Бүгін  үкімет отырысы Астанада қаласында орын алған қайғылы оқиғаның себеп-салдарын сұраудан басталды. Премьер-министр Бақытжан САҒЫНТАЕВ қайғы жамылған отбасы мен оның туған туысқандарына көңіл айтты.

Астана қаласының әкімі Бақыт СҰЛТАНОВ пен ішкі істер министрі Қалмұханбет ҚАСЫМОВ бір отбасыдағы бес баланың өмірін жалмаған оқиға туралы егжей-тегжейлі ақпарат берді. Қала әкімі қайғы жамылған отбасыға барлық көмектің көрсетілгенін айтса, министр тілсіз жаудың пештің ақауынан шыққанын мәлім етті. Ал, бұл кезде Астана іргесіндегі Көктал елдімекенінде пәнилік болған бес періштенің жаназасы шығарылып жатты. Жаназада үкімет мүшелерінің ешқайсысы көзге түсе қойған жоқ.

Айтпақшы үкімет отырысына еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Мәдина ӘБІЛҚАСЫМОВА қатыспады. «Көп балалы аналар мемлекеттен бірнеше миллион теңге жәрдемақы алады, ешбір ел аналарға мұндай жасамаған» деген әңгіме айтып, еліміздегі көп балалы аналарды ауызбен ақшаға жарылқап тастаған министр бұл отырыста баяндама жасауы тиіс еді. Оның орнына баяндаманы орынбасары Светлана ЖАҚЫПОВА оқыды.

Әрине, басқа-басқа аптасына бір мәрте өтетін үкімет отырысына білдей бір министрдің себепсізден-себепсіз келмей қалуы мүмкін емес. Шынында үкімет отырысынан кейін С. Жақыпова министр М. Әбілқасымованың сырқаттанып қалғанын жеткізді. Әбілқасымова бес балапанынан айырылған отбасыға өзі кіріп шығып, көңіл айтыпты.

Дегенменде еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова бұл жиынға журналистер қауымынан сескенгеннен келмей қалды-ау деген де ойдың қалғаны рас. Өйткені, екі күннен бері әлеуметтік желілерде министр Мәдина Әбілқасымованы жерден алып жерге салып жатыр. Тіпті, қызметінен отставкаға кетсін деген бастама көтергендер де бар. Мұның бәрі әрине, министрге оңай тимегені анық.

Ендеше үкімет отырысынан шыққан Мадина Ерасылқызына журналистердің қоятын сұрақтары өте көп болатын. Бірақ, қуықтай бөлмеге сығылысқан бір отбасының бес бірдей баласы өрт салдарынан қаза тауып, көп балалы ана зар еңіреп қалған шақта Әбілқасымова журналистер алдында не әңгіме айтсын?

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.