. Үйіңіздің бағасы 50 мың доллар тұрса, банк сізге соның жартысын ғана несие ретінде береді. Және банк ол ақшаны бірден бере салмайды. Жең ұшымен жалғасуға мәжбүрлейді. Онсыз тірлік бітпейді. Өйткені олардан несие алсам деген адамдар ұзын сонар кезекте тұр. Мен өзім осы экономика саласында жұмыс істеп жүргендіктен, мұндай жағдаймен талай мәрте бетпе-бет келдім. «Сізден ештеңе дәметпейміз, бірақ сіз ақшаны басқа қаржы институттары арқылы алуыңыз керек» деп ашық айтатындары да бар. Сөйтіп, арадағы делдал мекемелерге бағыттайды. Ал олар несиені айына 4 пайызбен, жылына 48 пайызбен береді. Бірақ оларға ешқандай пара бермейсіз. Тек кепілдігіңіз болса болды. 48 пайызбен несие алу – бизнесті өлтіру деген сөз. Қазақстандағы мықты бизнес жылына ары кеткенде 20-25 пайыз табыс әкеледі. Ең төмені 5-10 пайыз. Сонда 48 пайызбен несие төлесеңіз, одан бөлек, жалақы, басқа да шығындар бар, екі-үш жылда банкротқа ұшырайсыз. Біздің бизнесті осындай жағдайлар құртып жатыр. Яғни бізде тиімді қаржыландыру жүйесі жоқ деп айтуға болады. Екінші деңгейлі банктердің барлығының өз қожайындары, өз бизнес корпорациялары бар. Одан бөлек, шетелде бизнестері тағы бар. Мемлекеттен қаржы алып, соларды дамытуға жібереді. Оларға ең төменгі пайызбен береді. Біздің елдегі қаржы саласы осылайша мафияға айналып кеткен. Өзіңіз де ақпарат құралдарынан оқып жатқан боларсыз, Цеснабанк Ұлттық банктен қаржы алған. Қазақ банкі Ұлттық банктен 85 миллиард теңге алған. Оның 60 пайызын қайтарған, 25 пайызы қалған. Астана банкі туралы да жазылды. Мемлекеттен алады, ештеңе қайтармайды, өз бизнестерін дамытуға жібереді. Қарапайым халыққа пайда жоқ. Жағдай осылай кете берсе, қайда барамыз? Кәсіп жасаймын дегендердің барлығы банкротқа ұшырап жатса, экономикамыз не болады? Міне, осыны ойласаң қорқасың.

– Осындай жағдайдан кейін жастардың кәсіпке қызығушылығы қалай?

– Менің ойымша, облыс әкімдері жастар мәселесімен түбегейлі айналысып жатқан жоқ. Тек жол, үй салу сияқты шаруалардан қолдары тимейтін сияқты. Жастарды бір залға жинап алып, кәсіппен айналысыңдар деп ақыл үйрете бермей, нақты қадамдар жасалуы керек қой. Ол үшін ең алдымен жастарға пайызсыз ақша беріп, бизнесін жолға қоюға жәрдемдесу қажет. Бір кәсіпкер он адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Салық төлейді. Әрине, 1000 адамға ақша берсең, 200-і ғана дөңгелетіп әкетуі мүмкін. Бірақ бұл ішкі экономиканың ақшасы ғой. Бәрібір қаржы айналымы болады. Залға жинап алып, ақыл айта бергеннен пайда жоқ. Бір таңғалатыным, әкім болар алдында адамдардың барлығы өте қарапайым болады да, әкім болған соң миллионер болып шыға келеді. Әрине, Бердібек Сапарбаев, Қырымбек Көшербаев сынды мықты әкімдер де бар. Ауылдан келген жастар қалада 50-60, ары кеткенде 100 мың теңгеге жұмыс істейді. Қазіргі заманда адам 100 мың теңге жалақы алып тұрмысын түзей ала ма? Үй алуы, үйленуі керек. Денис Тенді өлтірген бұзақылар да бұл қадамға күнкөріс үшін барғаны анық. Мен оларды қолдап отырғаным жоқ. Бірақ жастарымыз жұмыс жоқ болғандықтан, басқаша жолмен күн көруге түсіп кеткендері жасырын емес. Әрине, жастар саясатына байланысты әртүрлі іс-шаралар қолға алынып жатыр. Бірақ бәрібір жастарды нақты қолдау жоқ.

