Кәсіпкер Марғұлан СЕЙСЕМБАЕВТЫҢ кешегі мәлімдемесіне қатысты Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен АБАЕВ пікір білдірді.

Tengrinews.kz сайтының мәліметінше, Абаев Сейсембаевтың қоғамдық қызметін тоқтату туралы мәлімдемесін соңғы болып жатқан жағдайлармен байланыстырудың қажеті жоқ деп санайды. Министр, тіпті, Альянс банкі ісі қайтадан қозғалып жатқанынан хабарсыз екенін, әлеуметтік желідегі жазбасынан кейін ғана білгенін айтады.

«Мен екі нәрсені айта кеткім келеді. Бұл жағдайдың стратегиялық бастамалар форумында сөйлеген сөздеріне еш қатысы жоғына сенімдімін. Менің ойымша, оның форумда айтқандары өткір болса да, ол жарқын шықты және заңға қарсы келетіндей ештеңе жоқ. Екіншіден, барлығы да оң шешіліп, Марғұлан Қалиұлы қоғамдық қызметіне оралады деген сенімдемін. Мұндай адамдар және мұндай бастамалар біздің қоғамға қажет», — дейді министр.

Кәсіпкер Марғұлан Сейсембаев Facebook желісінде қоғамдық қызметін тоқтататыны туралы мәлімдеме жасап, оның себебі ретінде желтоқсанның соңынан бері қайта қозғалған «Альянс Банкі» ісін атаған. Ол мәлімдемесінде керек болып жатса адамды кінәлі қылып шығара салу органдарға түк те қиындық туғызбайтынын айтқан. Және банк ісінің қайта қозғалуы оның «Стратегиялық Бастамалар Форумында» сөйлеген сөзімен байланысты деген көзқараста.

Сейсембаев 2009 жылға дейін «Альянс Банк» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы болған.

Фотоколлаж: total.kz

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.