«Шантарам» кітабы 2003 жылы шыққанына қарамастан, ТМД елдеріне (Ресей арқылы) тек 2010 жылдан кейін ғана жетіпті. Бұл уақытқа дейін әлем бойынша миллиондаған тиражбен таралған кітап қысқа уақыт аралығында оның авторына үлкен даңқ, әлемдік танымалдылық әкелді. «Шантарамның» негізгі артықшылығы да сол – оның автобиографиялық сипатының басым болуы. Бас кейіпкері түрмеден қашып шығып («мүмкін емес жағдай» деп бағалайды автордың өзі), Австралиядан жасанды паспортпен Үндістанға өтеді.

Автор қазір екі кітабын жарыққа шығарды. Ендігісі – үшінші жазылмақ, рет бойынша «Шантарамның» бірінші кітабы есептеледі. Дегенмен «Шантарамның» авторы – Грегори Дэвид Робертс Қазақстан үшін жаппай танымал деуге де келмейді. Жалпы оқырманды былай қойғанда, әдеби ортада да оқыған, бағасын берген адам сирек. «Жас Алаш» аударып басып отырған бұл сұхбат Робертс туралы жарияланған алғашқы қазақтілді материал болуы да мүмкін.

«Шантарам» маратхи тілінде «бейбіт адам» (мирный человек) деген мағынаны береді. Бұл ат автордың өзіне тиесілі. Үндістанның бір түкпірдегі ауылының тұрғындары ризашылықпен осылай деп ат қойыпты.

Біз аударып басып отырған сұхбат негізінен телевизиялық бағдарлама – «С миру по нитке» бойынша алынған. Бағдарлама жүргізушілері Людмила Горчакова мен Виктория Заволжскаяға да сілтеме жасай кеткен жөн. Себебі қолға түсе бермейтін авторды іздеп тауып, сұхбат беріп, телеарнаға түсуге көндірген де солар.

Грегори Дэвид Робертс: «Шантарамның» 1000 беттік қолжазбасын түрме күзетшілері құртып жіберді

– Сіздің кітабыңыз автобиография ма?

– Кітапта баяндалған жалпы оқиға шын. Мен, шынында, Бомбей түрмесінде отырдым, Ауғанстанда соғыстым, мафиямен жұмыс істедім – мұның бәрі менің өмірімде болған жағдайлар. «Трущобта» өмір сүрдім, үнділердің ауылында болдым – мұның барлығы жалпы оқиғаның негізі етіп алынған шын оқиғалар.

– Бомбейге 1980 жылы келдіңіз ғой?

– Жоқ, 1982 жылы келдім. 1980-де австралиялық түрмеден қашып шықтым. Бұл қатаң тәртіпті түрме болатын, мен орталық дуал арқылы автомат ұстаған күзет тұратын екі бірдей қарауыл мұнарасының ортасынан, тура түс кезінде кесіп өттім. Мен қашқаннан қашып отырып алдымен Австралияның батыс жағалауына, одан Жаңа Зеландияға өттім. Ол жақта да біраз жағдайларды бастан кештім. Бір компания қағаз өндірісі үшін тып-типыл еткелі тұрған тауды қорғап қалуға тырыстым.

– Сонда сіз іздеуде бола тұра, қоғамдық қозғалыстарға араластыңыз ба?

– Иә. Жаңа Зеландияның солтүстігінде болдым, жергілікті тұрғындар маған көмектесті, мен солардыкінде жасырындым ғой. Олар компаниялардың бірі тұмса орманды дәретхана қағазын шығару үшін отап тастағалы жатқанын айтты. Сосын, біз, жергілікті тұрғындар, киелі санайтын бұл тауды қорғап қалуға әрекет жасадық. Жергілікті халықпен бірге төбелеске де шықтым, бірақ полиция мен компания күштірек болып, ақырында біз жеңіліп қалдық. Сол мен болысқан адамдар маған алғыс білдіргісі келді. Оларда ақша жоқ, сосын, маған бір қапшық дәнек берді. Бұл марихуана өсіп шығатын ғажайып дәнек екенін айтты. Ол соншалық тез әрі өте биік болып өсті – 50 келі жинап алдым. Оларды рюкзакқа салып алдым да, оңтүстіктегі танысыма бару үшін бүкіл Жаңа Зеландияны басып өттім. Ол жақта өнімді саттым да, түскен ақшаға өтірік паспорт жасатып, әуебилет сатып алып, Үндістанға ұштым. Міне, бұл жаққа осылай келіп қалдым.