Біз жерасты байлығын сатып отырған мемлекетпіз. Мұнай-газдан пәленбай миллиард қаржы түсіп жатыр. Бірақ біз ол байлығымызды тек өзіндік құнына ғана сатып жатырмыз. Ары қарай басқа компаниялар сатып, пайдасын көруде. Соның өзінде өте көп ақша түсуде. Сол табысты ашық түрде дұрыс жұмсай алсақ, экономикамызды көтеруге болар еді. Жақында Еуропалық қайта құру және даму банкі Қазақстанның мұнайды пайдалануға 10-ақ жылдай уақыты қалыпты деген болжам жасапты. Яғни 10 жылдан кейін энергияның басқа көзі табылады деген сөз. «Сондықтан экономиканы көтеру үшін Қазақстанның 10 жылдай уақыты бар, мұнай саудасын дұрыс бағытқа бұрып алу қажет» деп айтыпты олар. Қазақстан билігі қазір өте мығым отыр. Ешкім оларды биліктен кетіре алмайды. Бірақ олар ертең мұнай қоры біткен кезде келешек ұрпақ өздерін кешірмейтінін түсінуі қажет. Әйтпесе болашақтың жастары «сіздерде көп мүмкіндік болды, нақты экономикаға неге жұмыс істемедіңіздер?» деп қазіргі билікті кінәлауы әбден мүмкін.

– Жақында ғана президент инвестиция тарту мәселесін сыртқы істер министрлігінің еншісіне бөліп берді. Бұл инвестиция аз келіп жатқаннан жасалған қадам ба, жоқ әлде бұлардың легін бұрынғыдан да көбейтейік деген ой ма?

– Егер ашып айтатын болсақ, инвестиция дегеніміз тек ақша ғана емес. Қазақстанда ақша бар. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы қолға алынды. «Самұрық-Қазынаны» трансформация жасады. Бірақ солардың бәрінің нәтижесін жақында өткен үкімет отырысында премьер-министрдің өзі айтты емес пе? «Пәлен жылдан бері пәленбай қаржыға 1000 зауыт салып едік, бәрінің нәтижесі нөл болды» деді ғой. Яғни бар мәселе ақшада емес екенін мемлекет енді түсінген сияқты. Өйткені нақты ақшаны салды, бірақ нәтиже жоқ қой. Сондықтан басты инвестиция: бұл – технология мен менеджмент. Мысалы, Америкадан инвестиция келетін болса, онымен бірге тек ақша ғана келмейді. Онымен бірге барлық басқару жүйесі, менеджмент келеді. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша үлкен зауыт ашып, оған ешқандай тәжірибесі жоқ адамды басшылыққа қойып жатты. Бәлкім, ол біреулердің жақындары болар. Бірақ олар жұмысты қалай жүргізу керек екенін білмеді. Сөйтіп, бұл зауыттар ақырында банкротқа ұшырады. Сіз тауар өндіріп, үстіне өз бағаңызды қойып, нарықта сатасыз делік. Ал бұл жаңадан шыққан өнім болса, ешкім ол тауарды білмейді де. Сондықтан жарнама, маркетинг мәселесін жаңғыртуы қажет еді. Өнім сатылмаған соң, зауыт өз ресурсын жей береді. Ақырында банкке қарыз болып, банкротқа ұшырайды. Мұнай-газ саласымен айналысатын америкалық Halliburton компаниясының бір зауытын қазақстандық кәсіпкер елімізге алып келіп орнатты. Зауыт өнімін Американың өзі сатып алатын болды. Қарағандыдағы сол зауыт үш-төрт жылда өз шығынын ақтап алды. Өйткені өнімді сату жағы шешілген еді. Сіз бір зат өндірдіңіз, егер ол сатылмаса, – бітті, банкротсыз. Өйткені өнімді сату  зауытты салғаннан да қиын жұмыс. Әлемдік тәжірибеде зауыттар өз өнімін тұтынушыға ешқашан тікелей сатпайды. Зауыт тек өндірумен айналысады. Олардың өнімін сатумен айналысатын дистрибьютерлік компаниялар бар. Бұл үлкен жүйе. Ал Қазақстанда бұл үлкен проблема. Сондықтан Қазақстанға инвестиция тарту үшін сыртқы істер министрлігін пайдалану тәжірибесін қолдаймын. Бұл бұрыннан көтеріліп келе жатқан мәселе еді. Енді жаңа министр Бейбіт Атамқұлов бұл істі қаншалықты алып кете алатынын уақыт көрсетеді. Бірақ Атамқұловтың бизнестегі тәжірибесін байқамадым.

