Астанада өрттен мерт болған балалар өлімінене кейін әлеуметтік желілерде, БАҚ-тарда көпшіліктің билікке, бүгінгі жүйеге, әлеуметтік жағдайдың төмендігіне, мемлекеттік саясатқа, т.б. жағдайларға қатысты ащы пікірлер көптеп шығып жатыр.

Соның ішіндегі ең негізгісі – көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақының аздығы, бала туғаны үшін берілетін бір реттік жәрдемақы да, жөргекпұл да жыртыққа жамау бола алмайтыны.

Осы болып жатқан жайттарға орай «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен ӘШІМБАЕВ Facebook арқылы арнайы мәлімдеме жасап, қазақстандықтардың көтеріп жатқан мәселелеріне орай арнайы бағдарлама дайындап, ұсыныс жасағалы жатқандарын айтты.

Өз сөзінде ол Астанадағы уақытша баспаналардың бірінде орын алған қайғылы жағдай бір ғана отбасының емес, қалың көпшіліктің қабырғасын қайыстырғанын атап өтті. Сонымен қатар осы орайда қазақстандықтардың көпбалалы аналардың жағдайы, баспана мәселесін жөніндегі пікірі орынды екенін айтты.

«Осындай қасіреттің қайталанбауы үшін әрекет етуіміз керек. Бұл жайт қоғамдағы кейбір өзекті мәселелерді кезек күттірмей шешуді қажет ететінін көрсетіп берді. Шын мәнінде, көп балалы отбасыларға жүйелі қолдау көрсету, жұмыс істейтін аналарға лайықты жағдай жасау және балалар құқығын қорғау мәселесінде әлі де болса жетілдіретін тұстардың бар екені сөзсіз. Сондықтан да халықтың жәрдемақы, баспана мәселесіне қатысты айтып, жазып жатқан сөздері орынды», – деді Әшімбаев.

Бас партияның өкілі жәрдемақы, баспана мәселесін үкіметпен бірлесе отырып шешу үшін барларын салатынын хабарлады. Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясының жанынан Балалар құқығын қорғау жөніндегі кеңес құру туралы шешім қабылданған.

Астана қаласында өрт салдарынан бір үйдің 2006, 2009, 2014, 2016 және 2018 жылдары дүниеге келген 5 баласы мерт болды. Түнде олар тірідей өртеніп кеткен кезде, ата-анасы жұмыста болған. Елдің наразылығын тудырған да осы жағдай. Бар болғаны 3 айлық баланы үйге қалдырып, түнімен жұмыс істеуге мәжбүр болған ата-ананың әлеуметтік жағдайы…

Бүгін қаза болған балалардың денесі жер қойнына тапсырылды.

Фото: kazakh-tv.kz

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.