– Ал сізді Бомбей несімен баурап алды?

– 1982 жылы Бомбейдегі өмір қазіргіден әлдеқайда нашар болатын, қай жаққа қарасаң да – «трущобтар», адамдар көшеде тұрып жатты, жан-жағың тұнған жоқшылық. Ең бірінші сезінгенім айналаңдағы жұтаңдық, бейнет, тауқымет, ауыртпашылықтың ауыр соққысы еді. Мұны қабылдау өте қиын болды. Дегенмен айналама дұрыстап қарай бастағанда адамдардың бақытты өмір сүріп жүргендей күлімсірейтіні, өте ұқыпты екенін көрдім. Сосын, ойладым, бұлар сонда да жыламайды. Ал менің өмірге өкпе айтуға қандай қақым бар?

Грегори Дэвид Робертс: «Шантарамның» 1000 беттік қолжазбасын түрме күзетшілері құртып жіберді

Мені таңғалдырғаны бұл жердегі сұлулық пен еркіндіктің үйлесімділігі еді. Бір жағынан, бұл жақтың адамдары өте сұлу болады. Олардың сұлу емес кездері де – сұлу. Екіншісі – еркіндік. Мен барлығы реттелген елден келгем. Көшеде кетіп бара жатсаң көшенің оң жағы емес, сол жағымен жүруің керек. Барлығы бақылауда. Ал бұл жақта қайнап жатқан хаос. Кім болғың келсе – сол боласың, не істегің келсе – соны істейсің, бұл еркіндік маған ұнады. Үндістандағы жалғыз ереже – ешкімге зиян тигізіп алмасаң болды, қалағаныңды жасай бер. Еркіндік пен сұлулық – осы екі нәрсе – мені осында қалуға мәжбүрледі.

– Сіз 80-жылдары «трущобта» тұрыпсыз, тіпті дәрігер болып жұмыс істепсіз…

– Дәрігер емес, мен алғашқы көмек қана көрсеттім.

– Бұл тәжірибе сізге тұлға және жазушы ретінде қалай әсер етті?

– Жақсы сұрақ! Менен мұны бұған дейін ешкім сұрамапты. Біз жарақаттанғандар мен ауруларға – атжалман, ит қауып алған, құрт-құмырсқа, шыбын-шіркей шағып алғандар, жуып-тазалауды талап ететін жараларды емдеуге көмектестік. Көп жағдайда жаралар өте қорқынышты болатын, өйткені су жоқ деуге болады, сабын деген жоқтың қасы, ағзаға инфекция тез жұғатын.

Күнделікті ауру-сырқауларды емдеу  өмірге жақындатады. Жақсы жағынан алып қарасақ, бұл ақшасы жоқ адамдар үшін ненің маңызды екенін түсінуге мүмкіндік береді. Мен қазір философиялық сұрақтар бойынша консультант болып жұмыс істеймін, моральдық жағынан бағытын анықтау үшін компаниялар мені шақырып тұрады. Бұл компаниялар жақсы істер атқарғысы келетін, дүниені жақсартқысы келетіндер, негізінен, жеке ұшақтары, екі-үш үйі бар, әлемді тек бірінші класс бойынша аралайтын бай адамдар. Олар бір жақсылық істегісі келеді, бірақ сенде ақша мен билік жоқ кездің қандай болатынын еш түсінбейді.