– Өзіңіз де ұзақ жылдардан бері бизнеспен айналысып келесіз. Талай қиындықты бастан өткердіңіздер. Қандай ой түйдіңіз?

– Кәсіппен айналысып жүргеніме 28 жыл болды. 13 жасымнан бастап базарда сауда істедім. ІТ, телекоммуникация, тасымалдау бизнесімен айналыстым. Осы жылдар ішінде төрт рет дағдарысты бастан өткердік. Басында бизнесіміз шағын болғандықтан, дағдарысты сезген жоқпыз. 2008 жылы болған әлемдік дағдарыс біздің бизнесімізге қатты әсерін берді. Теңге бір жарым есеге құлдырап кетті. Көп қаражаттан айырылып, кейбір бизнесімізді жабуға тура келді. 2015 жылы тағы да дағдарыс болып, теңгеміз доллар курсына шаққан кезде 180-нен 360-қа бір-ақ көтерілді. Пайда түгіл, қарызға баттық. Он миллиондаған доллар қарыз болдық. Сол жылы мәскеулік «Скольково» басқару мектебіне оқуға түскен болатынмын.  Бірақ біз нарықтық бизнес құрдық. Міне, енді алдымызда тағы дағдарыс тұр. Ол – Американың Ресейге салған санкциясы мен мұнай бағасының түсуі. Бұдан шығатын бір ғана жол – шағын және орта бизнесті мемлекет барынша қолдауы керек. Экономиканы диверсификация жасау қажет. Диверсификация туралы айтылып келе жатқанына 20 жылдан асты. Статистикалық мәліметтерді алатын болсақ, шағын және орта бизнестің саны әлі 20 пайыздан аспай отыр.

Керісінше, 1999-2000 жылдары шағын бизнестің саны көбірек болған екен. Сонда соңғы жылдары кәсіпкерлікті дамытуға байланысты құрылған түрлі инновациялық құрылымдардың пайдасы жоқ болғаны ғой. Біздің кәсіпкерлігіміз негізінен олигархтардың бизнесі болып кетті. Кім басқарса да, Қазақстанның болашағы мықты экономикада. Нақты экономикаға көңіл бөлу қажет. Шағын және орта бизнестің негізі – дарынды адамдар. Оларға дұрыс бағыт-бағдар беріп, нақты қолдау қажет. Мемлекеттен қолдау сезінген кәсіпкер нағыз патриот болады. Түркияда бұл жүйе жақсы жолға қойылған. Сіз кәсіп ашқыңыз келе ме, барлық жағынан қолдау жасайды. Барлық жол ашық. Аяғынан тұрып алғанша салық төлемейді. Мемлекет шын ниетімен қолдау көрсеткеннен кейін олар мемлекетін жақсы көреді. Шетелден офис ашамын, тауарымды экспортқа шығарамын десе де, барынша қолдау көрсетеді. Қазір Ресей де осы жолға түсуде. «Скольковода» оқып жүрген кезде биліктің ресейлік кәсіпкерлердің тауарын Қытайға шығуына қолдау көрсеткенін көрдім. Офисіне дейін алып берді. Сондай қолдаудан кейін Қазақстанда қаншама ресейлік компания ашылды. Біздің шенеуніктер мұны түсінбейді. Олар өз пайдасын ойлап тұрады. Сізге бір қызық айтайын, қазір экономикалық өсу Өзбекстанда өте жақсы қарқын алып келеді. Туризм өте жақсы дамыған. Осы саладан бюджетке көп қаржы түсуде. Оларда нақты экономикада шынайы өсім бар.

