Маған қатысты қылмыстық істің қозғалғаны рас. Бірақ оған Мұхтар ШАХАНОВ бастаған зиялылар хатының қатысы жоқ. Бұл туралы Жас Алаш тілшісіне «Атажұрт еріктілері» ұйымының жетекшісі Серікжан БІЛӘШ мәлімдеді.

Серікжан Біләшқа 4-ақпан күні Медеу аудандық полициясынан шақырту түсіп, өзіне бір емес үш шағымның түскенін хабарлапты. ҚР ҚК-нің 174 бабы бойыншы қылмыстық іс және әкімшілік құқық бұзушылыққа барды деген айып тағылған.

«Менің үстімнен үш арыз түскен. Бір тобы мені Қазақстан мен Қытай халықтары арасындағы достыққа сызат түсірді десе, енді бірі зиялылардың ар-ожданына тіл тигізді депті. Кезінде «қазақ зиялылары Қытайдағы саяси сауат ашу лагерлеріне қатысты неге үн қатпайды?» деген сөзімді басшылыққа алыпты. Үшінші айыптаушым – Әділет департаменті. «Атажұрт еріктілері» ұйымын тіркемеді деп арызданған. Өз басым оларға бір емес, бірнеше рет тіркеуді сұрап тиісті құжаттармен барғам. Олар өздері созбаққа салып алды», — дейді Серікжан Біләш.

Қаңтар айының соңында Мұхтар ШАХАНОВ, Көпен ӘМІРБЕК, Айдос САРЫМ, Мұхтар ТАЙХАН бас-аяғы 17 адам Серікжан Білаш жетекшілік еткен қоғамдық ұйымды сынап БАҚ бетінде ашық хат жазған еді. Қазақстан Республикасының президенті, үкімет басшысы және депутаттарға жолдаған хатта былай делінген:

«Атажұрт еріктілері» қоғамдық  ұйымның  атқарған жұмысынан гөрі дақпырты көп. Ішкі дау-дамайлары да оралмандарды жік-жікке бөлгенін көзіміз көріп отыр. Бір-бірін орынсыз қаралау, ғайбаттау, өздеріне тілеулес болмағандарға кінә арту бұл ұйым тарапынан күн санап өрістеп барады. Соның салдарынан қазір оралмандар бір-біріне күдікпен қарайтын, ал оралмандар десе жергілікті халықтың көңіліне күдік ұялайтын жағдайға жетті. Ал мұндай дау-дамайдың мемлекетіміз жүргізіп отырған көші-қон саясатына кері әсер етері күмәнсіз. Сондықтан көші-қон мәселесін қоғамдық ұйымдар емес, биліктің өзі шешкені жөн деп білеміз.

Серікжан Біләш өзіне қатысты іске ақын Мұхтар Шаханов бастаған топтың ашық хатының қатысы жоқтығын айтады.

«Менің үстімнен жазылған арызға 18 адам қол қойса, мен 108 мың қазақтың қолын жинап олардың үстінен шағым беремін. Мен ол азаматтарды жақсы білем. Аты-жөндерін алдағы күні заңгерім жариялайды. Ол азаматтардың көбі қытайдан келген. Араларында елге аттары таныс азаматтар да бар. Менің ісіме қатысты Шаханов бастаған топтың ашық хаты себеп болды деп айта алмаймын. Себебі ол БАҚ бетінде жарияланға ашық хат қой», — дейді қоғамдық белсенді.

Серікжан Біләш Қытай Халық Республикасынан көшіп келген  этникалық қазақ. Оның «Атажұрт еріктілері» ұйымы шетелден келген қандастарымызға түрлі кеңестер береді. Соңғы кездері Қытайдағы «Саяси сауат ашу» лагерлеріндегі қазақтар мәселесін айтып келеді.

Фото ғаламтордан алынды.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.