Өткен аптада ғана Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев көпбалалы отбасылардағы әр балаға 20 789 теңге 1-шілдеден бастап төлене бастайтынын мәлімдеген. Бірақ, бүгін президент Нұрсұлтан Назарбаев көпбалалы отбасылар әлеуметтік көмекті 1 сәуірден бастап алуы керек екенін айтты.

Сапарбаев өз мәлімдемесінде:

«Тұрмысы төмен отбасының балаларына берілетін жәрдемақы мөлшері де өзгереді. Егер 1 шілдеге дейін ол 4 мың 834 теңге болса, 1 шілдеден бастап әр балаға 20 789 теңге төленеді. Бұл жәрдемақы 18 жасқа дейін, егер балалар жоғары оқу орындарында оқитын болса, 23 жасқа дейін төленеді», — деген.

Қашан да тапсырма бойынша әрекет ететін шенеуніктер президенттің бұл тапсырмасынан кейін қайтара мәлімдеме жасай ма, қайтеді? Әсіресе, осы салаға жауапты Сапарбаев қайтпек?

Президент аузынан шыққан сөзін тез орындатқысы келді ме екен, әлде басқа да себебі бар ма, бұл жолы өзгелердің асықпай «реттеліп» алуына мүмкіндік бергісі келмей отырған сияқты. Әйтпесе, бір ай уақыт көлемінде әлеуметтік аз қамтылғандар мен көпбалалы отбасылар мемлекеттің қамқорлығын сезінуі қажеттігін айтпас еді.

«Көмекке аса мұқтаж табысы аз азаматтар, көпбалалы отбасылар биылғы 1 сәуірден бастап әлеуметтік көмекті алуы тиіс».

Бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік саясатты жүзеге асыру мәселелері жөніндегі кеңесте айтқан сөзі. Премьер-Министр Асқар Мамин, Президент Әкімшілігінің басшысы Әсет Исекешев, Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова қатысқан кеңесте президенті мемлекеттік органдар басшылары мен облыс әкімдерінің жұмысын бағалау азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасы деңгейіне тікелей байланысты болатынын да айтты.

«Көмекке аса мұқтаж және көп балалы отбасылар биылғы 1 сәуірден қалмай әлеуметтік көмек алуы қажет» екенін айтқан мемлекет басшысы «Ең алдымен, халықты жұмыспен қамту керек. Мемлекеттік аппараттың міндеті – шағын және орта бизнесті дамытуға, жұмыс орындарын ашуға күш жұмылдыру. Бұл жұмысты барлық қалаларда, аудандар мен ауылдарда жаппай жүргізу қажет», — деген де тапсырма берді.

Фото: tengrinews.kz

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.