Нақты экономика үшін біз мынандай төрт ұсыныс жасадық. Ең алдымен шағын және орта бизнеске толық еркіндік беру. Ол үшін сот жүйесін тәуелсіз ету. Өйткені кез келген кәсіпкер сотқа жүгінеді. Еркіндік болуы үшін елдегі кримоногендік жағдайды дұрыстау қажет. Бизнес жасап, дүние тапқанымен, байлығын біреу тартып алса не болады? Тағы бір мәселе – кәсіпкерлердің рейтингісін анықтау. Екінші ұсынысымыз – бизнесті қаржыландыру жүйесін дұрыстау. Түркиядағыдай жүйені табу қажет. Үшіншіден, ішкі өндірісті көтеруіміз қажет. Ол үшін сырттан келетін тауарларға мемлекеттік төлемдерді көтеру керек. Оның түрлі жолдары бар. Экологиялық мәселені де себеп қылып салық салуға болады. Америка Қытай тауарларына сондай талап қойды ғой. Сосын, арнайы дотациялық бағдарламалар керек. Тауар өндірушілерден мемлекет қаржыны аямауы тиіс. Төртіншіден, біздің елдегі білім беру жүйесін өзгерту қажет. Өз алдымызға тәуелсіз ел болдық, демократиялық жолмен келе жатырмыз. Бірақ біздің мектепке дейінгі де, кейінгі де оқыту жүйеміз кеңестік кезеңнен қалған. Ал кеңестік заманда демократия, нарықтық экономика болған жоқ. Тек қана орындаушыларды дайындады. Мектеп бітірген бала тапсырманы мықты орындаушы болуы керек. Лидерлік қасиеті жоқ. Сондықтан білім жүйесін өзгертіп, іскер адамдарды дайындайтын жаңа жүйе қажет. Мектеп бітірген баланың кәсіппен айналысуға дайын болуы керек. Бұл іске асса, 10 жылда экономикамызды мықты көтеріп аламыз.

– Мемлекет ІТ, цифрландыру саласына үлкен сомада қаржы салып жатыр.  Ал нәтиже көңіл көншіте ме?

– Цифрландыру – бүгінгі заман талабы. Мемлекет оны қолдасын-қолдамасын, қазір титтей баланың алдына компьютер қойсаңыз, бірден қосып, ойнап кете береді. Яғни ол балада бұл бағытта ақпарат бар. Бірақ біздің елде цифрландыруға байланысты жүріп жатқан жұмыстарға көңілім толмайды. Қаншама ақша бөлінді. ІТ саласының экономикада нақты бағасы жоқ. Сондықтан бағасын қолдан көтереді де, ақшаны тез игеріп тастайды. Электрондық қызметке 1 миллиард 800 млн теңге, электронды статистикаға 3 миллиард, электронды үкіметке 20 миллиардтай, электронды құжат айналымына тағы да қыруар ақша бөлінді. Бірақ нәтиже аз.

