Алматы облысында бүтіндей бір ауыл 30 жыл бойы құдықтан су ішіп келеді. Қаратал ауданындағы Жылыбұлақ ауылыны халқы осы мәселені көтеріп ЖАС АЛАШ редакциясына  хабарласты. Айтуларынша, құдық суы лас, құрамында фтор бар. Ішек ауруына шалдығып жатқандардың қатары көбейіп келеді. Жеті өзеннің ортасында тұрып, тіршілік нәріне жарымай отырған жетісулықтмен Алматы облысындағы тілшіміз Ербол ІЛИЯС кездесіп қайтқан еді.

Күні бір құдыққа қарап тұрған ауыл

100-ден астам түтіні бар Жылыбұлақ халқы үшін құдықтан су тасып ішу қалыпты жағдайға айналған. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін ауыз суды жер астынан қолмен тартуға мәжбүр. Ауылда мұндай 3 құдық бар екен. Алайда, 30 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кейбірі жарамсыз болып қалған.  

Күні бір құдыққа қарап тұрған ауыл
Сәулебек Жұмсақов

«Амалдың жоғынан осылай ішеміз, сандалып. Өлместің күні. Осы бір-ақ құдық ішуге жарайды, қалғандары тұзды. Бүкіл ауыл жабылып осы құдықтан ішеміз», — дейді Сәулебек ЖҰМСАҚОВ.

Күні бір құдыққа қарап тұрған ауыл
Әлия Төлеубаева

«Бұл құдықтан су ішіп жатқанымызға 30-40 жыл болды. Елдің көбісі қыста осы құдықтан алады. Бұдан мал да, адамда су ішеді. Су іздеп тентіреп кетеміз. Есігінің алдында колонкасы барлардан барып су аламыз. Бізге ауыз су керек», — дейді тағы бір ауыл тұрғыны Әлия ТӨЛЕУБАЕВА.

Тұрғындардың сөзінше, судың құрамы таза емес. Алайда, басқа амал жоқ. Бастарын қауіпке тігіп, лас суды ішіп жатқандарын айтады. Қазірдің өзінде құдық суын ішіп жатқандардың біразы түрлі дертке шалдығып жатқан көрінеді. Ал 3 жыл бұрын жер қойнауын тексерген геологтар аталған елдімекен суының құрамында 50 пайызға дейін фтор барын анықтаған. Дегенмен, ауыл жұртшылығы жергілікті атқамінерлер бұл мәселеге қатысты ешқандай әрекет жасамай отыр дейді.

Күні бір құдыққа қарап тұрған ауыл
Сағымбала Табылдинова

«Өтініш, басшыларымыз, әкімдеріміз бізге жағдай жасап, суымызды тартып берсін. Өйткені, ол суға бәленбай миллиондаған ақша бөлініп жатыр. Оны жылдық есеп бергенде аудан әкімдері, ауыл әкімдері өздері айтып отыр, бәленбай миллион ақша аударылды деп. Ал, ол қайда? Өздері айтады, өздері жоқ қылады», — дейді Сағымбала ТАБЫЛДИНОВА.

Аталған құдық суында фтор мөлшері шамадан тыс екенін аудандық әкімдіктің өкілдері де растап отыр. Бірақ, аудан әкімінің орынбасары бұл тұрғындар үшін аса қауіпті емес дейді. Қаратал ауданындағы 35 елді мекеннің 94 пайызы таза ауыз сумен қамтылған. Енді кезек Жылыбұлақ ауылына да жететінін айтады.

Күні бір құдыққа қарап тұрған ауыл
Жәнібек Тасыбаев

«Үштөбе қаласынан Жылыбұлақ ауылына 12 жарым шақырым құбыр тартамыз деген жобамыз бар. Бұған 2017 жылы 23 миллион теңге бөлініп жобалық-сметалық құжаттама жасалған. Бұл 2018 жылы бітті. Оны экспертизаға бергенге үлгермей қалдық. Қазіргі кезде бердік. Ақпан айының аяғында экспертиза қорытындысы шығады. Сосын қосымша ақша бөлініп, суын тартып, биыл қосып береміз деген жоспар бар», — дейді Қаратал ауданы әкімінің орынбасары Жәнібек ТАСЫБАЕВ.

Алайда, ширек ғасырдан астам құдықтан су ішіп жатқан Жылыбұлақ тұрғындары жауаптылардың мұндай уәдесіне сенбейді. «Ақбұлақ» бағдарламасының Жылыбұлаққа жетпейтініне қынжылған олар мәселені облыс басшысы шешіп берсе дейді.

Күні бір құдыққа қарап тұрған ауыл

Алматы облысында 742 елдімекеннің 665-і орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Бұл 90 пайыздық көрсеткіш. 68 елді мекен қолқұдық, бұлақтар мен құдықтан су ішіп отыр.

2018 жылы осы мақсатта  бюджеттен 9.9 миллиард теңге бөлінген, оның  4.9 миллиарды республикалық, 5 миллиарды облыстық бюджеттен. Былтырғы жылы облыстың 17 ауылы, яғни, 20 мың адам таза ауыз сумен қамтылды. Биыл 42 нысанды ауыз сумен қамтуға 8.9 миллиарды теңге бөлінген, яғни тағы 10 ауыл ауыз сумен қамтылмақ.

Күні бір құдыққа қарап тұрған ауыл

Фотолар автордікі. 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.