Полиция көлігі қағып кеткен Өскеменнің тұрғыны бүгін таңертең қайтыс болды. Марқұм аталған апаттан соң ауыр жарақат алып, дереу ауруханаға жеткізілген болатын. Бірақ, өкінішке қарай, бұл дүниедегі дәм-тұзы бүгін таусылыпты.                           

Жол көлік оқиғасы кеше яғни, ақпанның 5-і күні Өскемендегі Тәуелсіздік даңғылы мен Стаханов көшесінің қиылысында болған болатын. Таңғы сағат 10:30-дар шамасында жолды кесіп өтіп бара жатқан кейуананы полиция көлігі қағып, тоқтай алмай біраз жерге дейін итеріп жіберген. Бұл көрініс сол маңдағы бейне бақылау камераларының біріне жазылып қалған.

Қазір полиция департаментінің мәлімдеуінше, осы оқиғаға қатысты сот алды тергеу жұмыстары басталған. Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 345 бабы, 3 бөлімі бойынша іс қозғалған. Сот сараптамасы тағайындалды. Бірақ тергеушілер күдіктінің аты-жөнін жарияламай отыр.

Жалпы жаңа жыл басталмай жатып-ақ, шығысқазақстандық полицейлер жұрт көзіне жиі түсіп жүр. Қаңтар айында қала тұрғыны көше бойында қатты ұйқыда жатқан тәртіп сақшыларын түртіп оятып, қызметтерін адал атқаруын сұраған еді. Бұл жағдайды күллі ел естіп, біраз сын айтылған болатын.

Дәл осы қаңтар айының 31-і күні тағы да бір полиция көлігі неміс автокөлігімен соқтығысып қалған еді. Оқыс оқиғаның нәтижесінде жеңіл көлік жүргізушісіне жедел жәрдем қызметкерлері келіп көмек көрсеткен. Абырой болғанда ауыр жарақат алмағандығы анықталған. 

Фото: sputniknews.kz

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.