– Сосын, біздің елде дәл қазір қажет емес, өте қымбат жобаларға қаржы көп бөлінетін сияқты…

– Дұрыс айтасыз. Бұрынғыларын айтпағанда, дәл қазір Астана қаласында аспалы жол, яғни LRT құрылысы салынуда. Бұған 1 миллиард  900 млн доллар қарастырылған. Ұзындығы бар-жоғы – 23 шақырым. Аэропорттан вокзалға дейін созылған. Бұл – Қытай елінің ақшасы. Өзіңіз ойлаңызшы, аэропорттан вокзалға күніне қанша адам келуі мүмкін. Билеті ары кеткенде 100-200 теңге болуы мүмкін. Енді есептеп көріңіз, айына 10 мың адам ары-бері қатынады дегенде 1 миллион теңге пайда түседі екен. 1 миллиард 900 миллион доллар дегеніміз – 650 миллиард теңге деген сөз. Яғни LRT-ға жұмсалған қаржыны өтеп алу үшін 500 жыл керек екен. Сонда қытайларға бұл ақшаны кім қайтарады, қашан қайтарады? Экономика деген – сөз үнемдеу деген сөз. Ал біз шашып жатырмыз. Мұндай қымбат жобалар Қазақстанда өте көп. Оның бәрін кім қайтарады?

Кезінде Индонезияға қытайлар инвестиция салған. Кейін активтерін қайтармағаны үшін Индонезияның жерін, басқа да байлықтарын Қытай алып алды. Ертеңгі күні біз де ақшаны қайтармасақ, сол елдің кейпін кешіп қалмаймыз ба? Осы туралы қаншама мәрте жаздық, айттық, билік тарапынан селт еткен біреуі жоқ. Бұл – экономикамызға қарсы жасалып жатқан жобалар. LRT Алматыда да қолға алынбақшы. Одан бөлек, «Көкжайлау» жобасы пайда болып, 1000 гектар жер бөлініп, миллиардтаған қаржы жұмсалайын деп отыр. Жақында Алматы облысындағы Талғарда тау шаңғысы базасы ашылды. Бұл іске жергілікті бір кәсіпкер 60 млн доллар жұмсапты. Ол «Көкжайлау» жобасынан кем емес. Ал «Көкжайлауды» одан 10 есеге қымбат жасайын деп отыр. Меніңше, бұл жоба шығынды ақтамайды. Қазіргі жағдайда, сонымен бірге алда келе жатқан экономикалық дағдарыста қымбат, экономикалық жағынан тиімсіз жобаларға мароторий жариялауымыз керек, яғни бұл жобаларды тоқтату қажет. Идея жақсы, бірақ дәл қазір қажеті жоқ. Сосын, Астанаға сондай үлкен теміржол вокзалын салудың қажеті бар ма еді? Мен өзім көрген Лондондағы, Нью-Йорктегі вокзалдар кішкентай ғана. Өйткені олар вокзалды өтіп бара жатқан шақтың құрылысы деп санайды. Қазір ол елдерде әуе жолы жанданып келеді.

 «Қазақстан темір жолы» АҚ-ына жақында ғана президент болған Сауат Мыңбаев «бұл мекеме 4,5 миллиард доллар қарыз» деп айтты. Және биылғы жылды 25 миллиард теңге шығынмен аяқтапты. Мен өзім 2005-07 жылдары осы салада жұмыс істедім. Ол жылдары теміржолдың жүк таситын бөлігі табысты еді. Қарыз деген жоқтың қасы болатын. Енді 10 жылдан астам уақытта 4,5 миллиард доллар қарыз қайдан шықты? Оны кім қайтарады? Бұл дегеніміз сұмдық қой. Әйтеуір, шығындарымыз шаш етектен.

– Қазақстанға Қытай елінен 60-қа жуық кәсіпорынды көшіріп әкелмекші. Билік бұдан «ешқандай қауіп жоқ» дейді, бірақ халық арасында бұған әлі де сенбейтіндер көп.

