Президенттің «Жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша сапасыз үйлер салынып жатыр. 

«КӨРКІ» кетіп, «КӨГЕРГЕН» үйлер 

Зайсан қаласындағы жаңадан салынған үйлердің сылағы түсіп, төбесінен су ағып жатыр. Судай жаңа үйге кірген кейбір жұрт жарты жыл өтпей жатып-ақ, алған баспаналарын тастап, басқа жаққа көшуге мәжбүр болған. Ал басқа барар жері жоқ жандар адам шошырлық жағдайға төзіп, өмір сүрмеске амалдары қалмаған. Жағдайы кеткен жергілікті тұрғындардың тұрып жатқан үйлерінің арасында мемлекеттік «Жол картасы 2020» бағдарламасымен салынған баспаналар да бар. Бірақ, олардың қазіргі сиқына қарасаңыз, сонау өткен ғасырдың алпысыншы жылдары салынған ғимараттар еріксіз еске түседі.

Зайсанның әкімі көп балалы аналарды қуып шықты

Кондюриндегі «КАРТОН» қорап

Кондюрин көшесінде орналасқан №1 және №2 көп қабатты 120 пәтерлі тұрғын үйді «КАРТОН ҚОРАП» демеске лаж жоқ. Ғимараттың іргетасы 2017 жылы мамыр айының ең соңғы күні құйылыпты. Құрылысты жергілікті «СМУ Шығыс» пен «Buildup company» ЖШС-лары жүргізіп, 2017 жылдың 15 желтоқсанында аяқтаған. Ал пайдалануға жеті ай өткен соң, 2018 жылдың шілде айында берілген. Оған аудандағы тұрғын үйге мұқтаж жандар келіп орналасқан. Баспаналы болғандар «ҚҰТТЫ МЕКЕН» болар деген үмітпен, қуаныш тойын жасап, шаңырақтарына шаттана енген.

Алайда, көп уақыт өтпей жатып-ақ, Алтайдың аязы қысқан кезде бұл қуаныштары су сепкендей басылған.

Зайсанның әкімі көп балалы аналарды қуып шықты

— Үйдің іші суық. Аязды күндері бөлме ішіндегі ауа температурасы 10 градусқа да жетпейді. Қабат-қабат киініп жүреміз. Есік пенен терезенің жақтауларынан жел аңқылдайды. Дұрыс орнатылмағаны көрініп тұр. Оның үстіне бөлмені жылытуға жылу батереяларының шамасы жетпейді. Орнатылған батареялар кішкентай. Мұндай жаңа баспананың басымызға проблема болатынын білмедік қой. Бұлай болады деп кім ойлаған? Жалғыз бұл емес. Жуынатын бөлменің төбесінен жаңбыр жауады десем болады. Суық үйдің мәселесіне төбеден аққан су қосылып, мазамыз әбден кетті. Төбе мен терезеден аққан суды сүртіп жалықтым. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөліміне бардым. Құрылысты салған «СМУ Шығыс» мекемесіне бардым. Ол жердегі адамдар келіп көрді. Бірақ олардан қайран жоқ. Он жыл күтіп жүріп, енді өз шаңырағым болды ма дегендегі жағдайым осы, – дейді Гүлсамал МАРЖАТОВА.

Зайсанның әкімі көп балалы аналарды қуып шықты

Біз бұл «ЗЕЙНЕТКЕРДІҢ» сөзінен кейін аудан «ӘКІМДІГІНЕ» хабарласып, мән-жайды білуге тырыстық. Салынған үйге жұмсалған қаржынының қанша екенін де сұрадық. Бірақ жазбаша түрде алған жауабымыз қысқа болды. Міне қаз-қалпында.

«Қазіргі кезде үйлердегі ақаулықтар бойынша мердігер мекемелермен бірлесіп, бірнеше мәрте араланды. Кейбір пәтерлерге қосымша батарея қосу және ауа алмасу трубаларын  жылылау жұмыстары жүргізілді.Бүгінгі күнге барлық пәтерлер араланып, ақаулық актілері жасалынды. Мердігер мекемелер кепілдік мерзіміне және кепіл хаттарына сәйкес ауа райы жылынғаннан кейін барлық ақаулықтарды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізеді». 

