Жамбыл облысы бойынша 2018-ші жылы пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы көлемі 480,5 мың шаршы метрді құрады. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 109,4% көбейгенін көрсетеді. 

Тұрғын үй құрылысы саласында жалпы 32 нысанның құрылысы жүргізілген. Оның 22 нысаны пайдалануға тапсырылып, қалған 10 көп қабатты үйдің құрылысы биылғы жылы аяқталып, тұрғындарға кілті тапсырылатын болады.Аталған нысандарға 7,8 млрд.теңге қаржы бөлініпті.

Ендігі кезекте «Нұрлы жер» мелекеттік бағдарламасына тоқталсақ. Бұл бағдарлама аясында облыс бойынша 2018 жылы 1 673 пәтер тапсырылды, оның 953 пәтерлі 13 тұрғын үйі арендалық болса, 720 пәтерлі 9 тұрғын үй Тараз қаласы, 15-ші мөлтек ауданында кредиттік жүйемен құрылысы жүргізілді.

Кредиттік үйлердің бүгінгі таңда 442 пәтері Қазақстан Құрылыс Жинақ Банкі арқылы салымшылар арасында сатылған болса, 278 пәтері 7-20-25 бағдарламасы арқылы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға ұсынылады екен.

Биылғы жылы  облыста құрылыс саласына еніп отырған жаңалық – құрылысы жүргізіліп жатқан нысандар бойынша электрондық деректерді ақпараттық базаға енгізу. Мұнда нысанның мекен жайы, көлемі, құны, заңдылығы, қызыл сызықта жүргізілмеуі, статистикалық есепке енуі сияқты ақпараттар жинақталады және жалпыға жариялы, қол жетімді болатыны айтылған.

Бұл жүйеге қала, ауыл әкімдіктері электрондық кілт арқылы ақпарат толтырып отырады. Оған қоса, жүйені мемелекеттік сәулет құрылыс бақылау және сәулет басқармалары қадағалап отырмақ. Өз кезегінде бұл дерек қоры облысымызда құрылыс мәдениетін қалыптастырады деп күтілуде.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен құрылысы жүргізілген үйлер 6 ай мерзім ішінде Қазақстан Құрылыс Жинақ Банкі арқылы салымшылар арасында және кезекте тұрған азаматтарға 7-20-25 бағдарламасы арқылы сатылымға берілетіні белгілі. Ал алты ай өткеннен кейін басқа да азаматтар арасында сатылымға ұсынылатын болады.

Сонымен қатар, қазіргі таңда үкметте жергілікті атқарушы органның 7-20-25 бағдарламасына қатысушыларға, бюджет есебінен алғашқы жарнаның 1 миллион теңгеге дейінгі 50 пайызын субсидиялау бойынша Ережесін бекітуде. Онда суббсидиялаудың қайтарымды және қайтарымсыз түрлері қарастырылып жатыр.

Бұл ретте қайтарымды суббсидияны әлеуметтік қолдау ретінде 0,01 пайызбен 15 жылға берілуі, ал қайтарымсыз суббсидия әлеуметтік жағдайы нашар топтағы азаматтарға әлеуметтік көмек ретінде бөлінуі қарастырылып отыр.

Бұл жеңілдіктерді пайдалану үшін пәтерге өтініш берген азамат бағдарламамен кредиттеуге құқығы бар екінші деңгейлі банктер қоятын талаптарға сәйкес болуы керек және жергілікті мәслихат бекітетін, суббсидиялауға жататын азаматтардың топтары тізбесіне сай келуі тиіс.

Осы Ереже бекітілсе, Жамбыл облысында да 7-20-25 бағдарламасына қатысушы азаматтарға алғашқы жарнаның 1 миллион теңгеге дейінгі 50 пайызын суббсидиялау жұмыстары жалғасын табады деп жоспарланып отыр.

Фото: baribar.kz

 

 

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.