– Меніңше, президент Н.Назарбаев мына нәрсені түсінген сияқты. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына ақша салды, бірақ оң нәтиже жоқ. Өйткені зауытты салып тастағанымызбен, оның технологиясы мен өнімді өткізу мәселесі шешілген жоқ. Сондықтан Қытайдан дайын зауыттарды әкеліп, дайын нарығы бар жобаларды қолға алу арқылы ішкі экономиканы диверсификация жасауға кірісіп жатыр. Бұған экономикалық жағынан қарайтын болсақ, бұл, әрине, тиімді. Дегенмен бұл зауыттардың біздің экологиямызға зиян келтірмейтін жағын да ойлану керек. Әрине, саяси астарына жоғарғы жақ мән беріп отырған болар. Алайда бұл жоба жалғасын тауып, АҚШ, басқа да шетелден зауыттар алып келетін болса, мұның бәрі нақты экономикаға жұмыс істейді. Бірақ кадр іріктеу мәселесі басты назарда тұруы қажет. Осы мәселеден көп опық жеп жүрміз.

– Білімді жастардың шетелге кетіп жатқаны көпшілікті қатты алаңдатып жүр. Президенттің өзі жақында ғана бұған тосқауыл болатынын айтып қалды. Десе де, жастар жетіскеннен шетел асып жатқан жоқ қой…

– «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқыған әрбір жасқа бұрын орта есеппен 300-500 мың доллардай шығын кететін. Ендеше, шетелде оқып келген жастар экономикамыздың дамуына қандай үлес қосты? Олар шетелдің тұрмысын, жағдайын көріп келеді. Мәдениетін де, бизнесін де байқайды. Содан біздегі жемқорлыққа толы жүйеге қойып кетіп, бір-екі мәрте тірлік істеуге ұмтылып, аузы күйіп, ақырында қолдарын бір сілтеп қояды.  

  «Болашақты» бітірген жастардың елге үлкен арманмен келіп, қорықпастан несие алып, тірлік бастап, ақыр аяғында қарыз боп қалғандарын да көрдім. Сондықтан «саған ақша салып, шетелде оқыттық, енді жұмыс істе» деп бар ауырлықты соған артып қоя салмай, оның да жұмыс істеуіне жағдай жасау керек. Егер бір кеңістікте А, Б, С, Д нүктелері жатса, А нүктесінен Д нүктесіне жету үшін Б, С нүктелерін басып өту керек қой. Ал қазіргі Қазақстанда А-дан Д-ға жететін тіке жол бар. Бәрі соны таңдайды. Ол – «бармақ басты, көз қыстымен» шаруа шешу деген сөз. Идея дегеніміз – барлық жұмыстың 5-ақ пайызы, 95 пайызы соны жүзеге асыру. Осындай менеджмент жүйесі керек. Сауд Арабиясының балаларымен бірге оқыдым. Оларға еліне барған соң, кәсіп ашуға мемлекет ақша береді. Бізде де солай болуы керек. Туризмді дамыту үшін алдымен кримоногендік жағдайды түзеу керек. Біреулер алдымен дәретхана салу қажет деп жатыр. Одан бұрын, қылмыстық жағдайды дұрыстау қажет. Ол дұрыс болмаса, әп-әдемі етіп салып қойған дәретханаға баратын адам болмай қалады. Сосын, инфрақұрылымды қолға алу керек.

– Шетел жастары Қазақстан туралы не ойлайды? Ол жақта біздің ел, қазақтар туралы не айтылады?

– Шетелде қазақтарды «Шашубай» деп айтады. Дүние шашқыш дегендері ғой. Мақтаншақ деп санайды. Өйткені қымбат көліктерге құмар екенімізді біледі. Сосын, Қазақстанда барлық мәселені ақшамен шешуге болатынын біледі. Шыныңды айтсаң, ұяласың. Ресей туралы да солай ойлайды. Бірақ Ресейде бір әділдік бар сияқты. Ол жақта да парақорлық дендеген. Алайда бір тендерді алып, жоғарғы жаққа пара берсеңіз, бұл ол жұмысқа жүрдім-бардым қарау дегенді білдірмейді. Қанша пара берсеңіз де, жұмысты ойдағыдай атқармасаңыз быт-шытыңызды шығарады. Ал бізде бір нәрсе берсеңіз, жұмыс жасамай-ақ қойсаңыз да болатын сияқты. Сондықтан бізге тек ашықтық керек. Кезінде «100 нақты қадам» ұлт жоспарының 10 қадамы қоғамдық ұйымдар туралы болды. Кейін бұл жоспардың екпіні басылып қалды. Сол қоғамдық ұйымдардың рөлін күшейтпей, елде жемқорлық өрши береді.

