Венгрия үкіметі халық санын көбейту мақсатында бала тууды қаржылай ынталандыруды қолға алмақшы. Премьер-министр Виктор Орбан 10 ақпанда үкімет кемінде екі баласы бар отбасыларға жылжымайтын мүлік сатып алу үшін жеңілдікті несие беру, автокөлік сатып алуына субсидия бөлу, төрт және одан көп бала тәрбиелеп отырған аналарды табыс салығынан босату тәрізді шараларды қолға алатынын мәлімдеді. Ол Еуропаға Таяу Шығыс, Азия және Солтүстік Африкадан мигранттардың жаппай келуін сынайтын саясаткер ретінде танымал.

Еуропада бала туу азайып, иммиграцияның күшеюі Батыс елдеріне қатер төндіреді деп санайтын Орбан халыққа биылғы жолдауында «Бізге цифрлар қажет емес. Бізге венгр балалары керек» деді.

Премьер бұл мәлімдемесін өзін қолдайтын Fidesz партиясы Еуропа парламентіне енуге талпынып жатқан тұста жасады. Билік партиясы биыл Венгриядағы жергілікті сайлауларға да қатысады. Жақында елде Орбанның саясатына қарсы шерулер өткен. Сыншылар популист Орбанды Венгриядағы демократияны күйретіп, тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарын тұншықтырып отыр деп айыптайды. Оны Ресей президенті Владимир Путинге бүйрегі бұрады деп те сөгеді.

Өткен жылы қарашада АҚШ мемлекеттік департаменті Венгрияны қару-жарақ саудасына қатысы бар деген күдікпен ұсталған екі ресейлікті оларды жауапқа тартқысы келген АҚШ-қа бермей, Ресейге қайтарып жібергені үшін сынаған.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.