Семей қалалық Мәдениет сарайында өткен қала әкімі Ермак СӘЛІМОВТІҢ есеп беру жиынында облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ тосыннан күйіп-пісті. Есеп беру жиыны басталған сәттен қала басшысының есебін елмен бірге тыңдап, атқарылған істер мен болашақта облыстық әкімдіктің қолдауымен жүзеге асатын шаруаларға куә болған өңір басшысы тұрғындар тарапынан арыз-шағымдарды тыңдау кезінде шарт бүлінді. Оған дейін сөз алғандардың көтерген мәселелерін біресе әзілге сүйеп, біресе, байыппен тыңдауға тырысып отырған Ахметов «Астанаға фонтан салуға миллиард бөліп жатқан көктемгі уақытта семейліктердің суда отырғандығын» көлденең тартқан қала тұрғыны Кенжебек СҰЛТАНБЕКОВТІҢ шағымын естігенде, төзімі таусылды.

Ахметов - фонтанның "фанаты"

Тіпті, қала белсендісінің қиыннан қиыстырып емес, қисынын келтіріп тұрып, ел етігімен су кешіп жатқанда, 1 миллиардқа жуық қаржыны облыстық бюджеттен елорданың мерейтойына жұмсалғаны жөн еместігін айтқаны Ахметовтің ашуын туғыды. Сабыры сабындай көпіршіген облыс әкімі Сұлтанбековтің сөзін ұпай көздеген арзан популизм санады.

-Иә, проблема болды, қанша қаржы керек болды, соны бөлдік. Бірақ та, қазақтың ең ыстық жері- Астана. Қанша сұрайды, береміз. Бірақ та қадірменді туысқандар, жайдан-жай сөз болмауы керек. Қазақтың ең ыстық жері – Астана. Қалай да болса, біз соған жұмыс істедік.  Қай заманда Қазақстанда Астана болды? Қай заманда біз қазақ болдық? Сол себептен мынадай сөзді айту жай ғана қызыл сөз,-деді Д. Ахметов Сұлтанбековке қарата саусағын безеп.

Одан әрі қызбаланған өңір басшысы Семейге өзі облыс әкімі болып келгелі атқарылған істер мен шешілген мәселелерді барынша түсіндіріп бақты. Алайда, қала тұрғынының тосыннан қойған сұрағы жайдан-жай айтыла салмағаны түсінікті еді. Тек Семей емес, Өскемен, Аякөз, Алтай қалалары, Глубокое, Шемонаиха аудандары өткен жылдың көктемінде қызылаяқтан су кешіп, қиын жағдайда қалғанда Даниал Ахметов көзді жұмып тұрып, облыс әкімдерінің арасынан бірінші болып Астанаға фонтан салуға 1 млрдқа жуық қаржыны тарту еткендігін бірінші кезекте жариялаған болатын. Астана тойы да өтті, фонтан да атқылады. Бірақ, оның шығыс жұрты үшін мән-маңызы шамалы болатын.

Айтпақшы, Ахметовтің фонтанға қатысты әңгімеге келгенде «фанатқа» айналатыны тағы бар. Президент Шымкент қаласын дербес қала ретінде танып, Түркістан қаласын Түркістан облысының орталығы етіп жарлық шығарғаны белгілі. Сол кезде әр өңір, облыс басшыларының жаңарған Түркістанға тарту жасаулары керектігін тапсырғаны мәлім. Міне, тап сол кезде Д. Ахметов Түркістан қаласына Шығыс жұрты атынан фонтан салып беретіндігін айтып, тағы да «таңғалдырғаны» есімізде.

Ахметов - фонтанның "фанаты"

Ал Семей әкімінің есеп беру жиынына қатысқан Даниал Ахметовтің бұл жолғы сөзіне қарап Астана расымен де «ыстық қала» екендігіне иланғандай болдық. Осыдан бірер күн бұрын ғана бір отбасы тап сол Астанада бес бірдей баласын ыстық жалын құшағында қалдырып, қайғы құшқаны белгілі. Әрине, Ахметов айтқан «ыстық Астананың» оған қатысы жоқ.  

Фотоларды автор ұсынды.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.