Осы жақында ғана біреулер компания қызметкерлерінің моральдық, рухани жағдайын жақсарту туралы ұсыныс айтып, осыған тоқталсақ деді. Мен оларға, әрине, бұл өте маңызды, бірақ одан да маңыздысы – ақшасы да, билігі де жоқ адамдарға тістерін емдеуге, аренданың, электр қуатының ақшасын төлеуге, дастархандарына ас қоюға көмектесу әлдеқайда маңызды екенін айттым. Бұлар базалық қажеттіліктер. Егер біз оларға көмектеспесек, шынайы өмірден алыстап кетеміз.

Былайша айтқанда, бір адамға 25 мың адам келетін «трущоб» емханасын басқару тәжірибесі маған ақшаң жоқ болу дегеннің не екенін өмір бақи ұмытпауға сабақ болды. Егер біз өмір сүргіміз келсе, яғни адамзат ретінде бізге билігі мен ақшасы барлардан емес, «трущобтағылардан» үйрену керек.

– Ал қазір ше, сіз әлгі «трущобтағылармен» араласасыз ба, Бомбейге келгенде кездесіп тұрасыз ба?

– Иә, ылғи да барамын. «Трущобта» әлі де жұмыстар атқарамын, адамдарға жұмыс тауып беруге тырысамын. Қатты мұқтаж болып тұрғандардың операциясын төлеп беремін. Кішігірім қайырымдылық ұйымым бар – жеке өзімдікі, ешкімнен ақша сұрамаймын, өз ақшамды пайдаланамын. Зейнеттегі гангстерлер мен қарақшылар ассоциациясы ЗГҚА деп аталады. Жақында біз ассоциация ретінде тіркеле алмайтынымызды білдік, өйткені қауымдастықтың өзіндік тәртібі мен ережесі болуы керек екен. Сол себепті біз атауын одақ деп өзгерттік. Осыған дейін өзіміз ұйымдастырып, ақшасын төлеп, екі адамның бүйрегін ауыстырдық. Одан бөлек, балалардың оқуын төлеуге, «трущобтағыларға» жұмыс табуға көмектесіп тұрамыз.

– Неліктен Бомбей мафиясына жұмыс істеу туралы шешімге келдіңіз? Бұл жолға түсуіңізге не мәжбүрледі?

– О баста бұл жолды таңдаған жоқпын. Мен қара базармен айналыстым, өзіме өзім жұмыс істедім, бәрі тәп-тәуір болатын. Бірақ түрмеге түсіп қалдым, мені бір қызғаншақ әйел ұстап берді. Мені қамап тастады да, төрт ай бойы ұрып-соқты: салмағым 90 келі болатын, шыққандағы салмағым 45 болды, үсті-басым көк ала қойдай, тыртық-тыртық еді. Міне, тура осы кезде мені өздеріне тартты. Бомбей мафиясындағы бір босс, онымен таныс едім, келді де айтты: егер бұдан былай маған жұмыс істесең, мұндай жағдай ешқашан қайталанбайды, Бомбейде енді саған ешкім қолының ұшын да тигізбейді деді. Мен келістім, оның дегеніндей болды. Басқа топтармен талай төбелестер болды, бірақ полиция маған мүлде тиіскен жоқ. Солай, Бомбей мафиясына жұмыс істеу маған қауіпсіздік жағынан көмектесті.

Грегори Дэвид Робертс: «Шантарамның» 1000 беттік қолжазбасын түрме күзетшілері құртып жіберді

Оның үстіне тағы бір қызықшылығы бар – өктемдік. Мафияда жүрсің бе, демек, күш те, билік те сенде. Бандада айналаңда сенімен бірге өлуге дайын, сен үшін жанын қиятын адамдар топтасады. Көшеге шыға қалсаң – елдің бәрі саған жол бергіш. Сенімен байланыса алатын тек басқа банданың адамдары. Күш те, билік те осында жатыр. Еліктіргіш, қызықтырғыш, сені де өзіне тартып алады. 

