Бесқарағай – Шығыс өңірдің топырағы құнарлы, жерінде орман жайқалған, атына сай көзге түсіп тұратын ауданы. Мұнда орман шаруашылығын дамыту, өрісін кеңейту соңғы жылдары қарқынды жүріп жатыр. Тіпті, шетелдік технологияны қолданысқа енгізу арқылы ағаш тұқымдарын арнайы қыстық қоймаларда сақтап, тазартып, келесі маусымға даярлаудың да жетілдірілген тәсілдері баршылық. Аудандық әкімдік пен «Семей орманы» резерваты» мекемесінің әріптестік ынтымақтастығының нәтижесінде Бесқарағайдың ерекшелігін танытуға кеңінен жол ашылған. Мұны ауданға барған сапарымызда Канонерка ауылдық округіне қарасты Қарамырза елдімекенінде орналасқан тұқымбақта болғанымызда байқадық.

Орта Азияда жоқ тұқымбақ Бесқарағайда ғана бар

-Жасыратыны жоқ, соңғы он жылдағы жаз туса болды, орман алқаптарын өрт шалуы, одан қалса, қарағайларды заңсыз кесіп, ағаш отаушылардың жиілеуі қолда бар байлығымызды сақтап қалуға үлкен қаупін төндірді. Жерін жасыл ағаш көмкерген кейбір елдімекендер жалаңаштанып, көзге сұрықсыз көрінетін болды. Тынбай күрес жүргізумен қатар жас көшеттерді отырғызып, баптап, тұқымын сақтап, келесі жылы да еңсесін тіктеуі үшін қолдан келген шаруаның бәрін де атқарып жатырмыз. Ауданда орман шаруашылықтарын көбейтуге көңіл бөліп отырмыз. Алдағы көктемде Астана қаласының іргесінен бой көтерген жасыл желекті алқапқа қажетті 50 мың дана шырша тұқымын қаттап әзірлеп қойдық,-дейді «Семей орманы» резерваты Канонерка филиалының инженер-технологы Жұмабай ЖҰМАХАНОВ.

Шырша, қарағай тұқымдарын қыстың көзі қырауда аман сақтап, тазарту жұмыстары швед технологиясы әдісімен жүзеге асып жатыр. Қажетті аппараттар мен техникаларға қаражат Дүниежүзілік даму банкінен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен бөлінген екен. Ағаш көшеттерінің тез нәр алып, көктемнен әдемі көрініске енуі үшін тыңайтқыштың атқаратын рөлі зор. Ресейдің Бесқарағай жерімен шектесетін аудандарынан әріптестік байланыстың нәтижесінде тонналаған қаратопырақ арнайы қапшықтарға салынған күйі қыздың жиған жүгіндей қоймалардан көз тартты.

Орта Азияда жоқ тұқымбақ Бесқарағайда ғана бар

Аудан әкімі Дәулет БАТЫРБАЕВТЫҢ бас болуымен барлық ауылдар жер дегдіп, күн жылына бастағаннан ағаш көшеттерін көптеп отырғызып, орман шаруашылықтарының жұмыстарын жандандыруды бірінші орынға қоятыны қуантады. Мәселен, былтырғы жылы  аудан көлемінде табиғатты қорғау мақсатында акция ұйымдастырылып, оған Канонерка, Глуховка ауылдарымен қатар Шәкәрім атындағы СМУ Агробизнес колледжі студенттері мен аудан жастарының бір үйдің баласындай жарасып 5 гектар алқапқа 20 мың қарағай көшетін отырғызып көпке үлгі болды. Одан бөлек 380 адам қатысқан «Саябақтар шеруі» акциясының аясында аудан орталығындағы нысандары мен елдімекендер ғимараттарының төңірегіне ағаш көшеттері отырғызылып, күтіп-баптауы тұрақты жолға қойылғанын айтсақ та жеткілікті.

Орта Азияда жоқ тұқымбақ Бесқарағайда ғана бар

-Тоқсаныншы жылдардың соңына қарай жаппай сипат алған ормандарды отауға ендігіде ешкім жол бермейді. Қазір қайта қалпына келтіруге назар аударып отырмыз. Аудандағы шаруашылықтардың барлығы ағаш тұқымдаррын осындағы тұқымбақтан алады. Қазірдің өзінде мұнда бір жылға арналып, 3 млн дана ағаш тұқымдықтары дайындалып жіберілуге әзір. Президенттің «Жасыл белдеу» бағдарламасының аясында Астанаға да дайындалып қойылды. Технологиясы мен тиісті құрал-жабдықтары арнайы Швециядан әкелініп отыр,-дейді Канонерка ауылдық округінің әкімі Кенже ИПАНОВ.

Айтпақшы, орман ағаштарының тұқымдықтарын сақтайтын мұндай тұқымбақ Қазақстанды қойып, Орта Азияда әлі бой көтерген жоқ. Шығыс Қазақстан облысының Бесқарағай ауданындағы бұл тұқымбақтың арнайы жұмыс орны ретінде ашылғанына биыл төртінші жыл. Ағаш тұқымдары мен көшеттерін алдыртуға Астана қаласынан тапсырыс берілуі де бекер еместігі көп нәрсені аңғартады. Демек, орман шаруашылығын өрістету арқылы аудан экономикасы мен әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын оңалтудың кілті табылды деуге әбден болады. Бұрынғыдай тосыннан ағаш отап, алқап өртеп қолда барды құртуға да жол берілмейтін болады.

Фотолар автордікі.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.