Тәуелсіз Қазақстан тарихында көп сынға ұшыраған министрлердің бірі Қалмұхамбет ҚАСЫМОВ ІІМ-нің басшылығынан кетті. Бұл туралы Жас Алаш ҚР Президентінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Алайда, экс-министр қызметсіз қалмады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ бұйрығымен Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болып тағайындалды.

Қалмұхамбет Қасымов 2011 жылдан бері Ішкі істер министрлігін басқарды. Жаңаөзен қанды оқиғасынан кейін демократиялық күштер, қоғам тарыпынан министрдің отставкасы талап етілген. Ол «халық алаңға тағы шықса, тағы да қару қолданамыз» деген еді. Естеріңізге сала кетейік, 2011 жылдың 16 желтоқсанында полиция қолынан 15 адам қаза тапқан еді. Алайда, бар-жоғы бес-ақ полиция жазаланды. Олар: Маңғыстау облысының ішкі істер департаменті (ІІД) бастығының орынбасары Қабдығали ӨТЕҒАЛИЕВ, ІІД-нің экстремизмге қарсы күрес бөлімінің бастығы Бекжан БАҒДАБАЕВ, ІІД-нің оперативтік қызметкерлері Ринат ЖОЛДЫБАЕВ пен Нұрлан ЕСБЕРГЕН, Жаңаөзен қаласы ішкі істер басқармасы бастығының бірінші орынбасары Ерлан БАҚЫТҚАЛИҰЛЫ. Олар лауазымдық өкілеттіктерін асыра қолданды деп айыпталды. Қазір барлығы бостандықта.  

2018 жылдың 19 шілде күнгі Алматыдағы трагедиядан кейін министр Қасымовтың қызметінен алу тағы да талап етілді. Тапа-тал түсте даңқты спортшы Денис ТЕН авто ұрылардың қолынан қаза тапқан еді.

Жаңа министр болып Ерлан ТҰРҒЫМБАЕВ тағайындалды. Бұған дейін Ерлан Заманбекұлы ҚР ішкі істер министрінің орынбасары болған.

Фото: informburo.kz

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.