Бірақ ақыр аяғында  шығып кеттім. Өйткені кәрі боссты өлтіріп кетті, жастары адамдарды тонай бастады. Олардың айтуынша, соншалық қиналып жұмыс істеп не керек – жасанды паспорт, жасанды ақша… Одан да бес бірдей байшыкешті ұрлап әкетейік, біреуін өлтірсек, қалған төртеуі шыбын жаны үшін өзі-ақ ақшаны үйіп-төгіп береді. Мен «бұлай жасағым келмейді» дедім де, шығып кеттім. Олар мені босатуға мәжбүр болды, себебі менің отбасым жоқ еді, сол үшін де мені мәжбүрлей алмады.

– Сіз өмір тарихыңыздың жағымсыз беттері көп болғанына қарамастан, оны соншалық шынайылықпен айтасыз. Әлемге өзіңіз туралы айту қандай, жалпы?

– Енді, бұл қалай дегенде де роман ғой. Мен бастан кешкен шынайы оқиғаларға негізделген, дегенмен бұл жерде жазушылық өнер де бар. Яғни оқиғалар рас болғанымен, кейіпкерлер мен диалогтар ойдан шығарылған. Менің ойымша, адамдарға тәубеге келу мен кінәні мойындау және күнәлі болудың арақатынасын ашып беруге тырысу өте маңызды нәрсе. Біз қазір өкініш те, кінәлі сезіну де, ұят та, ар соты да жоқ дейтін сөздер көп айтылатын қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Бұл дұрыс емес. Меніңше, жаңағы сезімдер белгілі бір мөлшерде біздің алға жылжуымыз үшін моральдық бағыт болуы керек. 

– Өткен өміріңіз қарама-қайшылықтарға толы. Бір жағынан, дәрігер болдыңыз, адамдардың өміріне араша болуға талпынасыз, екінші жағынан, осы өмірлерді улайтын істер істейсіз, сізді  90-жылы Франкфуртке есірткі алып өтпек болғанда ұстады емес пе? 

– Жаһандық қаржылық коллапс жасаған банкирге де тура осы сұрақты қоюға болады. Ал бұлар қиын-қыстау сәттерді бастан кешпеген адамдар. Ол кезде қылдың ұшында жүрдім, менің басыма сыйақы тағайындалған болатын. Полицияға болмай бара жатса атып тастауға рұқсат берілді. Егер олар мені ұстай алса, олар мені өлтіре салар еді, сол үшін оларға ақшалай сыйақы беретін еді. Банкирлер жаһандық қаржылық коллапс жасады дегенмен, оларда бонус бар. Адам – өте күрделі жаратылыс. Жақсы немесе жаман адам деген болмайды, жақсылық, жамандық деген болады. Мен өмірімде екеуін де істедім.

1990 жылы Германияда түрмеде отырғанда жамандықтан арылу туралы ойландым: енді қылмысты да, алкогольді де, есірткіні де, тіпті темекіні де тастаймын. Өз өмірімді жаңа бағытқа бұрып, дұрыс адам болуға, жақсы нәрселер істеуге бекіндім. Содан бері тек солай істеуге тырысып келемін.

– Бұл шешімге келуіңізге түрмеде қандай да бір жағдай болды ма?

– Қашу туралы жоспар құрып, тіпті бәрін ұйымдастырып қойғанмын. Тура қашардың алдындағы соңғы минутта күшімді жинап, күзетшіні залалсыздандыру үшін энергияны дұрыс бағыттау мақсатында медитация жасауға отырдым. Медитация кезінде анамның жүзін көрдім. Полицияның оған менің қашам деп қаза болғанымды айтып жатқанын көрдім. Шешем шаншып кеткендей жүрегін ұстап тұрып қалған… Көзімді аштым да, тоқтауым керек екенін ұқтым. Бұлай өмір сүруді жалғастыра беруге болмайды. Бұл түріммен шешемді өлтіріп тынармын, отбасымды қырып тынармын, бәріне тек ауыртпалық әкеле берем бе?! Мен анау түрмеге мерзімімді өтеу үшін қайта оралуым керек. Мұның қиын болатынын білдім, сонымен қоса, бәріне шыдайтынымды, кітап жазатынымды, оның өте сәтті шығатынын да білдім.

