6 ақпанда Астана мен Алматы қалаларында ана мен бала мәселесін көтерген ондаған тұрғын жергілікті билікке талаптарын жеткізді.

Астанада «Конгресс-Холл» залына жиналған ондаған анамен қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев кездесті. Билік өкілімен кездесуде сөйлеген аналар Астанада бес баласы өрттен мерт болған отбасындағыдай жағдай өз бастарына да бар екенін айтты. Олар баспана жағдайы мен балаларға төленетін жәрдемақы проблемасын қозғады.

«Бұл жердегі біздің барлығымызға ортақ мәселе – баспана. Әрқайсымыз бірнеше бала өсіріп отырған анамыз, бізге үй берілсін!» деді сөйлегендердің бірі.

Жиында сөз алған тағы бір адам Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа аналардың атынан жазылған хатты оқыды. Онда мемлекет басшысы мен үкіметке Қазақстанда әрбір балаға мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір жолғы әлеуметтік көмек, бала кәмелет жасына жеткенше ең төменгі күнкөріс минимумы көлемінде, ал кішкентай баламен отырған анаға ең төменгі еңбекақы көлемінде жәрдемақы төленсін деген талаптар айтылған. Үш баласы бар отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуді, ал 4 және одан көп баласы бар отбасыларға тегін баспана беруді талап еткен.

Алматыда қала әкімдігі ғимаратына келген бірнеше адамды шенеуніктер ғимараттың ішіне кіргізіп, журналистердің кіруіне рұқсат етпеген.

Оқиға орнында жүрген Азаттық тілшісінің хабарлауынша, шенеуніктер ішке кіргізіп алғандардың арасында бұған дейін Астанада бес баланың ажалына себеп болған жеке үйдегі өрттен кейін әлеуметтік желіде ана мен баланы қорғау туралы акция өткізу туралы бастама көтерген белсенділер де болған.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.