Семей қаласы әкімінің Ертістің сол жағалауы тұрғындарымен кездесуі жұртшылықтың ішін жылыта қойған жоқ.

Қала әкімі Ермек СӘЛІМОВ арнайы дайындап әкелген деректерін, салалар бойынша даму динамикасын слайд шоу арқылы көрсетіп, қазақшасынан орысшасы басым баяндамасында барынша көсілді. Әлеуметтік сала, өндірістік көрсеткіш, ауылшаруашылығы саласы бағытындағы бөлінген қаражат, игерілген істер баршылық, әрине. Алайда, қала өміріндегі әдемі көріністер мен көңілге толымды цифрларды қанша жерден көлденеңдетсе де көпшіліктің көңіліндегі қаяуды сейілту мүмкін емес екен. Оны өткен жылдың соңында «Қаражыра» көмір кенішінде қайғылы қазаға ұшыраған дзюдодан Қазақстан чемпионы Жасұлан ӘБИЕВТІҢ анасы Гүлнәр ӘБИЕВАНЫҢ жылап тұрып әкімнен көмек сұрағанынан көрдік.

Ел Сәлімовтен, Сәлімов прокурордан сұрайды

— Менің ұлым Жасұлан Әбиев «Қаражыра» көмір кенішінде осыдан үш ай бұрын қастандықпен кісі қолынан өлді. Әкелген кезде көрдім, көзі бәрі шығып кеткен. Оны жалғыз адам өлтірді дегенге сенбеймін. Топтық төбелес болды. Мен сізден өтініп сұраймын, менің балам не үшін өлтірілді? Анықтап беріңізші. Бірінші адвокатым іске араласудан бас тартты. Екінші адвокатым да нақты іске кірісе алмады. Міне, үшінші адвокатыммен жұмыс істеп жатырмын. Ұлымның өліміне қатысты адамдар анықталмай жатыр. Өтініп сұраймын, осыған назар салыңызшы,деп егілген чемпионның анасы көз жасын тыя алмай қалғанда әкімнің де дегбірі қашып, түрі бұзылып кетті.

Әлгінде ғана жұрттың бар сұрағына жауап беруге әзір кейіпте тұрған Ермак Сәлімов жалғызын жоқтаған ананың жалынышты өтінішіне тура жауап беруден басын ала қашты. Яғни, қала прокуроры М.Досмағамбетовті орнынан тұрғызып, істі бақылауға алуын тапсырып, жауапкершілікті соған аударып құтылды. Қыс түскен шақта көмір кеніші басында болған қанды оқиға туралы «Жас алаш» тілшісі бұған дейін де жазған болатын.

Чемпионның анасының жанарындағы жас құрғамай жатып, өткен жылы жазда қызы Ділназды 48 бағыттағы «Газель» жүргізушісі қағып кеткенін айтып Аят КУЛСЕЙІТОВ те сөз алып тұрып, жылап жіберді.

Ел Сәлімовтен, Сәлімов прокурордан сұрайды

Бұл оқиға өткен жылдың жазында Мұрат саяжайында орын алған болатын. «Қызымды қағып, қазаға ұшыратқан жүргізуші әлі күнге дейін бостандықта жүр. Не іс қозғалған жоқ, не тергеу жүрген жоқ», деп күйінді әке өксігін баса алмай. Алайда, оның жасы да әкімге аса әсер етпеген сыңайлы. Қала прокурорын тағы да орнынан тұрғызып, істі соған сілтеп «судан құрғақ шықты».

Қала әкімінің кездесуне әдейілеп келіп, мардымды жауап ала алмаған Аятпен әлгінде тағы да хабарластық.

Бұл іс мүлде қаралмай жатыр. Кеше прокурор істің жабылып қалғанын өз аузымен айтты. Бірақ, кездесуді бүгін таңертең онға белгілеген болатын. Жанталасып, қаланың сол жағалауында, сонау Бобровка кентінен 40 градус аязға қарамай, такси ұстап, қалалық прокуратураға жеткенімді қайтейін, Досмағамбетов орнында болмай шықты. Орнында болмайтыны бар кездесуді не үшін 10-ға белгіледі. Қызымды жоқтап анасы екеуіміз жанымыз күйзеліп жүргенде мұнысы адамгершілікке жата ма? — дейді А. Кулсейітов.

Осылайша қанша жерден «біздерде мынандай бар, мынандай бар» деп барған әкім жабырқаулы әке мен жылаулы анаға жұбату сөз айтуға да жараған жоқ. Есесіне ендігі кездесуін бүгін оң жағалауда өткізетін болады. Айтпақшы, әкім Сәлімов өзіне қойылған сұраққа бетпе-бет жауап беруден қашатын әкім екенін одан кейін де байқатты. Қалада қаңғыбас иттер қаптап кеткенін айтқан тұрғынға ветеринария басшысын, мүгедектерге жұмыс сұраған Чернобыль апатының ардагеріне жұмыспен қамту секторының басшысын тұрғызып, әкімнің орнына солар жауап беріп, Сәлімовті көлденең келген сауалдан «арашалап қалды».  

Фотолар автордікі

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.