Мені Австралияға экстрадациялады. Қатаң режимдегі түрмеде екі жыл жалғыз отыратын камерада, сосын, тағы да төрт жыл ортақ камерада отырдым. Мені босатқанда қалтамда 1 доллар 41 цент қана бар еді. Бар болғаны сол.

– «Шантарамды» жазуды осы Австралияда бастадыңыз ба?

– Иә.

– Күзетшілермен проблема болған жоқ па?

– Олар екі мәрте қолжазбамды құртып жіберді. Біріншісінде 400 беттік қолжазбамды жоғалттым, екіншісінде 600 беттей болып қалған еді. Айтпақшы, күзетшілердің арасында да түрлі адамдар болды. Мен өмірімде кездестірген сыйлауға тұрарлық адамдардың бірі – түрме күзетшілері. Олардың арасында қамаудағылармен адамша сөйлесу керек екенін дәлелдеп баққан әйелдер де, еркектер де болды. Бұл жағынан олар қамаудағылардың құрметіне де, әріптестерінің қолдауына да ие болмайды. Сол үшін де бұлар өте құрметті адамдар.

– Сіз қазір жаңа кітап жазып жатқандықтан Мумбайға келдіңіз бе?

– «Шантарам» – қуғын тақырыбына арналған трилогияның екінші кітабы. Бірінші кітап – қайшылық (конфликт) туралы болады. Ал қазір жазылып жатқан үшіншісі – үйге оралатын жолды іздеу туралы. Менің трилогиямның жалпы құрылымы осы.

Жозеф Кэмбелл атты философ бар, сіздер естідіңіздер ме, жоқ па, «Герой с тысячу лиц» деген кітап жазды. Үнділерден бастап, австралиялықтарға дейін, Үндістаннан Норвегияға дейін әлем халықтарының мифтерін зерттеген. Ол бүкіл мифтің құрылымы бір екенін анықтайды. Қыздың яки жігіттің туған үйін, ауылын тастап кететіні туралы қайшылық (конфликт) бар. Сосын – қиындықпен, қуғын кезінде көрген азаппен келетін тәжірибе. Ақырында – оларды үйіне апарар жол – ізденіс (поиск). Оралу. Міне, осы құрылымды: конфликт, қуғын, оралуды – трилогияма пайдаланамын. 

– Трилогияңыздың бірінші бөлімі туралы не айтасыз?

– Егер жеткілікті түрде ұзақ өмір сүрсем, бірінші бөлімін де жазамын – Шантарам Үндістанға дейін не істеді, не болды? Австралиядағы өмірі, қалайша қылмыскер болды, түрмеге қалай түсті, қашып шығып, Жаңа Зеландияға аттану. Кітап оның Үндістанға келуімен аяқталады.

– Тағы да өмір сүру мүмкіндігі берілсе, қай нәрсені басқаша жасар едіңіз?

– Бар күшіммен ешкімге ауыртпалық келтірмеуге тырысар едім. Әлдекімдерге азап сыйлаған әрбір сәтім үшін өкінемін. Түндегі төбелестер, наркотикті қалай сатқаным, жасаған барлық қылмыстарым есімде. Егер қайтадан өмір бастайтындай болсам, ешкімге ауыр тиетіндей ештеңе жасамауға және адам сияқты өмір сүруге тырысар едім.

            Әңгімелескен Людмила Горчакова және Виктория Заволжская

Аударған Алмас НҮСІП

Фотолар интернеттен алынды.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.