«ТАСТАЙ» үйді «ТАСТАЙ» қашты

Зайсанның әкімі көп балалы аналарды қуып шықты

Қапия ШОТАНБАЕВА жаңа үйдің кілтін былтырғы жылдың қоңыр күзінде қуана алған аналардың – бірі. Зайсан ауданының орталығындағы бұл баспана қолындағы екі бірдей жетім балаға беріліпті. Олардың әке-шешелері қайтыс болған соң қолына алып, бағып-қағып отырған қарт ана.  Жаңа үйге бар болғаны жиырма күн түнеген. Содан кейін судай жаңа үйінің қабырғалары суланып, сылақтары сыпырылып түсіп қалған соң, ауылға амалсыз көшіп кетіпті.   

Зайсанның әкімі көп балалы аналарды қуып шықты

Үй салқын. Барлығы дұрыс жасалмаған. Әйтеуір ырымын жасап, аз-аздан қоя салған. Бәрі құлап жатыр. Терезенің барлығы дұрыс емес. Су ағып жатыр. Төбесі дұрыс жабылмаған. Су сорғалап тұр. Басшылардың есігін тоздырып, жалынып жүріп алған үйіміздің сыйқы  осы болды. Қаншама жыл күттік. Жақсы болса осында тұрмаймыз ба? дейді, Зайсан ауданының тұрғыны Қапия ШОТАНБАЕВА. 

«ТҰМАУ» туғызған «ТҰРҒЫН» үй 

Алған үйлерінің шұрық-тесігін қолдарынан келгенше қымтап, қорғансыздың күнін кешіп отырғандар да жетерлік. Отбасындағылар баспаналарының тоз-тозы шығып, тозып тұрған түр-түсіне қарауға шамалары жоқ. Бар тілектері – балаларына тұмау тиіп қалмау. Қыс түсіп, күн суытқалы бойымыз бір жылымады деген, Әсем ІЛБІСОВА: Үйдің іші көкпен-көк болып көгеріп, көк сасып кетеді. Ылғал мен суықтан балаларым жиі ауырады. Жөтеледі. Ауырып қалады. Жылуға қарызданып қаламыз. Жаздай сол берешекті беріп құтыламыз. Алты балам бар. Осылар үшін қиын болып отыр дейді. 

Зайсанның әкімі көп балалы аналарды қуып шықты
Әсем Ілбісова

Бар «ГАЗДЫҢ» өзі «БОҚАЖАНОВТАҒЫЛАРҒА» әлі бармаған 

Боқажанов көшесіндегі үй де мемлекеттік бағдарламамен салынған. Бақсақ, ел арасында «ЖАСТАР ҚАЛАШЫҒЫ» атанып кеткен мекендегілердің де мәселесі баршылық екен. Аты аталған көшенің 88 және 88/1 үйінде тұратындар кілең жастар. Елдің ертеңгі тізгінін ұстап, мемлекеттің өркендеуі үшін еңбек ететін азаматтар. Сол тұрғындардың айтуынша, әу баста үй деп аталып салынған. Бірақ кейіннен жатақхана болып берілген екен. Хош делік. Бірақ мұндағылардың жанына үйдің сапасынан бұрын жылу жайы қатты бататын көрінеді. Бұл, мәселе тек жылуда ғана дегенді білдірмейді. Басында айтқан өзге ғимараттардағы жағдай мұнда да бар. Сапасыз үйге қатысты сұрақтары да көп. Оған алған жауап та жоқ. Құрылыс біткен кездегі қабылдап алған комиссия «МҮШЕЛЕРІНІҢ» көру «МҮШЕЛЕРІНЕ» деген күдіктері де басым.

Жылу дедік қой. Бұл үйдің 120 пәтерін паналаған жастар жылуға төленетін тарифтің тым қымбат екеніне шағымданады. Жер асты газға толы Зайсанның көптеген ауылы қазір көгілдір отынды пайдаланады. Солар секілді, үйлерінің іргесінен өтіп жатқан газ құбырына қосылсақ, қосымша шығындалмас едік деп өкінеді.

Зайсанның әкімі көп балалы аналарды қуып шықты

— Біздің міне ауданымыздағы газымыздың шыққанына бес жыл болды. Мұнда тұрғанымызға үш жыл болды. Айтатындары сол үш жыл бойы жылу қазандығына әлі смета жасалып келеді. Үш жыл бойы жобалық сметалық құжаты жасалып бітпейтін ол не деген қазандық екенін білмейміз. Біздің қазандық бітпей жатып, басқа жерлерге неге үй салады? Олардың да проблемасы қосылып, көбейіп жатыр. Ал жылуды жекеменшік компания беріп отыр. «СМУ Шығыс» ЖШС-ның ішінен құрылған «NG Energy» мекемесі. Бір шаршы метр жер үшін 220 теңге төлейміз. Ол мектепке берілетін жылудың бағасымен тең. Қазақстанның қай жерінде осындай баға бар? Ауданымыздың өзінен газ да шығады, көмір де шығады. Мына жастардың жағдайын жасамайды. Жастарды осылай шырылдатып қоюға бола ма? – деген, Зайсан қаласының тұрғыны Еркебұлан Зағыпаров,  жылуға жарымай отырған жұрт, науқас балалары бар көршілеріне ел болып жылу жинап көмектесетіндерін айтады.

