7 ақпанда Ақтөбе қалалық соты «оқушыға қол жұмсаған» деп айыпталған мектеп инспекторын бес жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Бұл туралы Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Ақпаратта сотталушы Саламат Ермағамбет өзіне тағылған айыпты мойындағандықтан судья Ербол Әбдіхалықов процестік келісімді бекітіп, бұрынғы полиция қызметкерін бас бостандығынан шартты түрде айырғаны айтылған.

Сотталушының адвокаты Жұмабай Арыстановтың сөзінше, Саламат Ермағамбетов жәбірленушінің материалдық шығынын өтеген. «Жәбірленуші тарап процестік келісімге қарсылық білдірген жоқ» деді адвокат.

Бұл іс бойынша сот процесі 10 қаңтарда басталған. Сотқа дейінгі тергеу органы 22 жастағы мектеп инспекторы Саламат Ермағамбетке «лауазымдық өкілетін асыра пайдаланды» деген айып таққан болатын.

Оқушыға қол жұмсау дерегі 2018 жылы 22 қыркүйекте тіркелген. Бұған дейін Ақтөбедегі №2 мектептің директоры Сәния Дәнешова «мектеп формасы талабын сақтамаған» оқушы ер баламен инспектор оңаша әңгімесі кикілжіңге ұласып, инспектордың оқушыға «қол жұмсағанын», іле-шала баланың ата-анасы мектеп шақырылып, тараптар өзара мәмілеге келгенін айтқан болатын. Кейін бұл жайт әлеуметтік желілерде жарияланып, көпшіліктің талқысына түскен.

22 жастағы Саламат Ермағамбет инспекторлық қызметке 2018 жылы 1 қыркүйекте кірісіп, жаңа жұмыс орнында небәрі 22 күн еңбек еткен.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.