Атыраулықтар демалыс күндері ертемен Жайық жағалауына жиналып, резеңке етік киініп, өлген балықтарды жинауға кірісті. Ол үшін еріктілерді жинайтын төрт орын белгіленіп, екі күн ішінде шамамен жарты тоннаға жуық балық өлексесі жиналған. Шара үйлестірушілерінің бірі Мира Есниязованың айтуынша, жұмысқа кіріспес бұрын жиналғандарға төтенше жағдай қызметінің инспекторы нұсқаманы түсіндірген. Қаланың басқа тұрғындары да қарап қалмай, өзен тазалап жатқандарға су мен тамақ әкеліп тұрыпты.

Бұған дейін облыстық әкімдікте Атырау аумағындағы балықтың жаппай қырылуын тексеруге арналған ведомствоаралық комиссияның мәжілісі өткен болатын.

– Әртүрлі арандатушылыққа және астыртын түрде кедергі келтірушілерге жол бермеуіміз керек. Қазіргі уақытта тергеу құпиялылығын сақтау мақсатында кейбір жәйттарды жария ете алмаймыз. Ең бастысы, не болғанын хабарлау емес, Жайықты құтқару. Осыны естен шығармайық.  Жағдай облыстағы барлық құзырлы органдардың және аймақ басшылығының назарында, — деп мәлімдеген облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік ШАПКЕНОВ мырза.

Айта кетейік, ортақ проблеманы жұмыла шешу жөнінде ел ішіндегі белсенді топтар ұсыныс білдіріп шыққан. Олардың бірі Шынар Ізтілеуова мұндай жағдайдың әлемдік тәжірибеде бар екенін айтады. Мәселен, Мексика шығанағында мұнай төгілген кезде де көпшілік жағалауды өлі балықтан тазартуға бір кісідей жұмылған. Дегенмен, «биліктің қателігінен болған жайды біз неге жөндеп, жуып-шайып жүруіміз керек» деген ұстанымын әлеуметтік желілерде жариялап жатқан топтар да кездеседі. Оның үстіне Жайықтың бүлінген аумағын қол күшімен тазарту мүмкін еместігі белгілі болған.

Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы хабарлағанындай, бүкіл өзеннің бойындағы өлі балық бұдан әрі табиғат пайдаланушы кәсіпорындардың өзенде пайдаланатын техникасымен жиналады.

Шара кезінде анықталған барлық мәліметтер құқық қорғау органдарына тапсырылып,  бұл деректер осыдан бұрын көтерілген қылмыстық іске қосылмақ. Жалпы, өлі балықты жинау жұмысы Жайық өзені толық ерігенге дейін жалғасады.

Мәселемен айналысатын ведомствоаралық комиссия әзірге алдағы күндері өзен мұздан толықтай арылатынын, ал Жайықты тазартумен балық аулау кооперативтерінің тәжірибелі мамандары айналысатынын айтып, сендіріп отыр.

Жайық - өлі балықтар мекені

Фотолар автордікі.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.