Өйтпеске шара да жоқ. Бір отбасыны асырап отырған не әйелі, не ері. Жалақылары 50 мың теңгенің төңірегінде. Ай сайынғы жылу үшін келетін түбіртекте аз дегенде жиырма мың теңге жазылып келетін көрінеді. Оны төлемесе сотқа сүйрейді. Сондай жанның бірі Айткүл КӘРІБАЙ, қазір қарызынан қалай құтыларын білмей дал.

Зайсанның әкімі көп балалы аналарды қуып шықты

— Балам ауру. Жолдасым үш ай болды жұмыссыз. Өзім де жұмыс істей алмай отырмын. Осы қыс жылудың ақшасын төлей алмай отырмыз. Ол жылу дұрыс берілсе екен. Ана жылы босанып келгенімде, жылытқыш қосып отырдық. Ол электр энергиясына жылудан бөлек ай сайын он мың теңге төлеп отырдық. Іргемізде тұрған газды қосып бере ме? Әлде, бағасын арзандата ма? Білмеймін. Бір жағдай жасалса ғой. Сотқа сүйреп қинамай. 

«ПРЕЗИДЕНТ» айтқан соң, «7 ТЕҢГЕ 4 ТИЫНҒА» арзандаған

(әкімдіктің берген жауабы қаз-қалпында)«Аталған үйлердің жылумен қамтамасыз етуді  «NG ENERGY» ЖШС жүргізуде«NG ENERGY» ЖШС жылуға төленетін тариф мөлшері Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаметінің бекіткен бағасы 1 шаршы метрге 227,4 теңгені құрайды.Елбасының коммуналдық қызметтердің бағасын төмендету бойынша тапсырмаларына сәйкес, 01.01.2019 жылдан бастап  1 шаршы метрге 220 теңгеге төмендетілді».

Зайсанның әкімі көп балалы аналарды қуып шықты
Темірбек Қасымжанов. Фото: tengrinews.kz

 Аудан «ӘКІМІ» қабылдауына келген «ӘЙЕЛДЕРДІ» қуып шықты

Міне осылай ашынған аналар осы айдың 25-і күні аудан әкімі Темірбек ҚАСЫМЖАНОВТЫҢ қабылдауына барыпты. Айтуларынша, жеке сұранып, ерекше қабылдауында болмаған. Әдеттегі, ай сайынғы өткізілетін ресми қабылдау. Ауданның өзге тұрғындарымен бірге жазылып, он алтыншы болып кірген екен. Бірақ, тұщымды жауап аламыз деген үміттері ақталмаған. Қайта керісінше, әкім мен тұрғын үй коммунальдық шаруашылығының басшысынан айғай естіп, әкімшіліктің ғимаратынан «ОХРАННИКТЕРІ» сүйреп шығарып жіберген. Бұдан кейін, құқығымыз тапталды деген аналар аудандық прокуратураға шағым түсірген.

Зайсанның әкімі көп балалы аналарды қуып шықты

«ШЕКАРАЛЫ» аймақтың «МӘСЕЛЕСІ» шешіле ме? 

«Қазір біздің ұлтымыздың алдында тұрған ең басты міндет, ең қиын міндет – Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының негізгі бағыт-бағдарын дəл айқындап, сол мақсатқа неғұрлым тезірек жетудің жолында аянбай еңбек ету. Экономикалық дəулетіміз артпайынша, рухани сəулетіміз де артпайтынын анық ұғынуымыз қажет».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,

Дүниежүзі қазақтарының І құрылтайында сөйлеген сөзінен

 «Таңдамалы сөздер», ІІ том.

Зайсанның әкімі көп балалы аналарды қуып шықты

Бұл Президенттің шекаралы аймақтарға қатысты айтқан сөзі еді. Тәуелсіздікті алғаш алған жылдары осылай деген Елбасы, содан бергі жылдары ондағы елдің әлеуметтік мәселелерін уақытылы шешіп, экономикалық жағдайын жақсартуды талай тапсырған болатын. Бірақ… Өкінішке қарай, бүгінгі жұрттың жайы басқаша болып отыр…

Фотолар автордікі.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.