Алжир президенті Әбделазиз Бутефлика жексенбіде, 10 наурызда Щвейцарияда екі апта емделген соң елге оралды. Бұл туралы Алжир мемлекеттік телеарнасы хабарлады.

Reuters ақпарат агенттігінің жазуынша, Бутефлика елде жоқ кезде басталып, аз уақытта қатты күшейген жаппай ереуіл 82 жастағы президент үшін ол билік еткен 20 жылдағы ең қауіпті наразылыққа айналды.

Соңғы екі апта бойы ондаған мың алжирлік биыл сәуірде болатын сайлауда кандидат болатынын айтқан президент шешіміне наразылық білдіріп жатыр.    

10 ақпанда Алжир президенті Әбделазиз Бутефлика сәуірде өтетін сайлауға қатысатынын жариялаған. Оның жазбаша мәлімдемесін мемлекеттік телеарналардың бірі таратты. Осыдан кейін елде жастар жаппай наразылыққа шығып, Бутефликаның биліктен кетуін талап етіп жатыр. 2 наурызда мыңдаған адамның наразылығын полиция күшпен басуға тырысқан. Полициямен қақтығыста 180-ге жуық адам зардап шеккен.

Бутефлика бұған дейін төрт рет сайлауға түсіп, жеңіске жеткен. 2013 жылы инсульт алып, содан бері жұрт алдына шықпады. Мәлімдемелерін елдегі телеарнадағы тележүргізушілер немесе маңайындағы көмекшілері оқып жүр. Халықаралық ақпарат агенттіктері Бутефликаның қазір Швейцарияда емделіп жатқанын хабарлады. Әлемдік ақпарат құралдарының жазуынша, алты жыл бұрын инсульт алған Бутефликаның жүріп-тұруы қиын.

1991 жылы Алжирде исламистік топтар мен билік арасында азаматтық соғыс басталды. Бутефлика билікке елдегі азаматтық соғыс кезінде, 1999 жылы, келді. Ол Алжирдегі азаматтық соғысты тоқтатып, елде бейбітшілік орнатты. Қазір наразылыққа шыққандардың арасында «президентке қарсы емеспіз, ол Алжир үшін көп іс тындырды. Бірақ қазір президент болуға денсаулығы келмейді» дейтіндер де бар.

18 сәуірде өтетін президент сайлауына 15 кандидат тіркелген. 13 наурызда Алжир сайлау комиссиясы кандидаттардың есімін жариялауы тиіс.

Дереккөз: Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.