12 ақпанда Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық сотта Қытайдан келген этникалық қазақ, «Атажұрт еріктілері» ұйымының жетекшісі Серікжан Біләштың үстінен сот отырысы басталды.

Сот отырысының басында істі жүргізуші судья Алматы қаласы Медеу аудандық әкімшілік полициясы «Қазақстан заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелмеген қоғамдық бірлестік қызметіне басшылық жасау» деген айыппен әкімшілік іс қозғағанын хабарлап, Серікжан Біләштен жауап алды. 

Серікжан Біләш өзіне тағылған айыппен таныс екендігін, бірақ оны мойындамайтын айтты. Оның сөзінше, «Атажұрт еріктілері» — Қытайдағы этникалық қазақтардың хал-ахуалына жаны ашитын ерікті адамдардың әлеуметтік желіде құрылған тобы. Бұл топқа кез келген адам қосыла алады және шығып кете алады. Ол адамға қандай да бір мүшелік куәлік берілмейді. Бұл топтағылар Қытайдағы этникалық қазақтарға түрлі қайырымдылық, ағартушылық жолдармен көмектесуді көздейді. Сондықтан оны қандай да бір арнайы ұйым деп атауға болмайды».

Серікжан Біләш өзін ұйым жетекшісі емес, әлеуметтік желідегі осы топтың «админі» деп санайтынын айтты.

Судьяның «Атажұрт еріктілері» тобының  арнайы кеңсесі және тұрақты мекен-жайы бар ма?» деген сұрағына Серікжан Біләш «арнайы кеңсесі бар, бірақ ол — осы топқа мүше кәсіпкердің атына жалға алынған кеңсе» деп жауап берді.

Судья «Атажұрт еріктілерінің» жасаған қайырымдылық істері мен шараларына баға бермейтінін айтты және «әлеуметтік желідегі топ қоғамдық ұйымға немесе бірлестікке жата ма?» деген сауалға жауап беруден бас тартты.

Судья әкімшілік іс қозғаған Медеу ауданы полициясының өкілін тыңдау үшін сот отырысын 13 ақпанға қалдырды. Отырыс ашық өтті, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Серікжан Біләшке қолдау көрсетуге келгендердің көпшілігі сот залына сыймай далада күтіп тұрды.

Серікжан Біләш бірнеше рет Алматыда Қытайда туысқандары қамалған қазақтардың жиынын өткізген. Ол Қытайдан Қазақстанға заңсыз өтіп, жауапқа тартылған Шыңжаң қазағы Сайрагүл Сауытбайдың сотында да белсенділік танытқан.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.