Берлин халықаралық кинофестивалінде режиссер Агнешка Холланд түсірген «Мистер Джонс» фильмінің премьерасы өтті.

Фильмде 20-ғасырдың бірінші жартысында шулы репортаждарымен танылған британдық жас журналист Гаррет Джонстың (1905-1935) өмірі баяндалады. Ол нацистер көсемі Гитлерден сұхбат алған, Ұлыбритания премьер-министрі Ллойд Джорджға кеңесші болған. 1933 жылы Совет одағына сапары кезінде Джонс ілесіп жүргендерді алдап соғып, украин ауылдарында аштан қырылып жатқан халықтың жағдайын көзімен көреді.

Еуропаға оралғаннан кейін ол Голодомор туралы алғашқы репортажды жариялайды. Джонс ашаршылық Сталиннің бұйрығы бойынша қолдан жасалған зұлмат екенін, украиндардың жаппай қырғынға ұшырап жатқанына өзі куә болғанын айтады. Бірақ Батыста жұрттың көбі Джонстың сөзіне күмәнмен қарайды. Кейбіреулер СССР-да Джонс айтқандай өте көп адам аштан қырылып жатыр дегенге сенбесе, енді біреулері ондай ақпаратты біле тұра жасырып-жабуға тырысқан. «Нью-Йорк Таймс» газетінің Мәскеудегі тілшісі, Пулитцер сыйлығының иегері, совет көсемі Сталинге жасырын жұмыс істейтін Уолтер Дюранти өз ықпалын пайдаланып, Гаррет Джонсты суайт етіп көрсеткен.

«Мистер Джонс» фильмінде Сталинге бүйрегі бұратын Дюранти мен өзге де шетелдіктер Мәскеуде арнайы қызметтің бақылауы астында мамыражай, декаденттік өмір кешіп жатқанда аштықтан жаппай қырғынға ұшыраған Украинада халықтың қалай қасірет шеккені суреттеледі.

Гаррет Джонстың көзімен көргендерін оқып, шабыттанған Джордж Оруэлл әйгілі «Мал қора» повесін жазған. Фильмде осы кітаптан үзінділер келтірілген. 1935 жылы Гаррет Джонс жұмбақ жағдайда қаза тапты. Кей болжамдар бойынша, оны Сталин агенттері өлтірген.

«Мистер Джонс» фильмінде өмірде болған оқиғалар мен ойдан шығарылған кейіпкерлер араласып кеткен. Мысалы, Мәскеуде Голодомор туралы деректер жинап жүрген америкалық журналист Пол Клебты өлтіріп кетеді. Бұл 2004 жылы Ресей астанасында қастандық құрбаны болған Пол Хлебниковтың қазасын меңзейді.

Фильмде Гаррет Джонсты актер Джеймс Нортон сомдаған. «Еуропа, Еуропа» (1991), «Толық тұтылу» (1995), «Түнекте» (2011), «Аң ізі» (2017) фильмдерімен танымал поляк режиссері Агнешка Холланд Азаттыққа сұхбатында фильм жайлы:

«Бұл барған жерінде сұмдық шындықтың куәсі болып, оны әлемге паш еткісі келген британдық жас журналист туралы хикая. Бірақ әлем ол туралы ештеңе естігісі келмейді, ал «Нью-Йорк Таймс» басылымының Мәскеудегі тілшісі Уолтер Дюранти тәрізді кейбіреулер тіпті мұның шындық екенін білсе де, оны жоққа шығарып, өтірікті судай сапырады. Бұл жалған жаңалықтар, балама шындық, медианың дағдарысы мен қоянжүрек үкіметтер туралы хикая. Өкінішке қарай, мұның бәрі қазіргі өмірге де сай келеді» деді.

«Мистер Джонс» фильмін түсіруге Польша, Украина және өзге елдер қатысқан. Бұл көркем шығарма Голодомор құрбаны болған миллиондаған адамның рухына арналған.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.