Алаш партиясының лидері Әлихан БӨКЕЙХАННЫҢ Хан Кене жайлы өлеңін 2011 жылы Евгений БӨКЕЙХАННЫҢ оқуында алғаш тыңдаған едім. Әлекеңдей асылдың немересі оқып бергесін алған әсерді де айтып жеткізу мүмкін емес.  

За годом год хромали годы,

Прошло их много с той поры,

Как вольный сын степной свободы,

Казнен батыр Кенесары.

 

Но дух его бунтарской воли,

Его борьбы кровавый след,

Был маяком киргизской голи

До дней свободы, дней побед.

Бар жоғы екі шумақтан тұратын өлең рухты. Тілі орыс болғанымен авторының қазақ екенін бірден аңғарасың. Былайғы жұрт үшін Әлихан Бөкейханның ұлы саясаткер екені даусыз. Бірақ мына жыр жолдары құйылып түскен.

Бұл өлең 1923 жылы «Материалы к истории султана Кенесары Касымова» атты кітапшаның алғы сөз орнына жарияланған еді.

«Әлихан Бөкейхан хан-сұлтандарды қатты сынаған. Ал Кенесарыны өзіне үлгі тұтты. Орыс қауымына Кенесары жайлы дәйексіз мәліметтер берілді. Сондықтан да бұрыс көзқарасты өзгерту үшін өлеңді орыс тілінде жазған болу керек. Және ол кісі орыс тілінде білім алды. Орысша жазуға өте бейім болған», — дейді әлихантанушы, ғалым Сұлтан Хан АҚҚҰЛЫ.

Ғалымның айтуынша, ақындық қырына әдебиеттанушылар әлі күнге дейін назар аудармай келеді.

«Әдебиеттанушылар осы бір өлеңге мән берген емес. Тек менің өтінішім бойынша 90 жылдардың басында Исраил САПАРБАЙ қазақшаға аударып, «Қазақ әдебиеті» газетіне жарияланды. 1992 бұрынғы Жезқазған облысына қарасты Ақтоғайда Бөкейхан, Ақбаев және Ермеков Әлімқанға арнап үлкен ас берілді. Оған Мәскеуден немересі Евгений БӨКЕЙХАН мен Әлекеңнің шөбересі Петр да келді. Елімен қауышқан Евгений бірнеше өлең жазды. Оны да Исраил ағамыз аударды. Қысқасы, Әлекеңнің ақындығын зерттеген адам жоқ»,дейді Сұлтан Хан АҚҚҰЛЫ Жас АЛАШ тілшісіне.

1905 жылы «Семипалатинский листок» газетінде де Алаш көсемінің бір-екі өлеңі жарық көрген. Қазақша да, орысша да өлең жазуға қарекет еткен дейді ғалым. Ол сондай-ақ, 1920 жылдары КСРО халықтарының шығыс баспасында қызмет еткен. Редактор Бөкейхан Ер Тарғын, Қозы Көрпеш – Баян сұлу жырларын баспаға әзірлеген. Біраз жері қара сөзбен жазылған Ер Тарғын эпосын толықтай өлеңге айналдырып шыққандығын айтады ғалым. 

Фото: kaztag.kz

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.