Бүгін Қарағанды облысы әкімідігі «Жас алаш» сайтын аппараттық жиынға кіргізді. Олай дейтініміз, жаңа жылдан бері жиынға бас сұға алмай қойғанбыз. Бұл мәселе жаңадан сайланған облыс әкімінің орынбасары Асхат АЙМАҒАМБЕТОВТІҢ журналистермен кездесуінде көтерілген болатын. Осыдан кейін мәселе шешіліп, облыс әкімдігінің басты жиына қатысатын болдық. Ұзағынан сүйіндірсін…

Аталған жиында ауқымды мәселелер ретімен баяндалып келіп, жиын соңы жазалаумен аяқталды. Сөз тізгінін алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Асылбек ДҮЙСЕБАЕВ игерілмеген ақшалар жайын айтты.

«Жымқыру жоқ. Ал, бюджеттік ақшаны игеру 97,2 пайызды көрсетуде. Облыстық бюджет бойынша облыстық білім беру департаменті 23 млн, Сәтпаев қаласы 101 млн, және Бұхар жырау ауданы 45 млн теңгені игере алмады.  Сонымен, екі аймақ пен бір басқарма қаражатты игермей отыр», — деген Асылбек Дүйсебаевтың баяндамасында келтірілген жайттарға орай облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ: «Жазалау керек» деп қысқа қайырды.

Сосын, игерілмеген қаржыға қатысты орынбасарының бірдеңені жасырып отырғанын сезді ме, сұрақтың астына алды:

— Тұра тұрыңыз, жалпы игерілмеген ақшасы қанша? Сіз бірдеңені жасырып отырсыз ба, Асылбек Жексенбаевич? Бізде басқа сан еді ғой. Сіз тым ұсақ сандарды айтып отырсыз. Мен қаңтарға емес, өткен жылдың игерілмеген қаражаты жайлы қазір естігім келіп отыр. Кімді жазаладыңыздар? Былтырғы жыл бойынша кімді жазаға тарттыңыздар? Қала әкіміне сөгіс жариялағым келіп отыр. Қызметтік хат дайындаңдар… Тағы кім игермеді?» — деп ашуға булыққан басшының қарша бораған сұрақтарына орынбасары мардымды жауап бере алмай, кібіртіктей берді.

Үй тапсырмасын орындамай келген оқушы сияқты ежіктеп, ештеңе айта алмай тұрған орынбасарына ашуланған облыс басшысы, сөйтіп, қала әкімі Нұрлан ӘУБӘКІРОВКЕ былтырғы жылдың қортындысы бойынша сөгіс жариялауды қатаң бұйырды.

Сонымен қатар, жиында президент айтқан қаптаған форумдарды қысқарту мәселесі де сөз болды. Жақында ғана президенттің қабылдауында болып, еңселеніп, биылғы жылға тас-түйін дайын келген Қошанов мырза Жастар жылына аса көңіл бөлетінін байқатты. Тіпті, жақында базарға барып, жұмыссыз жастарды жұмысқа орналастыру бекеттерін өз көзімен бақылап қайтқанын айтып қалды. Аталмыш бекеттердің қаға берісте, бір қуыста қалып қалғаны да ұнамапты.

Мен барлығыңызға ескертемін, бұл жәй ғана айтылып қана қоятын әңгіме емес. Бұл сіздердің күнделікті айналысатын ең басты мәселелеріңіз болу керек. Жаңағыдай үлкен бір форумдарды, босқа айғайлатып шулатып өткізіп, сонымен жұмысты бітірдік деудің керегі жоқ. Өткенде мен базарға бардым. Әдейі қарадым соны. Осыдан үш күн бұрын. Адамдар көп жүретін жерге емес, бір қуысқа апарып қойып қойғансыздар. Оны ауыстыру керек»деп бекеттерінің тұрған орындарын сынның астына алған басшы «жастар мәселесі менің тікелей бақылауымда болады», деп ескертті.      

Фото: karaganda-region.gov.kz

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.