– Ел ішінде үлкен шу болып жүрген мәселенің бірі – шет мемлекеттерге қарызымыз. Әрине, билік «мұның бәрі мемлекеттің қарызы емес, бизнестің қарызы, әлі лимиттен асқанымыз жоқ» дейді. Бұл, шынында, солай ма?

– Қандай қарыз болса да, оған мемлекет жауапты. Жанама болса да, жауапты. Өйткені мемлекет шетелден ақша тартқан кәсіпкерлерге лицензия берді ғой. Жоғарыда айтқан, аспалы жол, инновациялық бағдарлама бойынша салынған кәсіпорындарға кеткен қаржының бәрі мемлекеттің мойнына өтеді.

– Көпшілік ортада жиі боласыз. Адамдармен көп араласасыз. Сізді не толғандырады?

– Қазір біздің шенеуніктердің Қазақстанның ішкі проблемаларын жинастырып қойып, әлемдік мәселелермен айналысып кеткені қатты ойландырады. Қайбір күні Астанадағы «Риксос» қонақүйіне барсам, үлкен бір жиын өтіп жатыр екен. Тыңдап көрсем, мәжіліс депутаттары, министрлер, басқа да шенділер бар – Сирия мәселесін талқылап отыр. Ойбай-ау, біз алдымен өзіміздің жағдайымызды дұрыстап алайық та… Сирия мәселесін талқылағанша, өзіміздегі ауылдар мен жастардың проблемасын неге талқыламаймыз? Өйткені алдымен ішкі дүниеміз дұрысталмай, сыртқы дүние дұрысталмайды. Сосын, шенеуніктеріміз халықтың шын жанашыры болса деймін. Барак Обама мен Дональд Трамп екеуі ит пен мысық. Сәт сайын бір-бірін «сатқын» деп айыптап жатады. Бірақ жеме-жемге келгенде екеуі де АҚШ-тың шын патриоттары. Бізге де осындай патриот шенеуніктер керек. Әділдік пен ашықтық керек. Әділдік дегеніміз – екі пікірдің ортасы. Кеңес Одағы кезінде «біз әділміз» деді. Оның әділдік емес екенін қазір түсініп жүрміз. Енді келіп капитализм «біз әділміз» деп айтады. Алайда күнделікті өмірден көріп жүрміз, ол да әділ емес екен. Сондықтан әділдік дегеніміз екі ағыстың ортасы деп ойлаймын. 2000 жылдардың басына дейін билік ашық болды. Сол кезде небір ақиқатты айтқан депутаттарымыз болды, небір мықты кәсіпкерлер шықты. Кейін билік жабыла қалды.

Әрине, билік көп нәрсені жасағысы келді, қаражат бөлді, бірақ нәтиже жоқтың қасы. Енді жасаймыз деп тұрған адамдарға мүмкіндік беруі керек. Сірә, ашық позиция мен әділдік болмай, ештеңе шықпас. Меніңше, министрліктер мен әкімдіктерге пікір таластыратын ешкім жоқ сияқты. Былайша айтқанда, өз кемшілігін не көре алмайды, не біреуден біле алмайды. Сондықтан пікірсайыс алаңдарын жандандыру қажет. Осындай жолмен ғана экономикамызды түзей аламыз.

– Ашық әңгімеңізге көп рақмет.

Әңгімелескен Оралхан ДӘУІТ

Фото: juldyz.kz

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.