Қазақстанның ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев елдегі билік транзиті тақырыбын қозғамауға шақырды. Бұл туралы ол Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Конституцияның президент өкілеті туралы тармағын түсіндіруді сұрап Конституциялық кеңеске берген өтінішіне байланысты мемлекеттік телеарнаға пікір білдіргенде айтты.

«Бұл тақырыпты жабайық. Қазіргі таңда билік транзиті туралы ешқандай әңгіме болып отырған жоқ. Мемлекет басшысының айтқанына артық сөз қосу қиын. Конституциялық кеңеске өтініш беру шынымен маңызды, бірақ жұмыс бабындағы процедура. Бұл мәселеден «астар» іздеудің қажеті жоқ» деді Дәурен Абаев «Хабар» телеарнасы бағдарламасында.

Абаев Қазақстан қоғамында президенттің жасы ұлғайғандығына (Назарбаев биыл 79 жасқа толады) байланысты соңғы кезде жиі айтылып жүрген билік транзиті жайлы әңгімелерді қауесет деп атады.

«Билік транзиті талқылауы мен талдауына қолайлы тақырыпқа айналған бірсыпыра сарапшыны білемін. Жалпы, бұл тақырыпқа жасалған пікірталас өмір шындығына үйлеспейтін өз күн тәртібі, қиялы, болжам-жорамалы бар экожүйені еске түсіреді» деген Абаев.

5 ақпанда Назарбаев Конституциялық кеңеске жолдаған өтінішін «мемлекеттің әдеттегі мәселесі» деп атаған. «Маған [президенттің] қандай жағдайда өз еркімен қызметінен кететіні жайлы сұрақтар қойды. Конституцияда бұл қарастырылмаған» деді Назарбаев. Кей саяси сарапшылардың Қазақстанда мерзімінен бұрын президент сайлауы өтуі мүмкін екені туралы болжамын жоққа шығарған Назарбаев «бізге ондай қауіп төніп тұрған жоқ» деп мәлімдеді. Ақорда баспасөз қызметі жариялаған видеода Назарбаев жұртты «даурықпай сабырға келіп, қалыпты жұмыс істеуге» шақырды.

Өткен жылдың соңында журналистерге берген сұхбатында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда кезектен тыс сайлау өткізу жоспарланбағанын мәлімдеген еді. Былтыр қазанда Финляндияға барған сапарында Назарбаев «алдағы президент сайлауына қатысу-қатыспайтыны туралы кейін жариялайтынын, 2020 жылға дейін әлі уақыт барын» айтқан болатын.

2018 жылы маусымда ВВС-ге берген сұхбатында Қазақстан парламенті сенатының төрағасы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ келесі президент сайлауына Нұрсұлтан Назарбаев қатыспауы мүмкін екенін айтқан. Оның сөзінше, Назарбаев Қазақстан президенттігінен кеткен күннің өзінде «елдің сыртқы және ішкі саясатына ықпалы зор бола береді». Тоқаевтың осы сөзінен кейін Батыстың бірқатар басылымы Қазақстандағы билік транзиті туралы мақалалар жариялаған.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.